Күн қуатын пайдаланатын уақыт жақындап келеді

17.09.2018
Қаралды: 115

Ғылымда желдің, күннің қуатын пайдалануға қатысты айтылатын «баламалы қуат көздері» деген ұғым бар. Осы баламалы қуат көздерінің бірі – Күн энергиясын бүгінде Түркістан облысының тұрғындары да көргелі отыр. Бұған қатысты шетелдік инвесторлармен біріккен бірнеше жобалар бар. Бұл жөнінде біз «Қазақинвест» Ұлттық компаниясының өңірлік директоры Дәулетқожа Мамыровтан естідік.

 

Мысалы, «EkoProTech – Astana» атты компания Сарыағаш ауданында осындай күн-электр станциясын салып жатыр. Құрылысы өткен жылдың күзінде басталған болатын. Бүгінде оның жұмыстарының жартысына дерлігі атқарылып та қойды. 41 гектар аумаққа салынатын құрылыстың құрылтайшысы – Германияның «Day Energy GmbH»  компаниясы. Қуаты 20 мегаватты құрайтын станцияның жобалық құны 14 миллиард теңгені құрайды.

 

Дәл бүгінгі күндері Арыс ауданында да қуаты 15 мегаваттық күн-электр станциясының құрылысы басталғалы тұр. Оған франциялық «Урба» компаниясы инвестиция салмақ.

 

Түркістан облысында күн-электр станцияларын салудың бұдан басқа да бірнеше жобалары бар. Бүгінгі күндері облыс тұрғындары тұтынатын электр қуатының 60 пайыздан астамы сыртқы жақтардан жеткізілетінін ескерсек, бұл станциялар іске қосылғасын облыстың басқа жаққа тәуелділігі біршама азая түсері анық.

 

Тағы бір айта кетерлігі, таяуда Түркістан облысы мен малайзиялық компания арасында 2 – 4,5 мегаватт аралығында электр қуатын өндіретін 4 кіші су-электр станцияларын салу жөнінде келісім жасалыпты. Инвесторлар оған 20 миллион доллар қаржы бөлмек. Бұл шағын станциялар Сарыағаш ауданынан бой көтеретін болады.

 

Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ