Шәкірттерін ағаштан түйін түюге баулиды

11.09.2018
Қаралды: 57

Ағаш пен темірді ұршықша иіріп, түрлі бұйымдар жасау – хал­қымызда ежелден келе жатқан іс. Бірақ бүгінде қолөнермен кез келген адам айналыса бермейді. Десе де қазіргі шеберлеріміздің жасап жатқан кей дүниелері адамның таңданысын еріксіз тудырады. Солардың қатарында Шымкент қаласындағы №90 мектептің «Технология» пәнінің оқытушысы Қыдырәлі Ағыбаевтың жо­ғар­ғы сынып оқушыларын жұмылдыра отырып жасаған дүниелері де бар.

 

Қыдырәлі Ағыбаев – тек мұғалім ғана емес, сонымен қатар қолөнер шебері, ағаш ұстасы. Ол аталмыш пән бойынша сабақ береді, оқушы ұл балаларды өнерге баулиды. Өзі басшылық ете отырып, білім алушы жас буынды қолөнердің қыр-сырына қанық етеді. Нәтижесінде көптеген көз қуантарлық бұйымдар пайда болуда. Таяуда Шымкент қаласында өткен «Халық мұрасы – халық қазынасы» атты қолөнер ше­берлерінің көрме-жәрмеңкесінде ағаштан жасалған зеңбірек, велосипед, арба, тақтасы биік шахмат секілді ерекше дүниелерімен бірінші орынды иеленген де осы №90 мектеп болатын. Сол көп дүниенің іші­нен ерекше көзге түскені - арбалы ат. «Бұл атты біз бір жылға жуық уа­қыт жасадық», – дейді Қыдырәлі мырзаның өзі.

 

– Қыдырәлі мырза, ат жасау идеясы қайдан келді?

 

– Ең алдымен мектебіміздің директоры Арман Шымбайұлының тарих мамандығы бойынша білім алғандығын тілге тиек еткім келеді. Біздің бүгінгі ойларымызға сол кісінің де қосар үлесі бар.

 

Осыдан 3000 жылдай бұрын ежелгі Арқайым қаласынан алғашқы арба табылған болатын. Біз соның үлгісін жасадық. Содан соң сәйкесінше атты жасауды да қолға алдық. Алғашында тек қаңқасын ғана жасап, сыртын қаптай саламыз ба деп ойладық. Кейіннен ағаштан ойып жасауды шештік. Бұл – сол еңбегіміздің нәтижесі. Мұның алдыңғы аяғынан құлақтың ұшына дейінгі биіктігі – 220 сантиметр. Яғни бұл кәдуілгі аттың пропорциясымен жасалды.

 

– Көбіне қандай ағаш түрлерін пайдаланасыз?

 

– Бізде ағаш түрін таңдап отыратын мүмкіндік жоқ, себебі мектепке арнайы ағаш түрі алынбайды. Сондықтан қолымызға қандай ағаш түседі, сол ағашты пайдалана бе­реміз. Оның да жарылатыны, жұмсағы болады, соған қарай жасауға келетін нәрселерге орнымен қолданамыз. Ал, жалпы, ағаш материалдары мек­тебіміздің жанында орналасқан «АҚ Орда» корпорация­сының тарапынан беріліп жатыр. Компания басшысы Садулла Қалыбеков мырза демеуші ретінде пән барысында жасалатын бұйымдарға пайдаланатын ағаш материалдарымен біздерді қамтамасыз етуде.

 

– Тағы қандай ерекше дүние­лер жасадыңыздар?

 

– Былтыр глобус жасадық. Оның диаметрі – 2 метр, биіктігі – 3 метрге жуық. Салмағы 300 килодан асады. Мектебіміздің екінші қабатындағы фойеде орналасқан. Глобустың биік­тігі төбе мен еденнің аралығын толық қамтып тұр. Барлық қауіпсіздік техникасы сақталған, мұғалімдер география сабағында балаларды ертіп әке­ліп, сабақ тақырыбын түсіндіріп жатады. Сондай-ақ көлемді, тақтасы биік шахматтардың да бірнешеуін жасаған болатынбыз. Оның фигураларын арнайы станок­қа салып жасадық.

 

Соған қоса сүндет тойда баланы отырғызып алып шығатын тақ та бар. Оның сыртқы жабуын мектебіміздегі  қолөнер үйрететін апайларымыз қолдан жасап, безендірді. Бұл дүние­лердің барлығы мектебіміздің мұражайында тұр.

 

– Өзіңіз қолөнерге қалай келдіңіз?

 

– Өзім Шымкент педагогика инс­титутының көркем-графикалық факультетінің түлегімін. Өз қалауыммен таңдап түскенмін. Сол жерде оқып жүрген кезден бастап бойымда өнерге деген қызығушылығым болды. Оқып жүріп, оны ары қарай дамытып, шыңдадым деп айта аламын. Өзімнің нағашым да ұста кісі еді. Сол кісіден дарыған қасиет болған да шығар. Бүгінгі күні технология және сызу пәндерінен сабақ беремін. Технология пәнінің негізінде ағаш бұйымдарын жасап шығарудамыз. Сурет те саламын. Егер бейнелеу пәнінен сабақ берсем, ол кезде де оқушыларыммен бірігіп, түрлі сурет туындыларын жасар ма едім деп ойлаймын. Жалпы, өнерге деген қызығушылығым өте жоғары.

 

– Ал оқушылардың қолөнерге деген қызығушылықтары қандай?

 

– Өте жоғары деп айта аламын. Осындай туындыларды көргеннен кейін олардың да өтіліп жатқан пәнге ғана емес, жалпы қолөнерге деген қызығушылықтары, соған қоса еңбекке құлшыныстары, іске ынталары күн санап артып келеді деп сенімді түрде айта аламын.

 

– Олай болса, іске сәт дейміз.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ