«Сыбағаның» пайдасын көрді (ВИДЕО)

01.11.2018
Қаралды: 442

Малдың бабын тапқан сайрамдық шаруа Мырзали Усманов ірі қара мал басын көбейтіп, бордақылаудан басқа, егіншілікпен де айналысып отыр.

 

Қазақ халқы ықылым заманнан төрт түліктің тұқымын бұзбай, асылын жоғалтпай, жаз жайлауы мен қыс қыстауын, көктеуі мен күздеуін алдын-ала белгілеп отырды емес пе? Егемендік алған алғашқы жылдардағы қиыншылық кезеңде бұл үрдіс ұмыт бола бастаған еді. Сондықтан да мемлекетіміз асыл тұқымды мал өсіруге ерекше назар аударып, қолдау көрсетуді қолға алды. Осы орайда асыл тұқымды мал өсіруге, мал басын көбейтуге бағыттал­ған «Сыбаға», «Алтын асық», «Ырыс» секілді бағдарламалар дүниеге келді. Бұл бағдарламалар көпұлтты Сайрам ауданына да серпін берді десек болады.

 

Сайрам халқының басым көпшілігі негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Оның ішінде ірі қара, қой, жылқы, түйе және құс, ішінара суармалы егіншілік, дәнді дақылдар, жем-шөптік дақылдар бұл өңірде едәуір дамыған. Өйткені өлке тұрғындары еңбекқорлығымен ерекшеленеді.

 

Біз бүгін Қарасу елді мекенінде тұратын Мырзали Усмановтың шаруа қожалығы туралы әңгімелемекпіз.

 

– «Үмірәли ата» шаруа қожалығы 2003 жылы жұмысын бастады. Ол кезде жаңадан ашылған қожалықта 20 бұқашық қана болды, – дейді М.Усманов. – Кәсіпті қолға алып, енді оны ары қарай өркендету үшін едәуір қаржы керек еді. Сөйтіп көптің талқысында жүрген «Сыбағадан» өз сыбағамды алу үшін тиісті құжаттарымды «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына» өткіздім. 2 миллион теңге несие алдым. Өзіміздің Қарабұлақтан ақбас бұқа, «Әулиекөл» деп аталатын түрлерінен тағы қырыққа жуық бұқа сатып алдым. Осылай жұмыс қарқыны да күшейе түсті. «Сыбағадан» ал­ған жеңілдетілген несие бүгінде толық өтелді. Қазір мал басы 520-ға жетіп отыр.

 

15 жылдан бері тек өгізше өсіремін, етін бордақылап сатамын. Қарбыта жейтін ірі қараның азығы – жоңышқа мен бидайды өзім егемін. Елу соттықты алып тұрған қорадан бөлек қожалықтың иелігінде 6 гектар жер бар. Оның 4 гектарына жоңышқа, 2 гектарына бидай егіп жүргеніме он жылға жуықтады. 520 бұқаның салмақ жоғалт­пауын, ауырып қалмауын қадағалау, тағы басқа жұмыс үлкен күшті талап етеді. Қораны тазалау, малға азық әзірлеу, су беру, тұз жалату, тағысын тағы осы секілді шаруаларды 8 жұмысшы атқарады. Оларға айына 80 мың теңгеден жалақы төленеді.

 

Есептеп қарасам, бір бұқаға айына орта есеппен 70 мың теңге шығын кетеді екен. Ал бұқаның өз бағасы 240-250 мың теңге тұрады. Оған қоса жұмысшылардың жалақысы, үкіметке салық, малға егілетін дәрі-дәрмек, бордақылау бекетінің қызмет ақысы, жем-шөп егу, оны жинап алу, техникаларға құйылатын май, бәрі-бәрі қыруар қаржыны құрайды. Бұқаны бордақылауға дейін 6 ай бағамыз. Салмағы 700-900 келіге жеткен соң бордақылау бекетіне жөнелтеміз. Онда бір сойғанда 40-50 басты бордақылайды. Еттің келісін 1340 теңгеден Шымкент, Алматыға жібереміз. Негізі тапсырыс Алматыдан көбірек түседі. Олар Шымкенттің етін өте сүйсініп, іздеп жейді ғой. Тапсырыс болмай қалған жағдайда әбден семірген өгізшелерді тірідей сатып, шаруашылыққа керек-жарақтарды түгелдеп қоямыз. Осылай адал ризықты еңбекпен тауып отырған жайымыз бар».   

 

Мырзалы Усмановтың алдағы уа­қытта мал санын мың басқа дейін арт­тырып, қора жайын кеңейткісі келеді екен.

 

 

«Алдағы жоспар – мал санын көбейту. Оған қоса халыққа сапалы ет өнімдерін ұсыну. Жылқы басын да көбейтуді жоспарлап отырмын. Әзірге 28 бас жылқы бар. Енді мемлекеттік «Құлан» бағдарламасына қатысқым келіп жүр. Сонымен бірге өткен жылы ауылдан жабық спорт алаңын ашқан болатынмын. Ауыл тұрғындары, жастар салауатты өмір салтын ұстансын, уақыттарын текке өткізбесін деген ниетте осы істі бастадым. Халық үйре­нісіп келеді. Алаңдағы футбол, волейбол және баскетбол алаңдарына оқу­шылардан бастап, қызметкерлер де келіп бір сәт шынығып кетуде. Ішіне табиғи газон төселіп, жаттығу аппараттары қойылған. Қаржысы да қалта көтерерлік бағада», – дейді кәсіпкер Мырзали Усманов.

 

«Халықты асыраушы – ауыл» деген Елбасы сөзінен кейін ауыл кәсіп­керлеріне арналған жеңілдетілген несиелер беріле бастады. Бүгінгі таңда мемлекет еңбек етемін, шаруамды жүргіземін, сөйтіп егемен елімнің өр­кендеуіне өз үлесімді қосамын деген әрбір азаматқа барынша жағдай жасауда. Осының нәтижесінде шағын несие алған жекелеген азаматтар шаруасын шалқытып отыр. Бұған несиені тиімді пайдаланып, өздерінің жеке ауласында мыңғыртып мал өсіріп, ірі қара бордақылап, ет өндіріп, шаруасын дамытып отырған сайрамдық шаруа Мырзали Усмановтың тіршілігі толық дәлел бола алады.

 

Д.МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ