Сайрамның жиһаздары Қырғызстан мен Әзірбайжанға жөнелтілуде

24.09.2018
Қаралды: 226

Өткен жылы Сайрам ауданының орталығы Ақсукент ауылында жаңа жиһаз фабрикасы іске қосылған болатын. «Bella Mebel» деп аталатын кәсіпорын жылына 4 мың комплект корпусты және жұмсақ жиһаз шығаруға қауқарлы екен. Ол үшін Германия, Италия, Түркия, Қытай, Ресейден арнайы құрал-жабдықтар әкелініп, қазір өндіріс италиялық технологиямен жұмыс істеуде.

 

Құны 506 миллион теңге болатын жобаның 300 миллионын кәсіпкер Абдумалик Рахманқұлов «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында алыпты.  Фабрика өнімдері сапа менеджменті  арқылы экологиялық таза деген сертификатпен расталған. Өйткені өндіріс ор­ны итальяндық дизайнерлердің қатысуымен экологиялық таза материалдарды және сенімді компоненттерді пайдалана отырып, тұтынушыға тек жоғары сапалы жиһаз ұсынады.

 

Былтыр жыл соңында жұмыс бастаған кәсіпорында нендей жетістіктер бар, отандық тауар белгісімен шетелге экспорт шығарды ма деген сауалдар тө­ңірегінде «Bella Mebel» фабрикасының басшысы Абдумалик Рахманқұловпен сұхбаттасуға ниет білдіргенбіз. Бірақ ол кісі Қытайға іс-сапармен ұшып бара жат­қанын айтып, орынбасары Дильдора Нуриддиновамен сөйлесуімізді сұранды.

 

– Дильдора, кәсіпорынның жұмыс бастағанына бір жылдан асыпты. Жұмыс барысына көңілдеріңіз тола ма?

 

– Жалпы, кез-келген зауыт, фабрика, компанияларда көңіл толарлықтай жұ­мыс жүруі үшін кемінде үш жыл уақыт керек. Осы уақыт ішінде аяққа тұрып, жұмыс жүйесін қалыптастырып, нарыққа терең бойлап үлгеру қажет. Айтады ғой, өз жұмысын бастаған 10 компанияның 7-еуі бірінші бесжылдықта құлдырай бастайды деп. Сондықтан біздің мақсат – қандай да бір қиындықтарға мойымай төтеп беріп, төрт аяқты тең басу.

 

Қазір біздер енді ғана тәй-тәй бас­қан сәби секілдіміз. Үйренеріміз көп, атқарылар шаруа жетерлік. Үйренуге қатыс­ты айтарым, фабрикадағы жаңа технологиялардың тілін үйретуге Италия мен Албаниядан арнайы мамандар шақырттық. Олар 120 жұмысшымызға станоктардың тілін түсіндіріп, тәжірибе бө­лісіп кетті.

 

Жұмыс бастаған алғашқы уақытымызды үйренуге жұмсадық десек те болады. Осы ретте өндірісте 120 жұмысшы болса, оның ішінде 41 адам «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіп­керлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында жұмыспен қамтылғанын айта кеткім келеді.

 

Фабрика қандай үлгідегі жиһаздар шығарады?

 

– Жиһаздарымыз италиялық үлгіде жасалынады. Жұмыс бастаған кезде «Bella Mebel» каталогына 24 модельді толтырып, әр модельден кемі 50 ком­плект жасауды көздеген едік. Сол межені бір жыл ішінде орындадық. Бүгінде «Bella Mebel» күніне 25 дана матрас, 7 ком­плект жұмсақ жиһаздың барлық түрін шығарады. Бұған корпусты жиһаздар, яғни жатын, қонақ, балалар және демалыс бөлмелері, асүй мен кіре беріске арналған дивандар мен шкафтар кіреді. Бұлардың әрбірінен тәулігіне кемі 15 данадан өнім шығарылады.

 

Өнімдеріңізді Қазақстанның барлық өңірінен сатып алуға бола ма? Бағаларын білсек?

 

– Иә, Қазақстан бойынша Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Түркістан қалаларында қоймаларымыз бар. Аламын деушілер «Bella Mebel.kz», «OLX» сайттарынан тапсырыс бере алады. Мәселен, Қостанайда тұратын алушымыз жарнама сайттарындағы операторлар арқылы біздің есеп-шот нөмірімізді алып, ақша аударған соң «квитанциясымен» Астана қаласындағы қоймамыздан қалаған тауарын алып кете береді. 

 

Жалпы, біздің тұрақты сатып алушыларымыз Қызылорда, Тараз, Жетісай және Алматы қалаларынан. Осы қалалардан тапсырыс жиі түседі.

 

Бағасына келер болсақ, ең арзан жатын бөлме жиһазы – 150 мың, қымбаты – 600 мың теңгені құрайды.

 

– Сатып алушылар үшін ерекше жаңалықтарыңыз бар ма? Мәселен, акция­лар, жеңілдіктер дегендей...

 

– Кәсіпорында акциялар ұйымдастырылып тұрады. Ай сайын жаңа өнім түрін жасауды қолға алғалы біраз болды. Ал әр өнімнен 50-100 комплектідей жиһаздар дайындалады. Сауда деген сан құбылып кететіні бар емес пе? Кейде өтіңкіремей қалатын кездерде акция өткіземіз. Сондайда 380 мың тұратын зат 285 мың теңгеден сатылып жатады. Жоғары сапалы тауарды мұндай төмен бағада алып отырған тұтынушыларымыз жеңілдіктерді жиі жасауымызды сұранады.

 

–     Қазақстанда жиһаз нарығына бәсекелікті қалай бағалайсыз?

 

– Біз күн астында барлығына орын бар деген саясатты ұстанамыз.

 

–     Алдағы уақытта кәсіпорын дамуының келешегі қандай?

 

– Ең алдымен «Даму» қоры, «Атамекен» кәсіпкерлердің ұлттық палатасының қызметкерлеріне, аудан әкімдігіне компанияның даму стратегиясын дұрыс арнаға бағыттауға өз уақытында көмек бер­гендері үшін зор алғысымызды білдіргіміз келеді. Олардың көмегімен жуырда ғана Әзірбайжан мемлекетімен миллион евроға келісім-шарт жасастық. Сөйтіп миллион евро тұратын тауар таңбалы 119 комплекті өнімімізді Қырғызстан және Бакуге экспорттап, алғашқы әрі үлкен қадамымызды сәтті орындадық. Бұл іс-шараны ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасының Сыртқы сауда палатасы және Өңірлік кәсіпкерлер палатасы болатын. Осылай біздер шетелдік серіктестермен іскерлік байланыс орнаттық. Мұндай байланыстар әлі де жалғасын таба беретініне сеніміміз мол.

 

Енді қараша айында өнімімізді Ресейге экспорттауды жоспарлап отырған жайымыз бар. Сол үшін қазір қызу жұ­мыс­тар жүріп жатыр. Сонымен қатар заманауи станоктардың қатарын толықтырмақпыз. Желтоқсан айында бір өзі кез-келген модельді жиһаз жасай алатын станок келеді. Содан кейін жұмыс жүйесі бұрынғыдан да жандана түсетін шығар деген үміттеміз.

 

Әр қаладан дүкен ашу жөнінде тиісті шаруалар белсенді жүріп жатыр. Енді «Bella Mebel» тауар белгісімен шығатын фабриканың өнімдерін алдағы бірер жылда еліміздің барлық аймақтарындағы жиһаз дүкендерінен сатып алуға болатынын айта кеткім келеді.

 

– Сұхбатыңызға рахмет!

 

...Жалпы, Сайрам ауданындағы өнеркәсіп құрылымының 86 пайызын өңдеу өнеркәсібі құраса, оның ішінде жиһаз шығару саласындағы үлес 1 па­йызды ғана иеленеді. Енді «Bella Mebel» өнім көлемін 600 миллион теңгеге дейін арттырып, өңдеу өнеркәсібіндегі үлесті 3 пайызға дейін көтерген.

 

Фабрика өткен жылдың қыркүйегінен жыл соңына дейін 628 комплект шығарып үлгеріп, бюджетке 8,4 миллион теңге салық төлепті. Биыл, яғни 9 ай ішінде 4296 комплект жиһаз өндіріп, 13,175 миллион теңге көлемінде салық төлеген. Кәсіпорын қарқыны дәл осылай жалғаса берсе, шетелдіктер Сайрамдағы фабриканың тұрақты тұтынушысына айналатын күн алыс емес сияқты.

 

Сұхбаттасқан – Дана МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ