Шаяндықтар табиғи газ тұтынып жатыр

10.09.2018
Қаралды: 133

Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тікелей қолдауымен «Бейнеу – Бозай – Шымкент» магистральды газ құбырының құрылысы жүргізіліп, облысымыздың бірқатар аудандарын табиғи газбен сапалы қамтамасыз етуге мүмкіндік жасалынды. Осы бағытта Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Отырар, Бәйдібек, Ордабасы, Созақ және Сайрам аудандарына табиғи газ жеткізу үшін 7 автоматтандырылған газ тарату стансасы құрылысы жүргізіліп, оның төртеуі пайдалануға берілді.

 

Нәтижесінде Түркістан қаласы мен Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылына тұңғыш рет табиғи газ беріле бастады. 2020-жылға облысымыздың барлық аудан, қалаларындағы қо­сымша 318 елді мекендерінде 825,8 мың халықты 30 пайызға газдандыру құрылыстарын жүр­гізіп, барлығы 611 елді мекендегі халықты 90 пайызға орталықтандырылған табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланды.

 

Бүгінде Бәйдібек ауданындағы 55 елді мекенді «Бейнеу – Бозай – Шымкент» магистральді құбырынан тартылатын газ тарату станциясына қосуға дайындық жұмыстары жүргізілуде. 2017-жылдың басынан бастап Шаян елді мекеніндегі бірқатар жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын мекемелердің ғимараттары табиғи газ жүйесімен қамтамасыз етілді. Содан бері орталықтағы жеке секторларды газ жүйесіне жалғау бойынша «Нұр-Бағжан», «АБДИК», «ҚазМонтажКом» серіктестіктері, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ-ның «ТүркістанГаз» шаруашылығы мекемелері ар­қылы жұмыстар атқарылуда. Бү­гінгі күнге дейін аталмыш елді мекенде 1419 абонент құжаттарын өткізіп, газ қосуға өтініш білдіріпті. Қазіргі таңда Шаян елді мекенінде табиғи газ тұтынушы абоненттер саны 800-ге жетті.

 

«2017 – 2018-жылдар аралығында облыстық бюджет есе­бінен 8 елді мекенге (Ақбастау, Боралдай, Екпінді, Шалдар-Бекбау, Сарқырама, Жамбыл, Тас­құдық, Шыбыт) жеткізуші және ішкі газ тораптарының құрылысы жүргізіліп, нысандар пайдалануға берілуге жақын қалды.

 

Биыл қазан айының ішінде 7 елді мекенге (Ақбастау, Екпінді, Шалдар-Бекбау, Сарқырама, Жамбыл, Тасқұдық, Шыбыт) №18 Шалдар автоматты газ тарату стансасынан табиғи газ босатылуы жоспарланып отыр. Өңірдегі бір өзінде 11 ауылы бар Боралдай ауылдық округі табиғи газды Сайрам ауданындағы Көмешбұлақ елді мекенінен салынып жатқан автоматтандырылған газ тарату станциясынан алатын болғандықтан нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға бе­рілуі тиіс. Аталған станция пайдалануға берілген соң Боралдай елді мекені табиғи газбен қамтылатын болады», – дейді Бәй­дібек ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Кәдіржан Әбенов

 

Демек, санаулы күндерден соң жеті елді мекенге «көгілдір отын» жеткелі тұр. Бұған қатысты бірқатар ауыл тұрғындардың да пікірін білдік.

 

«Мен ауылдағы мәдениет үйінде еңбек етемін; – дейді Ақбастау ауылының тұрғыны Гау­һар Мұсаева. – Ауылға келін болып түскеніме де жиырма жыл­ға жуықтады. Қанша жерден ауылдың қызы болып, тезек ою, от жағу шаруасын меңгер­ге­німмен газ жағып отырғанды бала күннен бері армандап келемін. Міне, енді сол арманымның орындалуына да аз қалды. Үйімізге «көгілдір отынды» әу­пірімдеп қосып алсақ, күл шығарып, көмір іздеп қиналмайтын боламыз. Әрі үй жылы, бірқа­лыпты температурада тұрады».

 

Шыбыт ауылының тұрғыны, зейнеткер Сәбира Ярова да ауылға газ кіретініне қуануда.

 

«Енді келіндеріміздің жұмысы жеңілдейтін болды. Ауыл орталыққа жақын орналасқан. Жер­гілікті билікке алғыстан бас­қа айтарым жоқ. 40 жылдан бері осы күнді күттік қой. Осы ауылда 50 отбасы тату-тәтті, ауызбіршілікте өмір сүріп жатырмыз. Бұрын бір қысқа 4 тонна көмір, қи сатып алатынбыз. Оған қосымша электр пешін тағы қосатынбыз. Бір айда үйді жылытудың өзіне 40-50 мың теңге жұмсап жүрдік. Енді «кө­гілдір отын» келсе, от жағу бей­нетінен құтылатын боламыз», – дейді 60 жастағы ана. 

 

Президенттің бес әлеуметтік бастамаларында айтылған негізгі басым бағыттардың бірі елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз етуді жалғастыру екені белгілі. Енді алыс аймақтардағы халық «көгілдір отынның» игілігін көрмек. Мұның бұрын көмір жағып келген аймақтардың экологиялық ахуалын жақсартуға да өзіндік үлесі болмақ.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ