Кітапханалар заманауи сипатқа ене бастады

22.09.2018
Қаралды: 62

Кітаптың орнын компьютер басқан бүгінгі заманда кі­тап­ханалардың есігі сирек ашыла бастағаны белгілі. Нешеме жылдардан бері адамның рухани азығына айналып келе жатқан кітаптардың сөрелерде шаң басқан күйі жатқаны жасырын емес. Қазіргі таңда кітап ордаларын заман талабына сай жаңғырту ақырындап жүзеге асырылуда. Яғни бүгінгі кітапханалар тек кітап беретін орын болып қана қоймай, адамдар ақпарат алатын, бірлесе жұмыс жасайтын, ойын, білім, ғаламторды ұштастырған заманауи орынға айналуда.

 

Осы тұрғыда жастар мен балаларға арналған коворкинг орталықтарының ашылуы қолға алынып келеді. Мұндағы мақсат – кітапхананың қызмет көрсету деңгейін еуропалық тәжірибеге негіздеу. Десек те, тілдік қолданысқа енді ғана еніп жатқан «коворкинг» сөзінің мән-мағынасын да, коворкинг орталығының не екенін де түсіне алмай жатқандар жетерлік. Кітапханалардағы коворкинг орталығы дегеніміз – заманауи ақпараттық құрылғылармен жабдықталған, адамның бос уақытының пайдалы әрі тиімді өтуіне негізделген орын. Әлбетте, мұндай жерлердің жастар үшін берері мол.

 

Осындай коворкинг орталығы ағымдағы жылдың шілде айында «Нұр Отан» партия­сының «Кітапхана – заманауи білім орталығы» жобасы аясында Шымкент қаласындағы «Отырар» облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының ішінен ашылған болатын. Кірген бойда адамға жайлы әсер сыйлайтын кітапхана дәлізінде қазақи нақышта жабдықталған бөлме, соған көршілес «Ақерке» балалар залы және коворкинг орталығы қатарымен орналасқан. Аталған орталықта оқырмандар ақпараттар жинақтап, жеке шығармашылық жұмыстармен айналыса алады, бейнефильмдер көріп, ғаламтор желісін қажетінше пайдалануға мүмкіндік бар. Ал конференция бөлмесінде кез келген адам іскерлік жиындар мен басқосулар ұйымдастыруына болады. Сол секілді «Ақерке» балалар залы да маңайдағы кішкентай тұрғындар үшін өз пайдасын ти­гізуде. Келушілер бос уақыттарында бұл жерде шахмат ойнап, конструкциялар құрас­тырып, ақыл-ойды дамытуға арнал­ған ойын түрлерімен айналыса алады.

 

«Бұл жер балалар үшін өте қолайлы орынға айналды. Қолдары қалт етсе, осы жерге бас сұғып, уақыттарын өткізеді, ертегі оқиды. Ал мұндағы қазақша бөлмемізде асық атады, бірігіп ойын ойнайды» – дейді кітапхана қызметкерлері.

 

Дәл сол секілді Түлкібас аудандық балалар кітапханасынан таяуда ғана ашыл­ған тағы бір коворкинг орталығы көз қуантты. Мұнда балалар уақытының тиімді өтуіне барлық жағдай жасалған. Интернет желісі іске қосылған бұрышта ғаламтормен жұмыс істеуге жайлы орын жасақталса, шағын балалар кинозалында балалардың танымына сәйкес дүниелерді көруге болатын бөлме бар. Арнайы компьютерден сабаққа қажетті кез келген материалдарды алуға болады. Балалар үшін зиянды, қажетсіз ақпараттар легіне арнайы ба­қылау қойылған. Балалар әдебиеті, газет-журналдар қатарына ермексаз, бояу дәп­терлері, тоқуға арналған бисерлер мен моншақтар, түрлі-түсті қағаз және осы дүни­е­лерден жасалған балалар туындысы да жоқ емес.

 

Ең қызықтырғаны – «Даналық әліппесі» деп аталатын «сөйлейтін» кітап. Бұл оқу-тәрбие кешені арқылы кез келген жеткіншек ана тілінде бесік жырынан бастап, бабалар сөзіне дейін тыңдай алады. Оқу құралы бала бойына халық даналығын сіңіретін 12 кітаптан тұрады. Оған қоса домбыра мен қобыз үнін шертіп, халық ертегілерін, аңыздар, жырлар мен халық тағылымдары жайлы сөйлейтін қаламы да бар.

 

«Коворкинг балалар алаңы кітапха­наларды руханият ошағына, замануи білім орталығына айналдыру мақсатында «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалының бастамасымен және аудан әкімінің қолдауымен ашылды. Мұнда балалардың кітап оқуымен қатар, еркін демалуына, уақыттарын тиімді пайдалануларына, өзара тәжірибе алмасуларына, шығармашылықтарын жан-жақты жетілдіруіне барлық жағдай жасалып отыр. Жоғары жылдамдықтағы тегін WІ-FІ желісіне қосылу арқылы балалар ғаламтордан өздеріне керекті дүниелерді, электронды кітаптарды, қажетті мәліметтерді ақысыз жүктей алады. Сол секілді қолөнермен айналысып, шахмат ойнайды. Электронды қаламы бар кітаптардың көмегімен сөздік қорларын молайтуға, көркем ойлауға, ал кинозалдағы теледидардан пайдалы бағдарламалар мен мультфильдер көруге мүмкіндік бар. Мұның өзі балалардың әлеуетін арттыратын, олардың  білімді, креативті болуына жасалған маңызды қадам. Бұл бір жағынан кітапхананың мобильді қызмет атқаруына, жұмысының жаңғыруына, қо­ғамдағы рөлінің артуына, кітапхана қыз­метіне деген сұраныстың артуына да сеп болады», – дейді Түлкібас аудандық балалар кітапханасының меңгерушісі Майра Қожамқұлова.

 

Бастысы, бүгінгі әр қадамымымыз ақ­шаға айналған заманда мұның барлығы тегін. Соған қоса, бос сенделгендер үшін уақытты тиімді өткізудің тамаша тәсілі. Алдағы уақыттарда осындай орталықтар мен оларға келетіндердің қарасы көбейіп жатса, нұр үстіне нұр болары даусыз.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ