Мақтааралдың мақтасы – өңіріміздің мақтанышы

11.09.2018
Қаралды: 204

Кешегі аптада Премьер-министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев пен Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өңірдің оңтүстік аудандарын аралады. Осы сапар кезінде олар Мақтаарал ауданындағы шаруа барысымен де танысты.

 

Олар Достық ауыл әкімшілігіне қа­расты Гүлстан ауылындағы «Дармон» шаруа қожалығына барды. Бұл шаруашылық 5 гектар жерге – жүгері, 41,38 гектар аумаққа мақта еккен екен. Қарамағында 4 трактор тіркемесімен, 1 комбайн бар. 15 адамды жұмыспен қамтып отыр. Бүгінде олар алға қойған жоспарды орындауға кірісіп кеткен.

 

Басшылар Өзбекстанмен шекарадағы «Достық» каналын, ондағы су реттегіш тоспаның жай-күйін көрді, ауданда қолға алынғ­ан «ПУИД-2» бағдарламасымен танысты. Осы бағдарлама аясында 3 кезеңдік дренаж ұңғымаларын салу, коллекторлар жүйесін, каналдарды тазарту жұмыстары жүргізілмек. Соның нәтижесінде бірнеше ауыл округтеріне қарасты 40 мың гектар аумақ жерасты суынан, тұздан арылатын болады. Аудан басшылығы тарапынан министрден бірқатар күрделі шаруалар бо­йынша көмек көрсету жөнінде сұралды, олар алдағы уақытта шешімін табатын болды. Жалпы, Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Мақтаарал ауданында атқарылып жатқан шаруаларға оң бағасын берді.

 

Мақтаарал ауданы биыл 38 мың 593 гектар жерге мақта еккен екен, енді соның әр гектарынан 21 – 24 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр. Мақта қабылдау бекеттеріне бүгінге дейін 20 мың тоннадан аса мақта жеткізіліпті. Мақта терімі аяқталғанша оны 80 мың тоннаға дейін жеткізбек.

 

«Биыл мақта терімін өткен жылғыдан екі апта кешіктіріп бастап отырмыз. Дегенмен қарқын жақсы. Өнім былтырғыдан жоғары болады. Себебі 2017-жылы мақтаға көсек құрты көп түскен еді. Биыл одан аман. Мақта жапырағын түсіруге қажетті дәрілеу жұмыстарын аяқтадық. Күн жылы болғандықтан көсектер тез ашылып жатыр.

 

Терімшілер жеткілікті, ауданымыз бо­йынша 368 бригада жұмыс істеуде. Мақтаның өткізілген әр килосы үшін терімшіге 30 – 40 теңгенің арасында ақы төленеді. Бүгін, сәрсенбі күні  килосына 34 теңгеден төленуде.

 

Мақта теретін 128 комбайнымыз бар. Өнімді жоспарда көрсетілген мерзімге дейін жиып аламыз деген сенімдеміз», – дейді Мақтаарал ауданы әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Өсер Мырзамданов.

 

Ол кісінің айтуынша, бүгінде Мақтаарал ауданында 5 мақта зауыты бар екен. Қазір олар диқандардан мақтаның килосын 170 теңгеден қабылдап жатқанын білдік. Мақтаның Ливерпуль халықаралық биржасындағы бағасы өссе, одан қымбатыраққа да алатын болып келісіліпті.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ