Ауылда Жастар сарайы салынуда

19.09.2018
Қаралды: 108

Бүгінде қоғамымыздың белгілі бір бөлшегін құрайтын үлкен топ жастар дер болсақ, оларға артылған мақсат-міндет те жоқ емес. Сәйкесінше, елімізде жастар саясатына қолдау көрсетіліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылуда. Сөзіміздің дәлелі ретінде Ордабасы ауданының орталығы саналатын Темірлан қаласында бой көтеріп келе жатқан Жастар сарайын атап өтуге болады.

 

Мұндағы құрылыс жұмыстары ағымдағы жылдың маусым айында бастау алған болатын. Аталған нысан бұрын кинотеатр еді. Біраз уақыттан бері пайдаға аспай тұрған бұл ескі ғимарат бүгінде аудан әкімдігінің қолдауымен жап-жаңа сарайға айналып жатыр. Ғимаратты түгелдей рекон­струкциялау және оны құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мақсатында аудандық бюджеттен 134 400000 теңге бөлініп, қазіргі таңда «Өмірзақ» ЖШС мердігерлік компаниясының көмегімен құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

 

Ғимарат негізгі үлкен зал, конференция залы, жаттығу залы секілді бірнеше секторлардан тұрады. Құрылыс жұмыстары қараша айында аяқталып, жыл соңында ғимарат жастардың пайдалануына толықтай берілмек. Алдағы уақытта мұнда жас талант­тарды қолдау мақсатында кез келген мәдени іс-шаралар, байқау­лар, түрлі үйірмелер мен секциялар, спорттық жарыстар өткізілетін болады. Одан бөлек, республикалық, облыстық, аудандық іс-шараларға қатысты дайындық жұ­мыс­тары да осы жерде жүргізіледі деген жоспар бар. Сонымен қатар, ауыл жастарына ғимараттың ішін­дегі жаттығу залын кез келген уақытта келіп, ақысыз негізде пайдалану мүмкіншілігі туады. Сарайдың сыртқы ауласында стрит-воркаутқа арналған алаңша салынып жатыр. Мұнда да дене жаттығуымен айналысушы кез келген азаматқа қашан да есік ашық болады.

 

«Стрип-воркаут» дегеніміз  –  аулалардағы қарапайым спорт құралдарының көмегімен денсаулықты нығайтуға арналған спорт түрі. Ағылшын тілінен аударғанда «воркаут» – жаттығу, «стрит» – көше дегенді білдіреді, сондықтан оны «көше гимнастикасы» деп атауға әбден болады. Мұндағы жаттығулар көшелерде орнатыл­ған белтемір, қоссырық секілді түрлі темірден жасалған спорт құралдарының көмегімен орындалады. Бұл – қаражатты қажет етпейтін, барлығына қолжетімді спорт. Тіпті мұндай спорт алаңшалары миллиондаған шығынды қажет ет­пейді. Елбасы да кешегі жолдауында бұқаралық спорт пен дене шынықтырудың қол­жетімділігін арттыру үшін аулаларды жабдықтау барысында осындай алаңшалардың қажеттілігін атап өткен болатын.

 

«Әзірге ауылымызда 30-ға жуық стрип-воркаут алаңшалары бар, – дейді Ордабасы аудандық жастар ресурстық орталығының сектор меңгерушісі Нұрсұлтан Көшбаев. – Жастар сарайының салынуы – біздің аудан басшылығының қолға алуымен іске асып жатқан дүние. Бұл – жастарға берілген жақсы мүмкіншілік қана емес, олар­ға көрсетіліп жатқан қолдаудың бірден-бір көрінісі. Елбасының кешегі Жолдауында 2019-жылды «Жастар жылы» деп жариялағанын ескерсек, мұ­ның біздер үшін оң бастама екенін атап өтуге болады».

 

...Біз сеніп отырған болашақ бүгінгі буынның қолында. Сондықтан да болар, мемлекет қолдауымен жүзеге асырылып жатқан осындай әрбір іс көз қуантады. Еліміздің ертеңі білімді, білікті, жігерлі ұрпақтың күшімен көркейетін күннің де ауылы алыс еместігіне сенгіміз келеді.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ