Сарыағашта инсульт орталығы ашылды

12.09.2018
Қаралды: 138

Соңғы екі айда Түркістан облысындағы бірнеше аудандық ауруханада инсульт орталығы ашылып, олар компьютерлік томографиямен жабдықталған болатын. Қуаныш кезегі Сарыағаш ауданына да жетіпті. Аудандағы орталық ауруханаға да компьютерлік томографияның әлемдегі ең соңғы үлгісі орнатылды.

 

Бұл аурухананың тұрғындарға қызмет етіп келе жатқанына келесі жылы 30 жыл болады. Өткен жылы ол аудандық емханамен біріктірілген болатын. Содан бері емдеу мен сауықтыру, аурудың алдын-алу мен саламатты өмір салтын насихаттау жұмыстарын қатар мойнына алған мекеме 200 мыңға тарта тұрғынның денсаулығына қамқорлық жасап келеді.

 

Аталмыш аурухана 492 орындық. Ал емхана 109 күндізгі төсек орнымен қамтыл­ған. Онда 2121 медицина қызметкері еңбек етеді. Мұнда жылына 25 мыңға тарта адам ем алады екен.

 

Негізі Сарыағаш аудандық ауруханасының қарамағына 75 медициналық емдеу нысаны кіреді. Оның ішінде 20 дәрі­герлік амбулатория,  29 фельдшерлік-акушерлік пункт, 14 медициналық пункт, 6 ауылдық аурухана мен жұқпалы аурулар бөлімшесі, бастапқы медициналық көмек көрсету орталығы, тері-мерез және туберкулез диспансері, жедел медициналық жәрдем бекеті бар. Ондағы дәрігерлер тұрғындарға сапалы, мамандандырылған және барынша қолжетімді медициналық көмек көрсетуге тырысады. Үнемі кәсіби біліктілігін арттыру және шеберлік сабақтарына қатысып, медицинаның соңғы же­тістіктері мен үлгілері бойынша тәжірибе алмасып тұрады.

 

Өткен жылы 192.882.925,63 теңгеге 209 медициналық жабдықтар алынған екен. Оның ішінде өкпені жасанды тыныс алдыру, ультрадиагностикалық зерт­теу жасау, жаңа туылған нәрестелерге арналған инкубатор мен назальды педиатриялық қондырғылар бар.

 

Аудандағы медицина мекемелерін ке­ректі жабдықтармен қамтамасыз ету жұ­мыс­тары мұнымен аяқталмайды. 2018-жылға тағы да 83.615.000 теңгеге медициналық аппараттар алу жоспарланған екен. Біз жоғарыда айтқан компьютерлік томо­графия осының арқасында алынып отыр. Одан бөлек, операциялық үстел, радиографиялық рентгендік қондырғы сынды бірнеше аппараттар алынған. Осылайша аудан тұрғындарына көрсетілетін медициналық көмек сапасы арта түскені анық.

 

«Соңғы үлгідегі компьютерлік томографияның көмегімен бас-ми жарақатын, бас­тағы ісіктер мен қабыну процесін, сүйек құрылымындағы аурулардың ауыр жағда­йын ерте анықтауға мүмкіндік туып отыр», – дейді Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев. Облыстың бас дәрігері осындай соңғы үлгідегі медициналық қондырғылармен облыстың барлық ірі ауруханалары жабдықталатынын айтты. Яғни инсульт пен оның қаупін ерте анықтап, емдеу үшін аудан тұрғындары енді Шымкентке шап­қылап әуре болмайды деген сөз.

 

Ауданда инсульт орталығының ашылу оқиғасына Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев та қатысты. Іске қосыл­ған заманауи қондырғының жұмысымен танысқан облыс әкімі ауруханаға су жаңа үш жедел жәрдем көлігін сыйлады.

 

Р. САҒАТҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ