Балалар темір жолы терең ойлануды қажет етеді

22.09.2018
Қаралды: 123

Кешегі аптада Қазақстанның Құрметті сәулетшісі Ас­қар Мамырбаев Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымовқа Ашық хат жолдады. Әлеу­меттік желі арқылы жолдан­ған хатта Асқар Смайылұлы қаладағы балалар темір жолы жайлы мәселе қозғайды. Сәулетші онда әкімге тиімді ұсыныс айтады.

 

«Құрметті Ғабидулла Рахматуллаұлы!

 

Өзіңізге белгілі, қаланың қалыптасуы кезең-кезеңмен белгілі бір қала құрылысына ықпал ететін өндірістердің дамуына байланысты ұлғайып, қазіргі таңда миллиондық межеге жетті. Алып қаланың алғаш­қы әкімі ретінде мегаполистің өсіп, өркен­деуіне бар күш, жігеріңізді салатыныңызға сенімдімін. Өйткені өзіңізбен қызметтес бол­ған бір жылға жуық уақыт маған сондай сенім қалыптастырды. 

 

Шымкент қаласының байырғы тұрғыны ретінде және маман ретінде, Сізге қаладағы Ғ.Мұратбаев атындағы балалар темір жолының жайы туралы өз ойымды жеткізгім келеді. Құрылысы 1979-жылы басталып, 1980 жылдың мамырында пайдалануға берілген балалар темір жолы сол кездегі одақ көлемінде ауқымы мен ұзындығы жөнінен алғашқы орынды иеленіп, тұрғындардың көз, көңіл қуанышына айналған болатын. Көптеген жылдар бойы тек жолау­шылар тасымалы ғана емес, сонымен бірге болашақ теміржолшылардың алғашқы оқу баспалдағы да бола білді. Арада біраз уақыт салып, 2015-жылдың маусымында пайдалануға қайта берілген теміржол жұмысы көпке ұзамай қайта тоқтады. Содан бергі уақытта стансалар да, темір жол да тозып барады. Естуімше, бұл жерді веложол есебінде қайта құрады дейді. 

 

Әдетте веложолдардың көпқабатты тұр­ғын үй кешендеріне, көлік қатынасы дамыған және соған қажет деген аумақтарда, түнгі жарығы мол жерлерге салынатынына үйреніп қалғанбыз. Солай болуы керек те. Ал балалар темір жолы негізінен аз қабатты үйлер аумағынан өтеді және жер бе­деріне байланысты кейбір жерлерде биіктігі 10-12 метр болатын қолдан жасалған жарқабақты аумақтардан өтеді. Сондықтан қауіпсіздік мәселесі де туындайды.

 

Екіншіден, ара қашықтығы 6 шақырымдық жолдың бірнеше жері үлкен автожолдармен қиылысады. Ол жерлерде міндетті түрде эстакада немесе жерасты жолдарын салуға, дендросаябақтан өткен жердегі көпірді бұзып, қайта құруға тура келеді. Веложол үшін осыншама шығын жасау қажет пе? Ал темір жолды қайта құруға көп шығынның қажеті жоқ. 2015-жылы небәрі 26 күнде қайта жөндеп, пайдалануға берген жоқ па? Мен осы жолды жобалауда, құрылысын салуда басы-қасында жүрдім. Алты шақырымдық жолды күнде жаяу жүріп өтетінмін. Кеше сол әдетіме басып, сол жолды арада 38 жыл өткенде қайта жүріп өттім. Шаршадым. Физикалық емес, моральдық тұрғыда! «Спортивный» стансасы тозған, айналасы қоқыс, вагондардың терезелері шағылған. Темір жол орнында. Кей тұстарын  тұрғындар жауып, шарбақтар орнатыл­ған. Тиісті органдардың бақылауынан тыс қалып, жерді басып алуға жағдай жасал­ған.

 

Темір жолдың Т.Рысқұлов көшесімен қиылысынан бастап,  А.Байтұрсынов көше­сіне таяу маңға дейінгі 1100 метр бөлігінің рельстері түгелімен алынған. Соңғы бір ай көлемінде. Сіздің пәрменіңізбен бе, білмедім. Басқа жері сау. Үлкен көшелермен қиылыс­қ­ан тұстары асфальттаныпты. Темір жолға жақын жүргізіліп жатқан құрылыс алаңы жол үстін жауып тастаған. Жолдың әрі қарайғы бөлігінің жайы қанағаттанарлық.

 

Екі стансаның аумағы (3 және 2 гектар) балалар саябағына сұранып тұр. 

 

Әңгімемді қорытындылай келе, Сізден сұранарым: осы мәселеге байланысты қоғамдық талқылау өтсе, тиісті мамандар мен қоғамдық ұйымдар басшыларының ұсыныс­тарын тыңдай отырып шешім жасасаңыз. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дейді дана халқымыз.

 

Сізге деген құрметпен, Қазақстанның құрметті сәулетшісі А.Мамырбаев. 12.10.2018 ж».

 

...Белгілі сәулетші Асқар Мамырбаев осылай дейді. Ал сіздің осы мәселе бойынша әкімге айтар ұсынысыңыз бар ма? Шым­кенттегі балалар темір жолына қатысты айтар ойыңыз, пікіріңіз болса, біз оны да газет бетінде жариялауға дайынбыз.

 

Д. ӨМІРБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ