Кентауда керемет жылыжай салынбақ

10.09.2018
Қаралды: 61

Таяуда Түркістан облысы мен Түркия елі арасында ынтымақтастық меморандум жасалғаны белгілі. Осы келісім аясында түркиялық «Dal Holdіng Іnvestment CO» компаниясы облысымызда заманауи жылыжай салмақ ниетте. Аталған холдинг бұл мақсатқа 500 миллион долларға дейін  инвестиция бағыттамақ.

 

Біз осы келісімдердің басы-қасында жүрген азаматтардың бірі – «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік компаниясы» акци­онерлік қоғамы «Түркістан инвест» филиалының тауаша жобаларды талдау жөніндегі басқарушы директоры Нариман Ілиясовтан (суретте) бұған қатысты жұмыс барысы туралы білдік. (Тауаша жоба – нарықтың шағын буынына қатысты стратегия­лық ұс­таным).

 

«Түркістан облысының әкімдігі түркиялық инвесторларға жылыжай салуға  бөлі­нетін жер теліміне қатысты екі нұсқа ұсынды. Оның біріншісі Түркістанның өзінде, қаладағы индустриалдық аймақтың маңында, аумағы 61,7 гектарды құрайды. Оған жа­қын тұста сауда мен қойма қызметін дамытуға қолайлы сауда-логистикалық орталық бар.

 

Екіншісі – Кентау қаласынан, ол да индустриалдық аймаққа жақын жерде. Ол сондай-ақ «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне 25 шақырым таяу тұста. Аумағы 200 гектар жерді құрайды», – дейді Нариман Неруханұлы.

 

Түркиялық компания өкілдері Түркістан облысы әкімдігінің ұсынған екі жер телімін де барып көріпті, зерттеп-саралай келе екінші нұсқаға тоқталыпты. Яғни Кентау қаласы аумағындағы 200 гектар жерді таңдаған. Дегенмен оларды газ бағасының қымбаттығы ойландырыпты. (Мысалы, Ақ­төбе облысында  1 текше метр газ бағасы 12 теңге болса, Түркістан облысында оның бағасы 1 текше метрге – 36 теңге). Сондықтан компания жылыжай кешенінің электр станциясымен біріктірілген жобасын іске асыру жағына тоқталған көрінеді. Яғни электр қуатымен жұмыс істейтін жылыжай салмақ. Жоба іске асып, жылыжай жұмысына кіріскенде онда 3 мың адам жұмыспен қамтылатын болады.

 

...Осы орайда аталған түрік компаниясы жөнінде де айта кетейік. Стамбұлдық «Dal Holdіng Іnvestment CO» компаниясы нарықта 30 жылдан астам уақыт әрекет етіп келеді екен. Түркияның өзінде ғана емес, бірқатар әлем елдерінде бөлімдері бар. Бүгінде Оңтүстік Америкада, Африкада, Қиыр Шығыста, Таяу Шығыста, Орта Азияда инвестициялық жобаларын іске асыруда.

 

Бұл компания жобалаумен, жоғары технологиялық өнеркәсіптік қондырғылардың бірнеше түрлерін шығарумен және орнатып берумен айналысады, сондай-ақ оларды автоматтандырады, өнеркәсіптік процес­терге сараптама жасап, оларды оңтайландырып береді. Ол тіпті өнеркәсіптік шаң-тозаңды жиып алатын құрал жасап, Түркия­да шаң-тозаң жинайтын үлкен зауыт та салыпты.

 

Міне, осындай компания Түркістан облысында заманауи үлкен жылыжай салмақшы. Жоба іске асқан жағдайда ол 3 мың адамды тұрақты жұмыспен қамтымақ.

 

Н. ӘБДІ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ