Бүгінде баланың да, ата-ананың да миы ашып жүр

12.09.2018
Қаралды: 158

Бүгінде мектеп табалдырығын аттаған әрбір бүлдіршін жаңартылған бағдарламамен білім алып жатыр. Ал ата-аналардың көбі оны бала үшін өте қиын деп санайды. Өйткені үй тапсырмасын орындауда олар да балаларымен бірге қосыла сабақ оқып кететіні де жасырын емес.

 

«Қазіргі жаңартылған бағдарлама қиын ба?» – деген «Фейсбуктегі» сауалыма бір күнде көңілі толмаған 200-ден астам ата-аналардың пікірі түсіпті. Соның ішінде Гүлжан Миятбекова есімді желі қолданушысы: «11 жыл мектеп, 7 жыл университетте оқығаным аз болып, енді қайта 1-сыныптан бастап оқып жүрмін. Мектепке бірге барамын, сөмкені көтеремін, бірге сабақ оқимын, енді тағы 12 жыл мектеп оқымасам бол­ғаны», – десе, Индира Мұханова: «Қазіргі бағдарлама өте қиын. Репетитор жалдап оқып отырмыз. Математикалары миға сыймайды. Не керек, репетиторлардың заманы жүріп жатыр ғой», – деп жазады.

 

Алуа Еркебаева: «Жаңартылған бағдарлама балаларды оқыту үшін емес, ата-аналардың білімін тексеру үшін шығарылған сияқты. Мектепте жақсы оқығандар балаларына көмектесе алады, оқымағандар түсінбейді де», – деп пікір білдірсе, Абай Жылқайдарұлы: «Қазіргі мектеп бағдарламасынан оқушының ғана емес, ата-ана ретінде біздің де басымыз айналады. Оқулықтардағы қатеден көз сүрінеді. Бір мағыналы, жүйелі емес. Білім министрі лауазымына тағайындалған әр шенеунік өзінше бір реформа жүргізіп, жаңалық енгізген болады. Бірақ түбегейлі өзгеріс, бірізділік жоқ», – деп ашынады.

 

Мұндай сөздерді оқу орталықтары да қостап отыр. Қазір Шымкентте балаларға арналған осындай орталықтар жетіп-артылады. Соның бірі – «Білімпаз бала» оқу орталығы. Орталық оқытушысы Мәдина Саттарбекқызына осы мәселе төңірегінде сауал тастаған едік. 

    

– Мәдина ханым, бүгінде білім ор­та­лық­­тарына сұраныстың арту се­бе­бі неде?

 

– Оның басты себебі – қазіргі бағдарлама өте қиын. Қазіргі 3-сыныптың оқушылары 4-сыныптың бағдарламасын оқып жатыр. Сондықтан балалар тү­сінбей жатады, сұрақтары көп. Математиканы алар болсақ, ол көбіне логикаға құрылған. Ата-аналар да түсінбейді. Бағдарлама қиындап жатқандықтан ата-аналар балаларын осындай орталықтарға береді.

 

Шынында да, жоғарыда айтқандай, репетиторлардың заманы жүріп-ақ тұр. Баланы мектептен тыс оқыту ақысы өңірімізде 10 мыңнан 25 мың теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Баланы үйде отырып оқытуға ата-ананың білімі не уақыты жетпегендіктен, репетиторға немесе репетиторы бар орталықтарға жетектеп әкеледі. Ал ондай ақшаны ай сайын беріп тұру ауырлық туғызатындар немесе қажет деп таппайтындар – өздері  оқушы, өздері мұғалім болады.

 

«Оқулықтағы қате» демекші, Көкшетаудың ақыны Қуаныш Оспан өзінің қыркүйектің басындағы бір жазбасында былай дейді:

 

«Бүгін мектепте ұлыма кітап беріпті. Парақтап шықтым. Қазір «Әдебиеттік оқу» деген пән бар екен. Құрастырушылар қалай болса солай жазғанға ұқсайды. Ішінде қазақтың ақын-жазушыларының шығармалары, соңынан қысқаша сипаттама беретін кесте берілген. Сонда: «Абай Құнанбаев – Семей өңірінде туған, ақын, аудармашы» дей салады. Қадыр Мырза Әлі де, Мұқағали да, Фариза да жай ғана «аудармашы». Оны қазіргі балалар қалай түсінеді? Бір мекемеде іс-қағаздарды аударып отыратын «переводчик» деп ойламасына кім кепіл?! Біраз жазушылардың суреттері де жоқ. Әзілхан Нұршайықов, Тоқаш Бердияровтар жай ғана «Ұлы Отан соғысына қатыс­қан» деп беріліпті. «Әдебиеттік оқу» кітабында Мұхтар Әуезов атымен жоқ. Не дейсіз? Есесіне Василий Сухомлинский бар. «Өзін-өзі тану» кітабының бірінші-екінші сабағы Абайдан басталады да, үшінші-төртінші сабақ «Х.К.Андерсеннің дана ертегілері» деп «Түймеқыз» («Дюймовочка»), «Оле-Лукойе», «Гадкий утенок» кетеді. Қазақта ертегі жоқ па еді? Мұнда да Сухомлинский бірнеше жерде өріп жүр. Лариса Кобзеева, Михаил Андрианов, Валентина Осеева, Константин Ушинский, Анжелика Карабутова, Иван Василенко, Михаил Водопьянов дегендерден көз сүрінеді. Ал сонда біз «Өзін-өзі тану» деп кімді танып жүрміз?

 

Бұл – бергі жағы, басқа кемшіліктері жыртылып-айырылады».

 

...Осы екінші сыныпқа арналған «Өзін-өзі танудың» 102-ші бетіндегі: «Жақында біздің сыныпқа жаңа оқушы келді. Есімі – Майкл. Оның ата-анасы біздің елге жұмыс бабымен көшіп келген. Онда тұрған не бар дерсіз. Бірақ олай емес. Ол – Африка тектес ресейлік. Қазақстан үшін біртүрлі естілетін шығар. Ал Семей қаласы үшін бұл Жалын құсын көргендей», – деген мәтіннің Семей тұрғындарын бір даурықтырғаны туралы «Еуразия» арнасынан хабарлаған болатын.

 

Бұл – біз айтып отырған жаңа бағдарлама негізінде басылып шыққан оқулықтар. Оқулық сан жағынан да, сапа жағынан да ұдайы ақсап жататыны жасырын емес. Оқулықты бірнеше бөлікке бөліп тастады. Сөйтіп, баяғы сырты қатты, іші қалың кітаптардың орнын журнал секілді жұп-жұқа кітаптар басты. Бір оқу жылынан соң-ақ парақтары жан-жаққа шашылған оқулықты көргенде ішім ашыды.

 

Десек те мектеп тарапы аталмыш бағдарламаның артықшылығын айтып, бала үшін ешқандай қиындығы жоқ екенін тү­сіндіріп әлек. Қаламыздағы Ө.Жәнібеков атындағы №19 мектептің бастауыш сынып мұғалімі Нәзира Сабырәлиева: «Жаңартылған білім бағдарламасының артықшылығы сол, оқушылар сын тұрғысынан ойлауға, зерттеу жұмыстарын жүргізуге, тәжірибе жасауға, ақпараттық технологияларды қолдануға, жеке, жұппен, топта жұмыс жасай білуге, өз ойларын ашық айтуға, жан-жақты ізденуіне ынталандырады. Оқушыларды шынайы проблемаларды анықтай білуге, зерттеуге жұмылдырады. Оқулықтағы тапсырмалар берілген мәтіннің мазмұнын айтумен ғана шектелмей, мәтінге қатысты сұрақтар құрастыруына, болжам жасауына, жақсы мен жаманды айыра білуіне жете­лейді», – дейді.

 

Жаңартылған бағдарламаның тағы бір ерекшелігі – бұрынғыдай  бала жаттанды білім үшін бағаланбайды және сабақ үстінде тек мұғалім сөйлей бер­мейді, керісінше, баланы көбірек сөйлетуге, баланың өздігінен түсінуіне арнал­ған тапсырмаларды орындатуға тырысады. Бүгін жаттап келіп, ертең ұмытып қалатындай емес, бүгінгі білімін ертеңгі күні де өз өмірінде пайдалана алатындай жағдай жасайды. Осы ретте баланың үй жұмысын орындатуда ата-аналарға педагог-психологтар мынадай кеңестер ұсынады:

 

Біріншіден, баланы мезгілімен сабақ қарауға үйрету керек. Мектептен келген соң біраз демалып, кем дегенде 1 – 1,5 сағаттан соң үй жұмысын орындауға отыруы тиіс. Егер бала үйірмеге барса, онда сабақты кештеу қарауға болады, бірақ түнге қалдырмауы керек.

 

Екіншіден, баланың үстел басында сабақ оқып, ұзақ отыруына рұқсат етпеген дұрыс. Арасында  5-10 минут үзіліс беріп тұру керек. Жеті жасар балаға 15-20 минут уақыт берілуі керек. Үшінші, төртінші сынып оқушыларына 30 – 40 минут уақыт жетеді. «Барлық сабақты орындағанша орныңнан тұр­майсың» деу дұрыс емес.

 

Үшіншіден, мектепте берілген тапсырмалардан басқа қосымша тапсырма бермеген жөн. Мәселен, бірінші сынып оқушыларына арнайы тағайындалған күнделікті сабақтар саны бар, мөлшерлеме сол сағаттардан асып кетсе, бала шаршап, еңбекке қабілеті төмендейді. Сол секілді сыныпта қате орындалған тапсырмаларды да қайта орындатпау керек. Оны тексеруге, қатесін түзетуге болады, бірақ қайта көшірудің қажеті жоқ.

 

Төртіншіден, сабақтардың түгел орындалғанын қадағалау қажет. Себебі кейбір оқу материалдары меңгерілмей қалуы мүмкін. Бала үй тапсырмасын орындағанда ата-ана жанында болуы керек. Бастапқыда балалар көп қателік жіберіп, дәптерлерін кірлетіп тастауы мүмкін. Сол кезде ата-ана үй тапсырмасының таза, ұқыпты, дұрыс орындалуын талап етіп, қадағалағаны жөн. Бірақ талаптар баланың мүмкін­шілігіне қарай болуы тиіс. 

 

Бұл бастауыш сыныпта баласы бар әрбір ата-анаға қажет кеңестер деп білемін. Бәлкім баяғы «бестіктердің» орнын балл басқан жүйеге шынында да үйренісе алмай жатқан болармыз. Дегенмен жаңару арқылы ғана даму болатынын ескерсек, мұны да бір сынап көрген дұрыс шығар, кім білсін...

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ