«1942-жылы Шымкент аспанынан неміс ұшағын көргенбіз», – дейді Шалқар ата

11.09.2018
Қаралды: 187

Шымкенттегі «Ысмайыл ата» мешітінде ұйым төрағасы болып істейтін Шалқар қажы Арысбаев деген жасы 80-нен асқан қариядан біз бір қызық әңгіме естідік. Ол Ұлы Отан соғысы кезінде өздерінің Шымкент аспанынан неміс ұшақтарын көргенін айтып берді. Сонда майдан шебінен өткен барлаушы ұшақтар біздің жаққа келсе, келген де шығар деген ойға қалдық. Өйткені Ұлы Отан соғысы кезінде жауға қарай атылған он оқтың тоғызы Шымкент қорғасын зауытының өнімінен жасалған деген сөз бар ғой.

 

«Ол кезде біз 9 – 10 жастағы балалармыз, – дейді Шалқар ата. – Түске дейін мектепте болсақ, түстен кейін колхоздың ұсақ-түйек жұмыстарына барамыз. Қызанақ теру, бидай басу, оны қоймаға өткізу, қырманды тазалау, тракторшыларға су тасу сияқты қыруар шаруаның ішінде жүреміз.

 

Қаланың қазіргі «Бакалейторг» деп аталып жүрген аумағында 1940-жылдары Сталин атындағы колхоз болатын. Үлкендер жағы колхоздың жұмысын істейді. Асанбай деген атамыз бригадир еді. Бір күні сол кісі қырман­ға күзетке шығатынымызды айтты. «Сабақтарыңды реттеп алғасын, кешке қарай қырманға Асқаров Төлеген мен Ақтай ағайыңды ертіп кел», – деді. Мұғаліміміз Ахметов Ақтай соғысқа қа­тысқан, майданнан бір аяғынан айырылып келген кісі еді. Бригадирдің айт­қанын ағай мен Төлегенге жеткіздім.

 

Біздер сол күні түнде қырман күзе­тінде болдық. Күндізгі жұмыстардан шаршаған болуымыз керек, бір мезеттерде ұйықтап кеткен екенмін. Біреу таяқпен түртіп оятты. Атып тұрдым. Көзімді уқалай ашқанымда ағайдың: «Сволочи фашисты! Мені іздеп жүр­сіңдер ме?!» – деп таяғын аспанға қарата шошаңдата айқайлап тұрғанын көрдім. Ол кісінің нұсқаған жағына қарасам, аспанда екі самолет ұшып жүр.  Ол кезде біз ұшақты жиі көре бермейтінбіз, оның үстіне ағайдың «фашистер» дегеніне аң-таң болып қалдық.

 

«Әй, балалар, анау – немістің самолеті-ау! Қанатындағы, құйрығындағы белгісіне қараңдаршы, көзім жетің­кіремей тұр», – деді ағай. Көзімізді уқалай, анықтай қарасақ, расында да қанатында бесжұлдыз емес, басқадай белгісі бар екі самолет айналып ұшып жүр.

 

Ертеңіне бұл жайлы үлкендер жағы да айтып жатты. Бірақ ресми түрде ештеңе айтылған жоқ. Ал біз ойын баласы болғандықтан ол оқиғаны көп ұзамай-ақ ұмытып кеткен едік.

 

Бұл жай менің есіме алғаш рет осыдан 6 жыл бұрын түскен еді. Жаңалықтардан семейлік бір азаматтың соғыс кезінде неміс самолеттері Қазақстанға да келген деп айтқанын есті­генмін. Сонда ондайды бізден басқа да көрген адамдар бар екен ғой деп ойлағанмын. Енді тағы да ойыма түсіп отыр».

 

Шалқар қария осылай деп бізді бір таңқалдырды. Айтуынша, бұл оқиға 1942-жылдың 22-маусымында болған көрінеді. Күннің дәл есте қалуы оның Ұлы Отан соғысы басталған күн екен­дігінде  (1941-жылғы 22-маусым) болса керек.

 

...«Елу жылда – ел жаңа» демекші, бір кездері Шымкенттің төңірегінде колхоз-совхоз болып отырған ауылдардың көбі бүгінде үлкейіп кеткен қаланың ішінде жатыр. Ал алғашқы өнімін сонау 1934-жылы берген Шымкент қор­ғасын зауыты бүгінде жоқ есепті, оның аты тарихта қалды. Естуімізше, оған қажетті алғашқы құрал-жабдықтардың көбін Кеңес елі сол кезде өнеркәсібі жедел өркендеп жатқан Германиядан алып отырған екен. Соған қарағанда, 1942-жылы немістің ұшақтары Шымкент жаққа келсе, келген де шығар, кім білген?

 

Дегенмен ол кезде немістердің Қазақстанға жақын аумақта одақтасы, жанар-жағармай құйып алатын қандай да бір бекеті болмағаны анық. Әлде ол қолға түскен неміс ұшақтары ма екен? Соғыс кезінде Шымкентте өзіміз­дің авиациялық полк тұрған ғой. Мүмкін біздің ұшқыштар қолға түсірілген неміс ұшақтарымен оқу-жаттығу өткізген болар?

 

Қысқасы, Шалқар қарияның әңгімесі бізді осындай сан ойларға қалдырды.

 

Б. РЫСҚҰЛ.

Шалқар қажы Арысбаевтың байланыс

телефоны: 8-701-464-46-71.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ