Дарбазада керамзит зауыты салынады

17.09.2018
Қаралды: 68

Алдағы уақытта Түркістан облысының Сарыағаш ауданында керамзит зауыты салынады. Оған шетелдік кәсіпкерлер инвестиция бағыттамақ. Ал құрылыс жұмыстарын «Бәйтерек» Ұлттық әл-ауқат қорының еншілес компаниясы жүргізетін болады.

 

Жалпы, Түркістан облысында керамзит зауытын салуға германиялық және италиялық екі компания ниет білдіріп отыр екен, соның ішінде италиялықтардың мүмкіндігі жоғарырақ сияқты. Өйткені ол Еуропадағы осы бағытта жұмыс істейтін ең алдыңғы қатарлы компаниялардың бірі.

 

Ал болашақ керамзит зауыты Сары­ағаш ауданындағы Дарбаза ауылының маңынан салынбақ. Өйткені ол жерде ілге­ріден келе жатқан керамзитке қажетті құм өндірілетін кеніштер бар. Әзірге зерттелген қоры 450 миллион тонна деседі.

 

Инвесторлар зауыт салатын жер таңдап келгенінде Сарыағашта бұрын бол­ған зауытты да көріпті. Оның аумағы 5 гектарды құрайды екен. Бұл шығарылған өнімді жинауға аздық етеді. Ал инвесторларға 15 гектар жер керек. Сондықтан Дарбаза ауылынан 5-6 шақырым қашықтағы аумақ таңдалыныпты.

 

Жалпы, Сарыағаш өңірінің тұрғындары үшін «керамзит» деген сөз таңсық емес. Өйткені керамзит шығаруға қажетті құм алынып келген Дарбаза ауылы Сары­ағаш қаласынан 25 шақырымдай қашықта. Ес­туімізше, кезінде Сарыағашта керамзит зауыты жұмыс істеген көрінеді. Осының анық-қанығын білу үшін аталған аудандағы таныстарымызға телефон шалдық.

 

«Ілгеріде Сарыағашта керамзит зауытының болғаны рас, – дейді қала тұрғыны Қамбарбек Жоланов. – Бірақ Кеңес Одағы тарағасын ол да жоқ болған. Енді ауданымыздан керамзит зауыты салынайын деп жатса, бұл жақсы жаңалық екен. Өйткені Дарбаза жақта оған қажетті құм, балшық жеткілікті. Оны бұрын ашық әдіспен қазып алып, Ташкент пен Сарыағаш зауыттарына вагонмен, жүк көліктерімен тасып жататын еді. Оны от жағып пісіреді ғой, одан суға батпайтын жеңіл материал шығарады».

 

...Қысқасы, Сарыағаш ауданындағы керамзит кен орындарының жұмысы қайта жанданатын күн жақын. Зауыт тікелей кеніштерге таяу маңнан салынатын сияқты. Яғни шикізатты алысқа тасымалдап әуре болмайды. Тек керамзит өндіруге қажетті отын табылса жетіп жатыр. Бұл жерде табиғи газ қолданылатын болады. Ал өңі­рімізде елді мекендерді «көгілдір отынмен» қамтамасыз етудің қарқынды жүргізіліп жат­қаны белгілі.

 

Сонымен болашақ зауыттан шығарылатын өнім қайда қолданылады, қаншалықты сұранысқа ие болады? Осы орайда керамзиттің құрылыс материалы ретінде кеңінен пайдаланылатынын айтып өтсек те жеткілікті болар. Одан керамзит блоктары, пли­талары құйылады. Құртқа ұқсас түйір­шіктерін ғимараттардың төбесін суықтан қорғауға салып, үстінен бетон құйып,  рубероидпен қаптап жататынын көргенбіз. Суыққа, ыстыққа, суға, отқа, қышқылдануға төзімді, экологиялық таза, ұзаққа шыдайтын материал. Жеңіл, нығыз, жылу, су ұстайтын қасиеті бар. Басқа құрылыс материалдарынан арзан тұрады.

 

Бұл зауыт іске қосылғасын жергілікті азаматтардың жұмыспен қамтылатыны бел­гілі. Сондай-ақ ол керамзиттен жасалған құрылыс материалдарымен өз қажет­тіліктерімізді өтеп қана қоймай, өнімдері жақын шетелдерге шығарылуы да әбден мүмкін.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ