«Көгілдір отын» келер күн жақын

12.09.2018
Қаралды: 137

Бүгінгі күні «көгілдір отынның» қажеттілігі күн санап артуда. Әсіресе көмір бағасының жыл сайын шарықтауы ауылды жердің тұрғындарына ауырлық туғызып жатқаны анық. Қазіргі кезде газбен қамтылмаған аймақтарды газдандыру жұмысы қолға алынып, соған сәйкес қажетті қаржы сомасы да қарастырылып жатыр. 

 

Ордабасы – Шымкентке іргелес болғанымен де «көгілдір отын» әлі жетпеген аудандардың бірі. Мұнда 57 ауыл болса, соның тек 8,2 па­йызы, яғни Бөржар ауыл округіне қатысты Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар, Теспе, Ықыластемір секілді 5 ауыл ғана газбен қамтамасыз етілген. Оған қосымша Бадам ауылының бір бөлігі ғана жеке кәсіпкерлердің есебінен табиғи газ тұтынып отыр. Осындай отынның тапшылығы негізінде 2015-жылы облыстық бюджет есебінен Темірлан елді мекені арқылы Арыс қаласына дейін тартылатын газ құбырын салу құрылысы жобасына 4 731 563 мың теңге қаржы қаралып, сол жылы 1 миллиард теңгесі игерілсе, 2016-жылы оның 1 708 954  мың теңгесі жұмсалған болатын. Ал 2017-жылы қалған 2 022 609  мың теңгесі толығымен игерілді. Алдағы уақытта «Темірлан» автоматтандырылған газ тарату станциясынан Қажымұқан ауыл округінен – 7, Шұбар ауыл округінен  – 6, Қараспан ауыл округінен – 14, Шұбарсу ауыл округі толықтай, Жеңіс ауыл округінен – 2, Бөген ауыл округінен  – 2, Бөржар ауыл округінен 3 елді мекен табиғи газ тұтынатын болады. Ал Төрткөл ауыл округінің 10 елді мекені мен Қарақұм ауыл округі «Қарақұм» автоматтандырыл­ған газ тарату станциясынан табиғи газ тұтынатын болса, Бадам ауыл округінің – 6 және Бөржар ауыл округінің 5 елді мекені табиғи газды Шымкент қаласынан тұтынатын болады.

 

Осынау қыруар қаржы жұмсалып отырған  ауданды газдандыру жұмыстары төңірегінде Ордабасы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі Ас­қар Балабиев (суретте) мырзамен әңгіме­лескен едік.

 

– Асқар мырза, бүгінгі күні аудан орталығы Темірлан елді мекенін газдандыру құрылысына жалпы көлемде қанша қаражат жұмсалды?

 

– Темірлан елді мекенінің ішкі газ тарату жүйесінің құрылысына 2018 – 2019-жылдарға 2 094,4 миллион теңге қаржы бөлініп, 2018-жылы 789,6  миллион теңге толық игерілді. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен тағы да қосымша 300  миллион теңге қаралған болатын. Сәйкесінше, жер астымен жүргізілетін полиэтилен құбырдың 99,98 шақырымы, жердің үстімен жүргізілетін темір құбырдың 17,4 шақырымы төселді. Сонымен қа­тар, 50 шкафты реттеу бекеті, 1696 шкафты реттеу бекетінің аяқшалары орнатылды. Темірлан­ның әлі де газ құбырымен қамтылмаған бөліктерінде қазіргі таңда жұмыстар қарқынды жүргізіліп жатыр.

 

– Енді «көгілдір отын» қашан берілмек?

 

– Ол үшін елді мекеннің 60-70 пайызы газ құбырын өз үйлеріне тартуы тиіс, сонда ауылға табиғи газ жіберілетін болады. Айта кетсек, жеке үйлерге газ құбырын тарту жұмыстарымен арнайы лицензиясы бар фирмалар айналысады. Олар өздерінің есептелген бағаларын қоя отырып жұмыс жасайды. Біздікі – тек көше бойына құбыр жүргізу.

 

– Ауданның басқа ауылдарындағы газдандыру мәселесі қалай жүзеге асырылуда?

 

– Қажымұқан, Көктөбе, Боралдай, Қызылсеңгір елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету үшін жобалау – сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өткізілді. Облыстық салалық басқармаға құрылыс жұмыстарына облыстық бюджеттен қаржы қарастыру ұсынылды. Сонымен қатар, облыстық бюджеттен Амангелді, Ынталы, Батыр ата ауылдарын газбен қамтамасыз ету үшін жобалау сметалық құжаттама әзірлеуге 19,6 миллион теңге қаржы бөлініп, бүгінгі таңда сол аталған құжаттама әзірлену үс­тінде. Сол секілді, Төрткөл, Қарақұм, Бөген, Жеңіс ауылдарына жобалау – сметалық құжаттама әзірлеуге аудандық бюджеттен 45 127,2 мың теңге қаржы қаралып, құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Ал Кемер, Шұбарсу, Бірлік, Жамбыл және Қараспан, Төрткөл, Шұбар ауыл округтерінің елді мекендерін қоса есептегендегі 32 ауылды табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында сәулет-жоспарлау тапсырмасы дайындалып, жобалау сметалық құжаттама әзірлеу үшін 2018 – 2019-жылдарға аудандық бюджеттен 377 464,5 миллион теңге қаржы қарастырылды. Қазіргі уақытта жобалаушы мекемелермен келісім-шарттар түзілді. Енді жобалау – сметалық құжаттама әзірлеу жұмыс­тары жүргізілуде. Қалған Бадам, Ордабасы, Ақбұлақ, Дербес, Қарабас­тау, Мамыр, Диқан, Қалаш атты сегіз елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету үшін сәулет – жоспарлау тапсырмасы әзірленуде.

 

Жалпы, ауданды толық газбен қамту жұмыстарын 2022 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

 

Міне, газдандандыру жұмысы осылай кезең-кезеңімен және әр ауылдық округтер бойынша бөлек-бөлек жүзеге асырылады. Бұл тек қыруар қаржыны ғана емес, қажырлы еңбек пен біршама уақытты талап ететіні тағы бар. Десек те «кө­гілдір отын» келер күн жақын. Сол кезде пеш жағып арпалысқан ауыл тұрғындарының қуанышында шек болмасы белгілі.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ. 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ