Түркістанның әлеуеті тың серпінмен өрлейді

20.09.2018
Қаралды: 124

Киелі Түркістан жаңа мәртебеге ие болғалы бері қаланы же­тілдіру мақсатында білім, денсаулық, мәдениет, спорт секілді бірнеше салаларды дамыту қажеттілігі алғашқы орынға шығып, түрлі құрылыс нысандарын салу жоспарлануда. Алғашқы қадам – қаланың бас жоспарын бекіту, содан соң қажетті қаржы қаралып, алдағы жылы құрылыс жұмыстары жүргізіле бастайды. Сөйтіп қала әрі көркейеді, әрі үлкейеді.

 

Жалпы, Түркістан – бүгінге дейін де  қанатын кеңге жайып, күн өткен сайын күш алып келе жатқан қала. Оны байқау үшін  еліміз егемендік алған алғашқы жылдарға көз тастап көруге болады. Мәселен, 46 этнос өкілі өмір сүретін Түркістанда халық саны жыл сайын артып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мұнда  80 мыңдай тұрғын болса, қазіргі күні олардың саны 163 мыңға жақындағаны сөзімізге дәлел. Сәй­кесінше, содан бері қарай қалада 38 мектеп ғимараты, 58 мектепке дейінгі мекемелер ашылып, балаларды балабақшамен қамту көрсеткіші 83,5 пайыздан асты. Бұған дейін медицина саласында 23 денсаулық сақтау нысаны салынса, бұқаралық спортты  дамыту мақсатында 49 нысан пайдалануға берілді. Енді алдағы уақытта өңірде сауда-логистикалық орталығын салу үшін 20 гектар жер бөлініп, жалпы құны 4.92 миллион теңгені құрайтын 10 жоба орналастыру жоспарланып отыр. Межеленген уақытта орталықта мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, 1,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріледі деп күтілуде.

 

Иә, Түркістан ақырындап алға басып келеді. Бұрын бұл қалада орталық жылу жүйесі жоқ болғандықтан көпқабатты пәтер тұрғындары өздері үйден от жағып отыруға мәжбүр болатын. Бұл мәселе 2009-жылы қолға алынып, содан бері тұрғындарға бір орталықтан жылу беріле бастады.  Сондай-ақ ауыз су құбырының жалпы қашықтығы осыған дейін небәрі 150 шақырымды ғана құрағандықтан көптеген үйлер суды тасып ішетін. Бүгінгі күні оның қашықтығы 2000 шақырымға жетіп, қазір қала тұрғындарының 94,1 па­йызы таза ауыз су тұтынып отыр. Сонымен қатар, сарқынды су жүйесі бұрын бар-жоғы 55 шақырымды ғана қамтып, оған бір ғана мөлтекауданның үйлері қосылған еді, бүгінде қалада жаңадан сарқынды су стансасы салынып, қосымша 73 шақырым негізгі сарқынды су жүйесі тартылды.

 

Түркістан қаласын абаттандыру да толастамайтын жұмыстардың біріне айналды деуге болады. Қаладағы демалыс орындары мен көрікті нысандардың қатарын көбейту мақсатында өткен жылы «Түркі бағы», «Рәміздер алаңы» пайдалануға бе­рілген еді. Шаһар орталығындағы «Жеңіс» саябағы да күрделі жөндеуден өткізіліп, онда спорт алаңшасы салынған болатын. Енді жақын күн­дері «Парасат» бауы да соңғы үлгіге сай жасақталып, осылардың қатарына қосылатын болады. Бұл жұмыстардың барлығы қалаға ат басын бұ­ра­тындар санының көбеюіне септігін тигізері анық. Өткен жылдың өзінде мұнда 1 миллионнан астам туристер ағылыпты. Бұл көрсеткіштің алдағы күндері одан да жоғарылайтыны белгілі.

 

Сондай-ақ қазіргі таңда қала ішінде 875 көше, 764 шақырым жол бар. Олар жыл сайын мүмкіндігінше ағымдағы жөндеуден өткізіліп жатады. Қазіргі таңда бірқатар орталық көшелерде бағдаршамдар орнатылып, бес көше абаттандырылып қойды. Биылғы жылға жол саласын дамыту, қала көшелеріне күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджет есебінен 1135,1 миллион теңге қаржы бөлінген болса, осы бағытта 21 көшеге ағымдағы жөндеу, ал 46 көшеге тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Ал алдағы жылдары қаланың бірқатар ішкі көшелерінде құрылыс жұмыстарын жүргізу, оның ішінде 90 шақырымды құрайтын 55 көшені және 23 шақырымды құрайтын негізгі көшелерді кеңейту, Отырар ауданы, Кентау қаласы, Балтакөл, Қарнақ ауылдарынан қалаға кіретін республикалық және облыстық маңызы бар жолдарға толықтай күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.

 

Сонымен қатар Түркістан қаласы қайта өңдеу өнеркәсібін жетілдіру барысында біршама табыстарға қол жеткізді. Қала аумағында ауыл шаруашылығы өнімдерін өң­дейтін кәсіпорындардың саны да артып келеді. Мысал ретінде тәтті бәліш, нан, түрлі шұжықтар, ысталған ет, тауық еті, ірімшік, айран, қаймақ, балмұздақ, мақта майы, тосап секілді 20-дан астам түрі бар азықтық өнімдер осы қаладан шығарылатынын айта кетуге болады. Бұдан бөлек, Түркістанда өндірілетін күнделікті тұрмысқа қажетті сабын мен медициналық мақта да еліміздің көптеген аймақтарына таралуда.

 

Алдағы жылдары атқарылар шаруа көп, солардың бірі – тұрғындарды табиғи газбен қамту жұмыстары толықтай шешімін таппақ. Жалпы, қаланы газбен қамтамасыз ету жұмыстары үш кезеңмен жүзеге асырылады. Бүгінгі таңда бірінші кезең іске асырылды. Нәтижесінде 7500 абонент «көгілдір отынды» пайдаланып отыр. Ал екінші және үшінші кезеңнің магистралды және квартал ішіндегі газ жүйелері құрылысын 2020-жылы аяқтау межеленуде. 

 

Осыншама жұмыстарды жүргізуге септігі тиіп жатқан қала бюджетінің көлеміне тоқталар болсақ, 1991-жылы 2 миллиард тең­гені құраған көрсеткіш бүгінгі күні 36 миллиард теңгеден астам сомаға жеткен. Ал жалпы өңірлік өнім көлемі тәуелсіздік жылдарының басында 3 миллиард теңгені құраған болса, бүгінде 108,5 миллиард теңгеден асып отыр. Сол секілді негізгі капитал­ға бағытталған инвестиция көлемі алғашқы жылдары бүгінгі бағаммен есептегенде 56 миллион теңге болса, қазіргі таңда 22,1 миллиард теңгеден асады. Өнеркәсіп өнімі көлемі де 253,2 миллионнан 14,8 миллиард теңгеге жетіп отыр.

 

...Еліміз тәуелсіздік алған 27 жыл ішінде Түркістан қаласы осылайша қадамын нық басып, өз жолымен өркендеп келеді. Десек те алда атқарылуы тиіс қыруар шаруа жатыр. Себебі Түркістан –  енді тек рухани ғана емес, саяси да орталық. Алдағы уақытта оның дамуына үкімет те мейлінше мол назар аударатын болады.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ