Почта қызметі халықпен қоян-қолтық жұмыс істейді

12.09.2018
Қаралды: 117

9-қазанда дүние жүзі почта күнін тойлайды. Бұл сала қызметі қай уақытта да маңызды рөлге ие. Олай дейтініміз – баспадан шыққан баспасөз почта арқылы тарап, халыққа жеткізіледі. Осылай халық жаңалықтардан бастап, барлық хабарларды біліп отырады. Сондықтан қандай заман болса да аталмыш сала жұмысы қолданыстан қалмақ емес.

 

Атаулы мерекені Шымкент қаласындағы «Қазпочта» акционерлік қоғамы Түркістан облыстық филиалы жазылушылар күніне 25 жыл толуын қосып тойлады.

 

Біз іс-шараның ортасында жүрген филиал басшысы Бақытжан Ысқақ мырзаны әңгімеге тарттық.

 

«Почта күні тек біздің ғана емес, жалпы халықтың да мерекесі. Қызметімізді одан әрі қарай дамытып, тұрғындар үшін бар күш-жігерімізді салып жұмыс жасап жатырмыз.

 

Өздеріңіз білетіндей, бізде негізінен барлық төлемдер қабылданады. Зейнетақы мен жәрдемақы да осы жерден босатылады. Сонымен бірге баспасөзге жазылу науқаны да осында жүзеге асырылады. Қазір 2019-жылдың баспасөзіне жазылу қауырт жүруде. Шымкенттен тарайтын газеттерге халықтан сұраныс өте жоғары. Жазылушылар жұмыс барысымен таныс. Науқан уақытында келіп, қалаған басылымдарға жазылып кетеді. Оны үй-үйге жеткізу бұрындары біршама қиындықтар тудырғанымен, қазір бұл мәселе шешімін тауып, жазылушылардың көңілінен шығу үшін еңбек етудеміз.

 

Ал бүгінгі мерекеге орай барлық әріп­тестерімізді және жазылушыларды ме­рекелерімен құттықтаймын. Халықты алдағы жылдың газет-журналдарына жаппай, көптеп жазылуға шақырамын», – деді филиал басшысы.

 

Іс-шарада озық қызметкерлер марапатталды. Сондай-ақ лотереялық ойындар ұйымдастырылып, тегін газет-журналдар таратылды.

 

Біз де өз кезегімізде почта байланыс қызметкерлерін төл мерекелерімен құттықтаймыз! Ал оқырмандарға республикалық «Замана» газетіне де жазылуды ұмытпаңыздар дегіміз келеді.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ