Облыс орталығында көпқабатты үйлер бой көтереді

19.09.2018
Қаралды: 135

Түркістан қаласында тұрғын үйлер салу бағытында  көрсеткіштер ұлғаюда. Бүгінге дейін дейін қала аумағында 2 миллион 762 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынған болатын. Енді Түркістан қаласынан 100 гектар жер бөлініп, бүгінде онда «Отырар» шағын ауданы бой көтеріп келеді.

 

 

Қазіргі таңда аталған шағын ауданда 5 қабатты 11 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Мұндағы 1 үйдің сметалық құны – 372930,40 мың теңгені, 11 үйдің жалпы сметалық құны 4 102,12 миллион теңгені құрап отыр. Ал, жалпы тұрғын үйдің аумағы 7,4 гектарды құрайды.

 

Салынып жатқан үйлердің әрқайсысы 1,2,3 бөлмелі 60 пәтерден тұратын болады. Құрылысты алты мердігер мекеме, атап айтсақ, «Шұғыла 2002», «Шымкент Құрылыс», «Стройсервис ХХІ», «Компания Три А», «Құрылыс сервис СК», «Ныш-Ер» серіктестіктері жүргізіп отыр. Келесі жылы аталған пәтерлердің құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілетін болады.

 

Сонымен қатар осы шағын ауданда 5 қабатты 540 пәтерлі 9 тұрғын үйдің құрылысына мемлекеттік сатып алу басқармасы конкурс жариялады. Қазір оған арнайы жер бөлініп, инфрақұрылым тарту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ жеке инвестордың есебінен «Отырар» шағын ауданында 5 қабатты 6 ипотекалық тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Мердігер – «Ажар Trade» серіктестігі.

 

Бұл үйлердің барлығының құрылысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылып отыр. Алдағы жоспарға сәйкес, әкімшілік-іскерлік орталығы түсетін қаланың батыс аумағынан, яғни 640 гектарды құрайтын аймақтан 2520 пәтерлі 42 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын салу жоспарлануда. Олар қалада үй кезегінде тұрған адамдарға беріле­тін болады. Мұндай азаматтардың саны қала бойынша 8 мыңға жуық екен.

 

Алдағы уақытта осы аймақтан  жалпы аумағы 670 гектарды қамтитын әкімші­лік-іскерлік орталық салынатын болады. Оның ішінде іскерлік орталық – 60 гектарды, қоғамдық орындар, саябақтар, аллеялар 40 гектарға жуық аумақты қамтымақ. Әлеуметтік қоғамдық көпшілік нысандардан жалпы саны 26 ғимарат салу жоспарда бар. Олардың қатарында мәдени, спорттық, ойын-сауықтық ғимараттары болады. Қалғанына тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар орналасатын болады.

 

Қысқасы, Түркістан қаласы мем­лекет­тік қолдаудың арқасында  келешекте экономикасы нығайған, сәулеті мен сәні ерекшеленген жаңа шаһарлардың біріне айналғалы отыр.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ