Ауылынан өз кәсібін ашқан

19.09.2018
Қаралды: 228

Жас кәсіпкер Ұлан Айтымбетов – мемлекеттің «Жас кә­сіпкер» бағдарламасы бойынша несие алған көп жастардың бірі. Ол Бәйді­бек ауданы, Шаян ауылында «Сапарбек» техникалық қызмет көрсету орталығын ашып, жұмыс жасауда.

 

Ұлан Шаян көпсалалы лицей-жалпы орта мектебін бітіргесін  Шымкент қаласындағы іргелі оқу орнына «Мемлекеттік және жергілікті басқару ісі» мамандығы бойынша оқуға түседі. Оқуын сырттай оқи жүріп, қаладағы май ауыстыру бекеттерінің бірінде жұмыс істейді. Дипломын алған соң әскерге аттаныпты. Ол жақтан келген соң  «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасына қатысып, бағын сынап көрмек болады. Осылай бизнес-жоспары қабылданып, «Ауыл шаруашылығын қолдау» қорынан несие алады. Кәсіпкер несие қаражатына май ауыстыру орнына арнап гараж салады. Сосын желімдеуге, көліктің жүріс бөлігін реттеуге және май ауыстыруға арналған құрал-жабдықтар сатып алады.

 

«Бізде мектепті жаңа бітіргендер прокурор, сот, дәрігер, есепші мамандықтарына құмар. Грантқа іліксе жақсы ғой, олай болмаса ақылы түрде оқиды. Ақырында диплом сандықтың түбінде жатыр, көп жастар жұмыссыз жүр.

 

Өз басым жоғары білімім болса да мамандығым бойынша қызмет етуге аса құмар емес едім. Бала кезден дүкен ашып, сауда жасағанды ұнаттым. Бірақ мамандық алу шарт қой, сондықтан оқи жүріп жұмыс істедім. Қаладағы май ауыстыру бекетінде жұмысшы болып жүргенімде екі қолға бір күрек таба алмай, жұмыссыздар қатарын арттырған жастарды көріп көңіл қынжылатын. Біреуге жалданып, алты жыл бойы төмен жалақы алдым. Сөйтіп бір күні ауылдан өз кәсібімді неге бастамасқа деген ойға келдім.

 

Қазір менің кәсібім – көліктердің майын ауыстыру. Бүгінде ауқымын кеңейтіп, аудандағы бірнеше мекемелермен келісім-шарт жасасып та қойдым. Үш адамды жұмыспен қамтып, ауыл тұрғындарына қызмет көрсетіп отырмын. Жұмыссыз жастарды жеке кәсіп ашуға, еңбек етуден қорықпауға шақырамын», – дейді жас кәсіпкер.

 

Ұлан жоғарыда аталған бағдарлама бойынша жылдық мөлшерлемесі 7 пайызбен 60 айға 2 миллион теңге мөлшерінде несие алыпты. Бұл бағдарлама бойынша қомақты қаражатты бизнес бастауға ниетті 18 бен 29 жас аралығындағы кез келген жас алуға құқылы екен. Тек бағдарлама шарты бойынша өтініш берушінің 2 кепілгері болуы міндетті.

 

Жалпы, биыл Түркістан облысында индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 40 миллиард  теңгені құрайтын 20 жоба іске асырылыпты. Осы жобалардың нәтижесінде 1500-ден астам жұмыс орны құрылып, өнеркәсіп өнімі мен қызмет көрсету көлемі 920 миллиард теңгеге жетіп отыр. Мұның ішінде Ұланның да үлесі бар десек болады.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ