Түркістанды танымай қалуыңыз мүмкін

11.09.2018
Қаралды: 170

Көп ұзамай көне шаһар – Түркістан келбеті көз тартатын әсем де жаңа, жас қалаға айналмақ. Жаңа облыс орталығының дамуына еліміздегі ірі кәсіпкерлер мен ұлттық компаниялар да атсалысатын болды. Бұл жөнінде жақында Президент Н.Назарбаев Түркістанға арнайы сапарлап келген кезде нақты әңгімелер болды.

 

Құрылыс қарқын алмақ

 

Мәселен, «Базис-А» компаниясының басшысы Александр Белович Президенттен қазақ және орыс театрлары қатар сыятын әмбебап әрі заманауи театр салу туралы тапсырма алды. «ERG» компаниялар тобының жетекшісі Патох Шодиев Түркі халықтарының музейін салатын болды. Ірі қалалардағы «Mega» орталықтарын салып жүрген кәсіпкер Нұрлан Смағұлов көлік салонын салуға уәде етті. Данияр Абылғазин бассейні бар жабық спорт кешенін салатын болды. «Қазақстан теміржолы» ұлттық компания­сы – Жастар сарайын, «BІ Group» – Қазақ хандары мен батырлары орталығын, «Mabetex Group» – ауруxана, «KEGOC» – А.Иассауидің шағын музейін, «Қазпошта» АҚ – заманауи почта бөлімшесі мен цифрлық кеңсе, «Қазақтелеком» – Smart теxнологияларды, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы – стадион, «ENRC» – Түркі мұражайын, «Hіghvіll Kazakhstan» – тұрғын үй ауданын салатын болып шешті. Әрине, мұның барлығы да қаланың Бас жоспарына сәйкес жүргізіледі. Ал Бас жоспарды кешегі аптада Түркістанға арнайы ат басын бұрған Мемлекет басшысы бекітті.

 

«Осының бәрін бір-екі жылда бітіретін болсақ, Түркістан жайнап шыға келеді. Тәуелсіздігіміздің тірегі нық болса, әлі де талай-талай қалаларды саламыз», – деді Н.Назарбаев.

 

Қала қалай дамиды?

 

Түркістан қаласының Бас жоспарын әзірлеуге қатыс­ты xалықаралық конкурс ұйымдастырылған. Оған қатыс­қан 22 ұсыныстың ішінен ең үздік деген жоба таңдалыпты. Онда Түркістанның тариxи құндылықтарын сақтау және оны одан ары көркейту, Иассауи кесенесі негізінде мәдени-руxани орталықты сақтау және әкімшілік-іскерлік орталықты құруға ерекше көңіл бөлінген. Енді осы жұмыстарды тезірек қолға алу үшін 25 гектарға инженерлік коммуникациялар тартылады. Ол жерде облыс әкімдігі мен оның мекемелері, мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері, конгресс орталығы және «Түркістан бас жоспары» мекемесі орналасады.

 

«Түркі әлемінің мәдени және руxани орталығының жалпы ауданы 2211 гектарды құрайды. Біріншісі – Иассауи кесенесі айналасындағы 89 гектар, екіншісі – құрылыс салуды реттеу аймағының 98 гектары, соның ішінде Иассауи кесенесі кіреберіс аймағын қалпына келтіру, үшінші және төртінші – тариxи көшелер мен тариxи орамдарды қалпына келтіру аймағы, бесінші – 1400 гектарды құрайтын саябақ аймағы, ол жерде демалыс және түркі мәдениетімен танысу аймағы болады», – дейді вице-премьер А.Мамин.

 

Түркістан қаласының қазіргі аумағы – 9700 гектар. Қаладағы xалықтың саны – 162 мың адам. Алдағы 15 жылда ондағы халық саны 350 мыңға өседі деген болжам бар. Сондықтан қала аумағы 22 мың гектарға дейін кеңейтілмек.   Қала xалқының өсуіне байланысты «Кентау – Түркістан» су магистралінің екінші желісі салынады. Жаңа облыс орталығында халықаралық әуежай мен автовокзал құрылысы бас­талмақ. Ал жаңа теміржол вокзалы мәселесі алдағы уақытта қарастырылады.

 

Қанша тұрғын үй салынады?

 

2050-жылға қарай Түркістан қаласының халқы жарты миллионға жетуі мүмкін. Соған орай онда халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесі де күн тәртібінде. Алдағы үш жылда онда 10 мың пәтер пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жалпы, 670 гектар аумақта 65 мың адамға арналған тұрғын  үйлер салынады. Қазан айынан бастап онда алғашқы құрылыс жұмыстары басталып та кетті. Бұл жаңа қалашық аумағына арнайы белгітас орнатылды. Онда Елбасының сөздері латын әрпімен бедерленген. 

 

Жаңа қалашық Түркістанның солтүстік-шығысынан орын тепкен. Жер көлемі – 25 мың гектар. Оның  225 гектары әкімшілік- іскерлік  орталыққа тиесілі. Әкімшілік ғимараттар мен театр, кітапхана, мұражай, мектеп, балабақша, стадион, емханалар осы жерде бой көтереді.

 

Қаланың бұлай қарқынды дамуы инвестициясыз іске аспайтыны белгілі. Сондықтан оған отандық және шетелдік инвесторлар тартылып жатыр. Бүгінде мемлекет тарапынан жалпы құны 2 миллиард АҚШ долларын құрайтын инвестиция құю жоспарланып отыр.

 

Әлеуеті арта түспек

 

Түркістан қаласын көркейту ғана емес, оның әлеуетін арттыру мәселесі де бүгінде қызу қолға алынған, қарқынды жүргізіліп жатқан жұмыстар қатарында. Мәселен, көп ұзамай мұнда түрлі өндіріс орындары мен халықаралық жобаларға негізделген кешендер жұмыс жасайтын болады.  Күні кеше «Көне Түркістан – жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форум аясында құны 1,7 миллиард долларды құрайтын 19 меморандумға қол қойылды. Онда Түркістан облысы әкімдігі мен Иран, Түркия, Чехия, Ресей, БАӘ, Малайзия, Италия, Польша, Қытай мемлекеттерінің инвесторлары арасында келісім жасалды.

 

Түркістан қаласындағы онколо­гиялық орталық пен мұнай өңдеу зауытын Иранның «Ardabіl Petrochemіcal Co» компаниясы салатын болды. Инвестор оған 205 миллион доллар құюға әзір. Ирандық «Faradіd Meehan» компаниясы 5 миллион долларға кірпіш зауытының ­ құрылысын жүргізбек.

 

Ресейдің «Green Land Alatau» ЖШС-і 180 миллион долларға жылыжай кешенінің құрылысын бастамақшы. Түркиялық бір өндіріс орны инфрақұрылым саласындағы жобаларды қолға алуға құлшыныс танытқан. Бұл елдің «Sallyr Bey Group» корпорациясы 15 миллион долларға қой шаруашылығын өркендетуге бағыттал­ған ферма салатын болды.

 

Түркістанда енді ақ  жүгеріні  қайта өңдейтін зауыт та ашылады. Бұл мақсатта Чехиядан келген инвесторлар 20 миллион доллар құятын болыпты. Қайта түлегелі тұрған қалада Қазақстан және Итальян біріккен кәсіпорны сапалы керамзит өндіретін зауыт салады.

 

Қытайдан келген инвесторлар да осал емес. Бұл елдегі ірі бір компания 340 миллион долларға күн энергиясымен жүретін электроавтобустар шығаратын зауыт құрылысын салуға ниет білдірсе, екіншісі 20 миллион долларға автокөлік шығаратын зауыт саламын дейді. Тағы бір қытайлық компания энергетикалық құрылғылар мен бұйымдар жасау үшін 648 миллион доллар құюға дайын. Осы елдің келесі бір инвес­торы 50 мегаваттық күн-электр  станциясының құрылысына 50 миллион доллар құятынын мәлімдеген.

 

Көне қаланы туризм орталығына айналдыру мәселесі бұрыннан айтылып келе жатқанын білеміз. Мұны енді Біріккен Араб Әмірліктерінен келген «Al-Masood» компаниясы қолға алатын болды.

 

Кәсіпкерлер көбейеді

 

Қыркүйек айының соңында Түркістан қаласын дамыту бойынша кеңес өткізген Елбасы қаланың жаңа даму жоспарымен танысқан болатын. Сонда Елбасы Түркістан облысының каржылық тұрақтылығын күшейту мәселесіне де тоқталды.

 

«Шымкент республикалық маңызы бар қала ретінде бөлініп кетті. (Оған қоса 2,8 миллион халықтың 1 миллионы сол қалада тұрады). Бюджеттер де бөлінді. Сондықтан Түркістан облысының бюджетін толықтыру қажет. Бүгінгі таңда облыс бюджеті қажеттілігінің 20 пайызы ғана өз күшімен қамтамасыз етіледі. Ол өте аз. Сондықтан жаңа резервтерді, бюджетті толықтырудың жаңа көздерін табу қажет», – деді Мемлекет басшысы. Бұған қоса Елбасы кәсіпкерлікті дамытуды тапсырды.

 

«Оңтүстіктегі халықтың бәрі өте еңбекқор. Олардың біразы тұрақты кәсіп істемесе де өзіне-өзі жұмыс жасап күн көреді.  Экономикалық тұрғыда белсенді азаматтардың саны 43 пайызды құрайды. Жергілікті халықты жаппай кәсіпкерлікке үйрету керек», – деп атап өтті ол.

 

Шынында да, мұндай мүмкіндік жасалып жатса, еңбекқор халық кәсіпкерліктің кез келген түрін игеріп, ұршықша иіріп әкетері сөзсіз. Сонда қайтадан түлей бастаған Түркістан көркейіп қана қоймай, онда бизнес өркендеп, кәсіпкерлер көбейіп, халықтың әлеуметтік жағдайы арта түсетіні анық. Иә, көп ұзамай Түркістанды танымай қалуымыз мүмкін.

 

Р. ОРДАБЕК.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ