Түркістан мен Алматы арасында туристік пойыз қатынайды

25.09.2018
Қаралды: 203

Таяу уақытта Түркістан мен Алматы қаласының арасында жүрдек пойыз бағыты ашылады. Шежірелі шаһарға арнайы атбасын бұрған «Тұран экспресс» компаниясы мен «Тұран.тв» телеарнасының бас директоры Роман Ботабеков алдымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың қабылдауында болып, туризмді дамыту бағытында пікір алмасты. Облыс әкімі тарапынан қолдауға ие болған компания басшысы өңірдің туризмін дамытуға үлес қосатынын айтты.        

 

«Түркістанның облыс орталығы атан­ға­нын қуанышпен қа­­былдадым. Өзім Кентауда туып-өс­кенмін. Сондықтан туған жерге қызмет етуге, туристік әле­уетін көтеруге үле­сімді қоссам деген ниетпен келіп отырмын. Қараша айынан бастап Алматы мен Түркістан қалалары арасында ту­ристік пойыз бағытын ашпақшымыз. Екіншіден, өзім басқаратын «Тұран.тв» телеарнасы арқылы Түркістан облысы мен Түркістан қаласының көрікті, шежірелі орындары туралы бейнематериалдар, репортаждар, фильмдер әзірлейміз. Осы жұмыстарымыз арқылы Түркістанның туризмін дамытуға үлес қосамыз деген ойдамын. Себебі қазір саяхатшыларға керегі – жайлы көлік пен қолжетімді ақпарат», – дейді Р.Ботабеков.        

 

Осыған орай «Тұран экспресс» компаниясы мен Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы, туризм және сыртқы байланыстар басқармасы және ішкі саясат басқармасы арасында әріптестік және іскерлік байланыс жөнінде меморандумға қол қойылды. Сонымен қатар аталған бас­қармалар мен «Тұран.тв» телеарнасы арасында да меморандум жасалды.       

 

Аталған пойыз Алматыдан жұма күні шығып, жексенбі күні кері қайтады. Саяхатшы жолаушылар қонақүй іздемей, осы пойызда тынығып, Түркістанды екі күн аралайды. Әзірше бұл пойыз аптасына 4 рет жүргізілсе, келешекте күн сайын сапарға шығады деген жоспар бар. 

 

Сонымен қатар «Тұран экспресс» компаниясы Түркістан мен Шымкент қалалары арасында күн сайын қатынайтын пойыз бағытын ашуды да қолға алмақшы. Әкімдіктер тарапынан қолдау тапса, бұл жоспар да жүзеге аспақ.

 

Бүгінде «Тұран экспресс» компаниясының иелігінде заман талабына сай 100-ден астам вагон бар. Ол – жолаушы тасымалындағы көшбасшылардың бірі. Ал «Тұран.тв»  телеарнасы – еліміздегі туризм мен аңшылықты, балық шаруашылығы мен белсенді өмір салтын насихаттайтын бірегей салалық телеарна.    

                           

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ