Шардараның күріші Ауғанстанда да сұранысқа ие

18.09.2018
Қаралды: 235

Күріш өсірудің, баптаудың қаншалықты қиын екенін ащы терін төккен шаруа ғана біледі. Дәл қазір күріш еккен диқандар алқапқа орақ салып жатыр.

 

 

Түркістан облысы, Шардара ауданынына қарасты Ұзын ата ауылында бұл өнім түрін егетін диқандар қауымы баршылық.  Сондай шаруашылықтың бірі – «Айткүл – Атақоныс» шаруа қожалығы. Қожалық биыл 20 гектарға күріш егіпті.  «Мустахиллик» деп аталатын таш­кенттік сұрыптан көбірек өнім жинау­ды жоспарлаған шаруашылық ауа райының қолайлы кезін пайдаланып, қызу жұмыс жүргізуде. «Айткүл – Атақоныс» шаруа қожалығының төрағасы Рахымберді Айтмырзаевтан науқан барысы туралы сұрадық.

 

«Негізі биылғы жылы шаруалардың жағдайы жақсы деп айтуға болады. Оның бірінші себебі – жылдың басында зиянкестерге қарсы күрес пәрменді түрде жүргізілді. Сондай нәтижелі күрестің арқасында шегіртке шаршатпады. Ал былтыр­ғы жылы  көптеген диқандардың еңбегін шегіртке жалмап, мардымды өнім ала алмай қалған болатын. 

 

Бір гектар алқапқа 250 келідей тұқым егілді. Оның келісін 240 теңгеден сатып аламыз. Жалпы шығынды есептегенде, бір гектарға 250 мың теңгедей қаражат жұмсалды. Өнімділігіне келсек, гектарынан 75-80 центнерден күріш салысын алуды жоспарлап отырмыз. Масақтағы дәннің шығымы жақсы. Бір түп сабақта 200-ге дейін дән бар. Бұл өте жақсы. Егер 80 центнер күріш салысын алатын болса, соның 25-30 центнері таза күріш болып шығады. Салының әр келісі 50-60 теңгеден, ақталған күріштің келісі базар бағасына қарай 200 теңгенің төңірегінде сатылады.

 

Кеңестік кезеңнен Ұзын ата ауы­лында «Мұстахиллик» күріші жиі егіле бастады.   Сол кезеңде 125-130 күнде пісетін бұл сорттың өнімділігін 90 центнерден айналдырып, Одақ бойынша атымыз шығып, дүркіреген кездерді қалай ұмытамыз...

 

1988 жылдары болса керек, кеңшар директорының тікелей бастамасымен халыққа таза өнім ұсынамыз деп 500 гектарға ешқандай гербицид пайдаланбай күріш тұқымын өсіруге кірістік. Сол кезде біздің күрішіміз экологиялқ таза күріш болып танылды. Оған мемлекеттен қолдау ретінде 20-30 пайыздай үстеме ақы төленетін. Яғни  біздің шаруашылықта өсірген күріштің бағасы өзге аймақта өсірілген күріштен қымбат жүретін еді. Мен сол тәсіл бойынша қазір де гербицидсіз өнім өндіріп келемін. Экологиялық таза өнім ретінде бұған мемлекет тарапынан баяғыдағыдай жеңілдіктер берілуі жағы қарастырылса деймін. Сонда ауданымызда күрішпен шұғылданушылар қатары да молая түсер еді», – дейді Рахымберді Айтмырзаев. 

 

«Айткүл - Атақоныс» шаруа қожалығы былтыр 26 гектарға күріш салысын егіп, оны кәсіпкер Ержан Қарабаевтың диірменінде тартқызыпты. Алынған өнімнің 40 пайызын қолжетімді бағамен, яғни 150 теңгеден аудан ішінде сатылымға шығарса, қалған 60 пайызын Ауғанстан мемлекетіне экспортқа шығарған. Қожалық төрағасы ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға, балабақшаларға күріштен қарасып, қайырымдылық жасап тұрады.

 

Ауыл шаруашылығын әртараптандыру бойынша да күріштің пайдасы орасан. Бұл дақылды еккен жерге арамшөп шықпайды, күріштен кейін оның орнына егілген кез-келген дақылдың өнімділігі бұрынғыдан әлдеқайда артатынын айтады мамандар. 

 

Ұзын ата ауылында биылғы жылы 180 гектар жерге күріш егіліпті. Ал Шардара ауданы бойынша егілген 1115 гектар күріштік алқапқа орақ түсіп, оның 530 гектары жиналып үлгерді. Диқандар қырманына 3720 тонна күріш салысы жиналды.

 

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметі бойынша, күріштің орташа өнімділігі гектарына 70,2 центнерден айналуда. Орақ соңына дейін өнімділік көлемі тағы да арта түседі деген болжам бар.  

 

М. ДАНА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ