Көршілердің әжетхана дауы әкімдіктің де бас ауруына айналыпты

16.09.2018
Қаралды: 192

Шымкенттің «Қазығұрт» шағын ауданында тұратын көршілер арасында әжетханаға қатысты дау туындап, бірнеше айдан бері шешімін таппай келеді. Бұл жөнінде бізге осы дауласушылардың бірі – Рахима Әлжанова есімді әйел айтып келді.

 

«Диляра деген көршім ауласының біздің үйге тым жақын тұсынан әжетхана сал­ған еді. Оны басқа жерден  салуын өтініп те айттым, жалынып та айттым, тыңдамады. Мен өзім 3-топтағы мүгедекпін. Аулаға бір мезгіл демалатын орындықтар қойғызған едім, сәкіміз де (тапшан) сол маңда, көршімнің әжетхана салған жеріне жақын тұста. Айтқанды тыңдамағасын құзырлы мекемелерге шағымдандым, олар келіп, тек­серіп, Диляраға сал­ған әжетханасы санитарлық нормаға сай келмейтінін, оның орталық кәріз жүйесі болмаған жағдайда үйден 12 – 25 метр қашықта салынуы тиістігін түсіндірген болатын. Сонда Диляра әжетхананы басқа жерге көшіремін деп қолхат та берген еді. Бірақ уәдесінде тұрмады.

 

Әкімдік тарапынан адамдар мен техника бөлініп, Диляраға ауласының басқа жерінен әжетханаға арнап шұңқыр қазып, төңірегін тиісінше бетондап та берді. Әкімнің орынбасары Н.Тілеш Диляра біздің үйге жақын тұрғызған әжетханасын он күннің ішінде жаңадан да­йындалған жерге көшіреді деген, бірақ  олай болмады. Бас маман А.Ахметов те әу баста Диляраның әжетханасын басқа жерге көшіртетінін айтып еді, бірақ ештеңе де істемеді.

 

Осыдан кейін аудан әкімі Б.Пармановқа да шағымдандым, өзі келіп, жағдайды көріп кетті. Бірақ ол кісіден де осы күнге дейін жауап жоқ. Сосын мен қала әкімі Ғ.Әбдірахымовқа  арыздандым», – дейді Р.Әлжанова.

 

Содан бұл кісіге қала әкімінің орынбасары Н.Ергешбектен жауап хат барыпты. Онда әкімдіктің мәселеден хабардарлығы айтылған. Дегенмен Әлжанованың көршісі басшыларға әжетхананың қабырғасын көтертуге материалдық жағдайым жоқ деген уәж айтқан көрінеді. Сондықтан әкімдік Р.Әлжановаға егер осы жауап қанағаттандырмаған жағдайда жоғары тұрған органдарға шағымдануға құқылы екенін, заң бойынша мұндай даулар сот тәртібімен қаралатынын жеткізіпті. Содан бері де үш аптадан аса уақыт өткен, бірақ мәселе әлі де шешімін таппаған көрінеді.

 

«Әкімдік қызметкерлерінің Дилараға неге тісі батпай жүргенін түсіне алар емеспін. Мемлекет қаржысын жұмсап, адамдарды жегіп, оған әжетханаға қажетті жер қазып, құрылыс материалын жеткізіп берді. Ал ол болса, қозғалатын түрі жоқ, әр нәрсені сылтауратып, уақыт созып жүр. Менің әкімдік адамдарының жұмысына көңілім толмайды. Сондықтан бұл туралы газетте жазылса, сонда қимылдар деген үмітпен сіздерге келіп отырмын. Осы жөнінде де газеттеріңізде жазыңыздаршы», – дейді Р.Әлжанова.

 

Өзара келіспеушілік салдарынан ушығып тұрған бұл мәселенің жай-жапсарын білмек болып Абай ауданы әкімдігіне, әкім орынбасары Н.Тілеш мырзаға телефон шалған едік, бірақ тұтқаны ешкім көтермеді.

 

Ал Р.Әлжанова егер жағдай осылай жалғаса берсе, сотқа шағымдануға мәжбүр болатынын айтады. Жалпы, біз көрші тұратын адамдардың арзымайтын нәрсеге бола жағдайды ушықтыра бермей, оған өзара келісімді түрде нүкте қойғандарын қалаймыз. Пайғамбарымыздың өзі көршілеріңмен тату тұрыңдар деген емес пе? Мұсылман баласының көрші отырып қырғиқабақ болғаны жарамас.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ