«Үйімізді өртеп жіберді, далада қалдық», – дейді редакциямызға шағымданып келгендер

18.09.2018
Қаралды: 98

Редакциямызға Келес ауданындағы Ошақты ауыл әкімшілігіне қарасты Атақоныс ауылынан ерлі-зайыпты Сапаровтар шағымданып келді. «Біздің басымыздағы жағдай туралы газеттеріңізде жазылуын сұраймыз. Бізге қатысты өрескел қылмыс орын алды. Кінәлілердің толықтай жазасын алуын қалаймыз. Осы туралы жазыңыздаршы», – дейді Гүлімхан Сапарова.

 

Шағымданушылар өздерімен бірге осы оқиға барысында түзілген құжаттарды да ала келіпті. Оқып, танысып шықтық.

 

Г.Сапарованың айтуынша, олардың бір ауылдастары 2016-жылдың шілде айында үйлеріне келіп, бұл отбасының 1991-жылы туған Қуаныш есімді ұлдарын ертіп кетіпті. Яғни ол қонаққа кеткен әкесінің «Ауди» көлігін мініп келіп, Қуанышты бензин құйып келеміз деп жанына ерткен екен. Содан олар жол-көлік оқиғасына ұрынған. Балалар аман. Дегенмен осы оқиға соңы екі отбасының арасындағы кикілжіңге ұласқан, ақырында арада қылмыс орын алып, мәселе сотқа дейін барыпты.

 

«Олар үлкен ұлым Берікке жала жауып, бір топ адам болып келіп барлығымызды ұрып-соғып, үйіміздің шатырына, қора-қопсы мен жиналған шөпке от қойды. Ақырында үйден көшіп кетуге мәжбүр болдық. Содан бері әркімнің ескі үйлерін паналап жүрміз. Өз үйіміз әлдеқашан қиратылып, мал қора болып кеткен.

 

Ал қылмыс жасағандар – 38 адам. Тиісті орындарға арызданғанбыз, іс қозғалған, бірақ осы күнге дейін оларға заңды жаза берілмей отыр. 4 адам ғана «үй қамағына» алынды. Біз олардың  бәрі де жазасыз қала ма деп қорқамыз», – дейді Г.Сапарова.

 

Бұл кісілер ау­ыл, аудандағы әкім­діктер мен құқық қорғау ор­гандарынан бас­тап, облыстық ішкі істер де­пар­та­ментіне, облыстық прокуратураға, «Нұр Отан» пар­тия­сына, Ішкі істер министрлігінің Өзіндік қауіпсіздік департаментіне, Президент Әкімшілігіне дейін арызданыпты. Бұл органдардан арызда айтылған жайларға қатысты тергеп-тексеру жүріп жатқаны, істі дұрыс жүргізуге тапсырма берілгені туралы жауаптар бар. Яғни бұл мәселе құқық қорғау органдарының назарында десек болады. Әйтсе де Сапаровтар отбасына кінәлілер жазасыз кете ме деген күдік-күмән маза бермей жүр екен. Олар әсіресе екі әйелді қылмысқа дем беруші ретінде атайды.

 

Біз редакциямызға шағымданып келген Сапаровтардың өтінішін орындап, аталған жай жөнінде қысқаша жариялап отырмыз. Құқық қорғау орындары бұл іс бойынша ақ-қарасын анықтап, әділ шешімін шығарар деп ойлаймыз.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ