Жұрт семинар-тренинг, мастер-класқа жем болып жатыр

15.09.2018
Қаралды: 149

Қалтаңдағы ақшаны сыпырып алудың неше түрлі айла-амалдары бұрын да көп еді. Ертеректе тым тұрпайы болды. Қараңғы бұрышта аңдып тұрады да, тарпа бас салады. Тамағыңа пышағын тақап тұрып:  «Жан керек пе, ақша керек пе?! Қалтаңдағыны шығар!» – дейді. Бересің де, құтыласың. Аман қалғаныңа қуанып кете бересің.

 

Кейін мұндай дөрекілік келмеске кетті. Бірақ қалта қағу тәсілі қоғам дамуына сай өзгеріп, қазір көп жетілдірілді. Қаржы пирамидасы арқылы дүйім жұрттың ақшасын үптеп қашып кететіндер пайда болды. Талай аңқаулар сан соғып қалды.

 

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында әртүрлі, көк, жасыл, сары «әулие-әнбие», «пайғамбарлар» пайда болып, сеанс өткізіп, жұрттың қалтасын қағып, қайдағы бірде­ңелерді қыртып, ел кезіп жүретін. Қазір оның бәрі із-түзсіз жоғалды. Ел-жұрт есім­дерін де ұмыта бастады.

 

Алаяқтық атаулы осымен тәмам шығар деп ойлағанбыз.  Сөйтсек, әлі де бар екен. Болғанда да, жай емес. Аяқ астынан психолог болып шыға келгендер семинар-тренинг, мастер-класс дегенді өткізіп, елден ақша жинауға көшіпті. Ондай «іс-шараларға» әйелдер жағы тіпті ақша аямай, өліп-талып барады екен. Сұраныс барда ұсыныс та болады ғой. Бір реткі жиыны – 30-40 мың теңге. Оған кемінде жарты миллион адам (әйелдер ғой) жиналады. Есептеп көріңіз!

 

Сонда олардың айтатыны не дейсіз ғой? Қысқасы, оттаған әңгіме. Бақытты болудың, тез баюдың тағы сол сияқтылардың жолдарын үйретеді-міс. Алдымен «Инстаграм» желісіне шығып «уағыз» айтып, жарнамаларын қатырып тұрып жасап алады. Кейбіреулері кітап «жазып» та бастырып алған (онысының көп бөлігі плагиат), әжептәуір бағалап өткізіп жатыр.

 

Бірақ олардың әлгі айтып жүрген «уағыздары» да, шығарып сатып жүрген «кітап­тары» да жілігі татымайтын арзанқол дүние­лер. Ақылы бар жанның күлкісін келтіретін қайдағы-жайдағы бірдеңелер. Совет ке­зіндегі парапсихолог Вольф Мессинг секілді болса, ептеп наным туғызар еді. Студент кезімізде бір жапон психологының «Өзіңді өзің басқар» дейтін кітабын таласып-тармасып оқитын едік. Олардың бәрі мыналардың оттаубайының қасында ғылыми негізі бар дүние екен-ау. 

 

Бірақ соған қарамастан жалған әрі алаяқ «психологтарға» сенген жұрт алдамшы «білгерлердің» жер-жерде өткізіп жат­қан «семинар-тренингтеріне» ақша аямай, жамыраған қойша ағылып-ақ жатыр.

 

Қуандық ШАМАХАЙҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ