Келестің кәсіпкерлері Италияға барып қайтпақ

18.09.2018
Қаралды: 57

Биыл Сарыағаш ауданы әкімшілік басқару жағынан екіге бөлінгені белгілі. Яғни бір кездері Сарыағашқа қосылған Келес ауданы өз алдына шаңырақ көтерді. Бүгінде осы Келес ауданының диқандары да облысымыздың өркендеуіне өзіндік үлесін қосып жатыр. Мұнда негізінен бау-бақша шаруашылығы дамыған.

 

Келестік диқандар шетелдік әріптестерінен тәжірибе үйренуді де жолға қоюда екен. Біз осы орайда аталған аудандағы Ораз ата ауылында тұратын жеке кәсіпкер Нұржан Умаровпен әңгімелескен едік. Олар бүгінде бірнеше адам болып, Италияға жолға шығуға дайындалып жатыр екен.

 

«Италияға бұдан бұрын да барғанмын, – дейді кәсіпкер. – Екі мәрте барып, екі-үш қаласында болғанбыз. Топырақ тыңайтатын  тәсілдерін көрдік, амин қышқылдарының көкөніске әсері жөнінде білдік, жүзім егістігі мен шарап жасау өндірістерін көрдік. Сумен қамтамасыз ету жағы қиындау болғанымен ауа райы егістікке өте қолайлы екен.

 

2015-жылы Түркияға да барып қайтқанбыз. Ол жақтың климаты да егістікке қолайлы. Оның үстіне Түркия Еуропамен, Ресеймен алыс-берісті жақсы жолға қойған, адамдары да саудаға бейім, шаруа­шылықтарын өркендетіп отыр екен. Осыларды көргесін елге барғасын «өйтеміз», «бүйтеміз» деп арқаланып оралдық. Тым ойдағыдай болмаса да көрген-білгеніміздің пайдасы тиіп жатыр.

 

Негізі біздің ауданда көкөніс, жеміс-жидек егілгенімен оны өткізу жағы қиындау. Мемлекет тарапынан қамқорлық болады деген үміттеміз. Жұртшылық, әсіресе жастар жағы жылыжай егісіне қызығып, оны меңгерсе екен дейміз. Мемлекет тарапынан аздаған көмек болса, біздің ауданда егістік көлемін ұлғайтып, көп өнім алуға болады», – дейді Нұржан.

 

Н.Умаров диқаншылықпен, жылыжайда көкөніс егумен жиырма шақты жылдан бері айналысып келеді екен. Ол басқаратын шаруа қожалығы бұрын 2 гектар жерге қызанақ, қияр, орамжапырақ егіп келсе, енді егістік көлемін арттырмақ ниетте. Биыл өздері жылыжайға қажетті темір шығаратын зауыт ашып, іске қосыпты. Жер көлемін 5,5 гектарға жеткізіпті. Біраз жеріне құлпынай еккізіп, одан жақсы өнім алыпты. Енді құлпынайдың өзге сұрыптарын, лимон егіп көрмек ниетте. Осы мақсатта голландиялықтармен келісіп, тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр екен.

 

«Ауа райының әсерін, топырақтың құрамын, қаншалықты өнім алуға болатынын, тағы басқа нәрселерді зерттеп болғасын ойға алған істі бастамақпыз. Голландықтардан тұқым аламыз. Кейін тұқым, көшет сатумен де айналыспақпыз», – дейді кәсіпкер.

 

Жалпы, «Нұржан» шаруа қожалығы бүгінде 55 – 60 мың теңгеден айлық жалақы беріп, 15-тей адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр екен. Биыл қызанақ өнімді молынан беріпті, тынбай жұмыс істеген терімшілер күніне 2500 теңгеден ақы алып отырыпты. Тек бір қынжылтатыны – өнімді өткізу жағы қиын болған. Кәсіпкер оның себебі Өзбекстаннан өнімнің көп келуінен екенін айтады.

 

Ал, жалпы, «Нұржан» шаруа қожалығы биыл қызанағы, қияры, құлпынайы бар, егістің әр гектарынан 105 тоннадан өнім алыпты. «Көкөніс, жеміс-жидек егу ісін дамытып, оларды егетін жерді ұлғайту, өнімнің түр-түрін егу керек. Халықты осыған ынталандыру қажет. Өйткені әзірге біздің жақта зауыттар, өнімді өңдейтін нысандар жоқ. Көкөніс, жеміс егетіндерге жағдай жасап, бұл бағытты дамыту керек», – дейді кәсіпкер.

 

...«Әрекетке – берекет» деген, келестік кәсіп­керлердің әрекеті осылай болып жатыр екен. Аудан негізінен жылыжай шаруашылықтарын дамытуға қолайлы көрінеді. Біз олардың осы бағыттағы бастамаларына сәттілік тілейміз.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ