Сиырлары жылына 7700 литр сүт береді

19.09.2018
Қаралды: 170

Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың «Прези­денттің 5 әлеу­мет­тік бастамасында» халықтың тұрақты жұмыспен қамтылуы туралы да айтыл­ған. Мемлекеттен  жеңілдетілген шағын несие алып, кәсіп бастауына қамқорлық жасау керектігі тапсырылған.

 

Міне, осындай әлеуметтік қолдаудың тиімділігін көргендер қатарында Арыс қаласы, Ақдала ауыл округіндегі «Қазына LTD» ЖШС-нің басшысы Алымжан Ахметов те бар. Ол 2013-жылы Ақдала ауылынан сүт фермасын ашуды көздеп, құрылыс жұмыстарын бастайды. Сөйтіп «ҚазАгроҚаржы» арқылы 1,87 миллиард теңге несие алып, өзі де 330 миллион теңге қаражат қосып, үлкен шаруа бастаған.

 

Кәсіпорын басшысының айтуынша, қазір мұнда 1100 бас ірі қара бар. Әр сиырдан тәулігіне 25 литр сүт сауылады. Жем-шөп те жеткілікті. Себебі аталған серіктестікке тиесілі 3 мың гектар жердің 2 мың гектарына бидай, жүгері және жоңышқа егіледі. Бүгінде жүзге жуық тұрғынды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорында жұмысшылардың орташа айлық жалақысы – 70 мың теңге.

 

Тұтастай компьютермен басқарылатын ферма уақытпен үндесіп, заман көшінен қалмауда. Фермада сиырлар тұратын, төлдейтін бөлмелер бөлек-бөлек. Сауылу залы мен бұзау­хана да өз алдына басқа жайда орналасқан. Сонымен қатар бүкіл сауылу процесін бақылап, қадағалап отыратын оператор бөлмесі де бар екен.

 

Германиядан алынған «Карусель» аппараты компьютерге қо­сыл­ған соң 28 сиырды бір мезетте сауа алады. «Карусель» – сиыр сауатын кешенді аппарат. Қорадан айдап әкелінген сиырлар бір­тіндеп «Карусельге», яғни жерден бір-екі метрдей биіктіктегі үлкен айналма шарбаққа өтеді де, бө­лініп қойған бір-бір орынға тұра қалады. Төменде жүрген сауыншылар таза майлықтармен сиырлардың желінін сүртіп, сүт сауу аппараттарын үрпіне кигізіп, іске қосады. Нөмірленіп белгіленген әр сиырдың күнделікті салмағы, рационы, қанша сүт бергені компьютер бетінде тұрады.

 

Сауын сиырлары күнделікті тексеріліп отырады. Түрлі аурулардан сақтау үшін көктем және күз мезгілдерінде арнайы вакцина егіледі.

 

«Алғаш жұмыс бастаған уақыттарда сиырларды сауын залына айдап кіргізуде де шамалы қиындықтар болды. Үркіп, сескенген еді. Дегенмен сиыр күтімнен бөлек, көңіл аудар­ғанды да жақсы көреді екен. Ынта-ықыласымызбен қараған соң жануарлар аз уақыттың ішінде қалыптасқан тәртіпке үйренісіп кетті. Таңертең, кешке сауын кезінде монтаңдап келіп, айналып тұрған құрылғыға ақырындап өте береді. Осылай сауын жұмысы біртіндеп бір қалыпқа түсті. Қазір сүт сауу орталығында күніне 600-ге жуық сиыр сауылады. Бұл жұмысты төрт сауыншы атқарады. Сауын залы сиыр сауылып болысымен жуылады. Сиырдың желінін сүрткен майлықтар кір жуатын мәшинеде жуылып, сауыншыларға сол мезетте қайта беріледі.

 

Қазір жылына есептегенде 7700 литр сүт сауып отырмыз. Бұл қазіргі мүмкіндігімізге қарай жаман көрсеткіш емес. Өнімді «Фуд Мастер» және «Алтын дән» компанияларына өткіземіз», – дейді кәсіпорын басшысы Алымжан мырза.

 

Кәсіпкер осы күнге дейін аудан, облыс әкімдерінің көптеген марапаттары және төсбелгілерімен марапатталған.

 

Ауыл шаруашылығын, оның ішінде мал шаруашылығын индустрияландыру, озық технологияларды әкелу ауыл адамдарын да жаңаша ойлауға бейімдейді. Сауын сиырларына таяқ көтеруге, тіпті ұрысуға, шулауға болмайды. Оның күтімі, жылы да таза орын сүт молшылығына әсер етеді екен.

 

Ақдала округі бойынша ірі қара мал саны 5500 бас, уақ мал саны – 36 мың 822 бас, жылқы 1050 басты құрап отырғанын білдік. Мал басын көбейту, сапасын жақсарту, тұқымды базаларды жетілдіру мақсатында жеке шаруашылықтардағы 300 бас ірі қара малдары мен «Қазына жер ЛТД» ЖШС-де 760 бас ірі қара «гольштин-фриз» ұрығымен ұрықтандырылып жатыр екен.

 

Д. ӘБДІМАНАП.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ