«Бастау бизнестің» берері көп екен

19.09.2018
Қаралды: 175

«Форбс» журналына есімі енген Қытай елінің ең бай кәсіпкері, әйгілі «Alіbaba Group» интернет сауда желісінің негізін қалаушы миллиардер  Джек Ма Астана экономикалық форумының кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде: «Менің Қазақстанға берер кеңесім – сіздерде шағын компаниялар көп болуы қажет. Сервистік қызметтерді дамытамыз, экономиканы екпінді қыламыз десеңіздер, шағын компанияларды көбейту арқылы кәсіпкерлерді көбейту қажет. Жастарды шабыттандырыңыздар, оқытыңыздар. Кез келген істі өз қолыңызбен бастап көріңіз, ол іс сізге де, сіздің еліңізге де пайдалы болсын. Сіздерде керемет тау-кен өндірісі, мұнай және ауыл шаруашылығы бар. Бірақ қызмет көрсету, яғни нақты индустриялық қызмет көрсету жоқ. Қазір барлығын интернет арқылы оңай атқаруға болады. Қазақстан – электронды коммерция үшін тамаша мүмкіндік», – деп айтқан болатын.

 

Шындығында да елімізде кәсіп жасау­шыларға барлық мүмкіндік бар. Мемлекет те кәсіпкерлерге өз тарапынан қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда бизнесті дамыту бағытында жұмыс істеп жатқан «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының Ордабасы аудандық филиалының үйлестірушісі Балжан Тұрғанбай ханымнан кәсіп бастаушылардың қолданысына ұсынылған «Бастау бизнес» бағдарламасы жайында біраз ақпарат алған едік. 

 

– Балжан ханым, «Бастау бизнес» бағдарламасы жайында толығырақ айтып өтсеңіз.

 

– «Бастау бизнес» – жұмыссыздарға, кәсібін жаңа бастаушы кәсіпкерлерге, өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған және сол санаттағы адамдарды мемлекет тарапынан қолдау мақсатында іске асырылып жатқан бағдарлама. Мұндағы өзін-өзі жұмыспен қамтушылар деп отырғанымыз – белгілі бір айлық көрсеткіші жоқ, қызметтері ресми құжатта көрсе­тілмеген, салық төлемейтін, жарна аудармайтын адамдарды айтамыз. Олардың қатарында такси жүргізушілерін, үй қызметкерлерін, бала күтушілерді, фрилансерлерді, базар, темір жол маңайында арнайы орындары жоқ сауда-саттық жасаушыларды, арба итеру­шілерді, мал бағушыларды, егін егу­шілерді, үйде отырып, ғаламтор арқылы өз бұйымдарын сатушыларды жат­қызуға болады. Ал тұрақты жұмысы бар, зейнетақы қорына жалақы пайызы ұдайы аударылып тұратын  адамдар аталмыш бағдарлама бойынша несие ала алмайды.

 

Бұл бағдарламаның тиімділігі жоғары, яғни 6 пайызбен берілетін жеңіл­детілген несие, ақысыз негіздегі қажетті кеңестер мен ақпараттар, түрлі мотивация, бір айлық курсты оқығандарға берілетін 16759 теңге көлеміндегі бір реттік шәкіртақы, ыңғайлы төлем кестесі.

 

Жоғарыда біз санамалап өткен топтан бір адам белгілі бір кәсіп түрін ашуға ниеттенді делік, ол кісі алдымен жұмыспен қамту орталығына барып, жұмыссыз ретінде тіркеледі. Содан соң аталмыш бағдарламаға қатысуы үшін олар­ға арнайы тестілеу жұмысын жүргіземіз. Тест арқылы қабылданған соң бір айлық оқу курсына жіберіледі. Оның алғашқы онкүндігінде бизнес теориясы айтылса, қалған күндері бизнес сабақтар  тәжірибе жүзінде өткізіледі.

 

Бұл дегеніміз – сабақ алушылар үлкен шаруа қожалықтарына, жылыжайларға, зауыттарға бизнес-тренерлермен бірге барып, ондағы жағдаймен танысып, түрлі сауалдарына жауап алып, қажетті ақпараттарға қанығып қайтады. Сонымен қатар біздің тарапымыздан ұйымдастырылып отыратын түрлі ше­берлік сабақтарына (мастер-кластарға) қатысады. Оқу уақыты аяқталған соң білім алушының қолға алғалы отырған кәсіп түріне бизнес-жоба дайындап, оны облыстық комиссияға жібереміз. Ол жерде кәсіп бастаушы өз бизнес-жобасын қорғайды. Содан соң ғана біз оларға сертификат табыстаймыз. Серти­фикат алғандар мемлекет арнайы қаржы бөлген «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына», «Аграрлық несие корпарациясына», «Ырыс» микроқаржы ұйымына жүгіне алады. Сөйтіп, сертификаты барлар 6 пайыздық жеңілдікпен несие ала алады.

 

Әрине, несие алудың да өзіндік шарт­тары бар: несие алушы міндетті түрде кепілге баспана қоюы тиіс. Бағалау компаниясы арқылы үйдің бағасы шығарыл­ған соң кәсіп бастаушыға аталмыш соманың жартысына тең мөлшерде несие беріледі. Егер несие алушының кепілге қоятын баспанасы болмаған жағдайда сенімхат негізінде несиені туысының атынан алуына болады. 

 

«Бастау бизнес» бағдарламасы бо­йынша несиені кез келген кәсіп түріне алуға болады. Аудан бойынша бізден осы бағдарламаға сәйкес білім алғандар көбіне мал және егін шаруашылығына, сән салонын ашуға, көлікпен адам тасымалдау кәсібіне, мал сою бекетін ашуға қаржылық несие алып жатыр. Сонымен қатар «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасында жүзеге асырылып жатқан мұндай бағдарламалар туралы ақпараттарды аудандық газет беттеріне, интернет ресурстарына жариялап, халықты әрдайым құлағдар етіп тұратынымызды да айта кеткенім жөн болар.

 

– Бұл бағдарлама қай кезден бері жүзеге асырылуда?

 

– Ауданымызда алғаш бұл бағдарлама 2017-жылы пилоттық негізде жүзеге асты. Былтыр бір жыл көлемінде аудан бойынша 145 адамды оқыттық, оның 46-сы несие алып, өз кәсібін бастады. Енді биылдан бастап бұл бағдарлама бүкіл Қазақстан бойынша жүзеге асып отыр. Соған қоса, кәсіп ашқаннан соң міндетті түрде кемінде бір-екі адам жұмысшы ретінде жұмысқа қабылданатыны белгілі. Мұның да өз кезегінде жұмыссыздар санының азаюына өз септігін тигізетіні анық.

 

– Кәсіп ашушылар алғаш кәсіп түрін бастағанда неден қорқақтайды?

 

– Көпшілігі «ИП» ашуға қорқып жатады. Шындығында оның еш қиындығы жоқ. Салық басқармасына барып, арыз жазған адамға екі сағаттың ішінде жа­уап келеді. Біз де өз тарапымыздан «ИП»-ны  ашу, оның есебін жасау жолдарын көрсетеміз, жасаймыз, көмектесеміз. Табыс көрсеткішіне қарай зейнетақы қорына аударылуы, салыққа төленуі тиіс соманы да есептеп береміз. Мұндағы біздің міндетіміз – кәсіп ашқысы келген әрбір азаматты сүйемелдеп, оған ақыл-кеңес беру, көмектесу процесін жүзеге асыру болып табылады.

 

– «Бастау бизнес» бағдарламасымен аудан бойынша нақты қанша адам өз кәсібін бастап кетті?

 

– Негізі биылғы жылдың көрсеткіші бойынша нақты сандық қорытындыны қараша айында, яғни жыл соңында береміз. Себебі әлі де несие алатын адамдар саны болады. Ал дәл бүгінге дейін аудан көлемі бойынша биылға 15-ке жуық адам өз кәсібін ашты, тағы да құжаттар қаралу үстінде.

 

– Ақпаратыңыз үшін көп рахмет!

 

...Осы тұрғыда аталмыш «Бастау бизнес» бағдарламасы негізінде кәсіп аш­қан Қайнар ауылының тұрғыны Бертай Оразмұхамед жайлы айта кетсек дейміз. Бір айлық курсты оқыған ол «Ырыс» микро­қаржылық ұйымынан 14 миллион теңге несиеге қаржы алып, рефрижератор (тоңазытқышты көлік) мен сүт тасушы көлік сатып алып, нәтижесінде өз ауы­лынан сүт қабылдау пунктін ашты. Бұл – олардың отбасылық кәсібі. Бертай күніне 400 литр сүт қабылдап, оны «Фуд­Мастер» компаниясына жеткізіп беріп тұрады. Мемлекеттен 8 миллион тең­ге қайтарымсыз субсидия алып,  қазіргі таңда 14 миллионнан небәрі 6 миллион теңге несиесінің борышын өтеу­де.

 

Бүгінгі таңда Бертай секілді тағы да бірнеше азаматтар жылыжай салу, жылқы басын көбейту мақсатында несиеге миллиондаған қаржы алып, өз биз­нестерін жүргізуде.

 

М. ИБРАЕВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ