2 үй мен вилла, 15 жер телімі, 10 пәтер...

15.09.2018
Қаралды: 227

Ерлі-зайыпты Храпуновтар сырттай сотталды

 

Алматының мамандандырылған ауданаралық сотында қаланың бұрынғы әкімі В.Храпунов пен оның туыстарына қатысты сот аяқталды. Оларға бюджет қаржысын жымқыр­ған, мемлекеттік және коммуналдық мүліктерді алаяқтық жолмен иемденген, пара алған, заңсыз жолмен табылған қаржыны заңдастырған, қылмыстық топ құрып, оны басқар­ған деген айыптар тағылғаны белгілі.

 

Прокуратура талан-таражға түс­кен қаржы мөлшерінің 250 миллион долларды құрайтынын атап өткен болатын. Жалпы, бұл іске қатысты сот құжаттары 40 томға жуықтапты, сотқа 200-ден аса куәгерлер тартыл­ғаны туралы айтылады.

 

Кешегі аптада сот үкімі жарияланды. Виктор Храпунов – 17 жыл­ға, әйелі Лейла 14 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Олардың қылмыстық жолмен иемденген дүние-мүлкі тәркіленетін болды.

 

Судья тәркіленуге жататын мынадай мүліктер тізімін атады: Алматының «Самал-2» шағын ауданындағы 5 жер телімі (бұлар осы уақытқа дейін Храпуновтардың бақылауындағы компаниялардың қарамағында болып келіпті), қаланың таңдаулы аумағында орналасқан 1 жеке үй мен 1 вилла, оншақты пәтерлер, «Самал» шағын ауданындағы автотұраққа арналған 3 жер телімі, әл-Фараби даңғылындағы бірнеше гараждар. Сол сияқты Өскемен қаласындағы 4 жер телімі, Шығыс Қазақстан облысының Көкпекті ауданындағы 3 жер телімі, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданындағы 3 жер телімі.

 

Судья сондай-ақ Храпуновтардың бақылауындағы компаниялардағы оларға тиесілі болған және есеп-шотына түсіп жатқан қаржының бәрі тәркілеуге жататынын айтты.

 

Осы сотта Храпуновтардың туысы Айяр Ілиясовқа да қатысты сот үкімі шықты, ол 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ал сот процестеріне тартылған бас­қа 9 адам қылмыстық жауап­кер­шіліктен босатылды.

 

...В.Храпунов кезінде еліміздің Энергетика және көмір өнеркәсібінің министрі, Энергетика және табиғи ресурстар министрі болған. 1997 – 2004-жылдар аралығында Алматы қаласының әкімі  қызметін атқар­ған, кейін Шығыс Қазақстан облысын басқарған, еліміздің Төтенше жағдайлар министрі болған еді. 2008-жылы Швейцарияға қашып кеткен болатын. Ерлі-зайыпты Храпуновтар бірнеше мәрте сотқа шақырылған, бірақ келмеген. Сондықтан оларға қатысты сот үкімі сырттай шығарылды. Жазасын өтеу мерзімі олар Қазақстанға жеткізіліп, түрмеге отырғызылған күннен бастап есептелетін болды.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ