Мұны ғалымдарымыз зерттесе екен

05.09.2018
Қаралды: 89

Таяуда бір жиында ойландыратын әңгіме естідім. Орта жастардағы жігіт ағасы өзінің 10 жастағы ұлының обыр ауруына шалдыққанын айтып отырды. Айтуынша, Алматыдағы республикалық орталықта ұлымен бірге жатып шығыпты. Онысы жабық мекеме сияқты. Яғни ұлы сонда бірнеше ай емдеуде болған, бұл баласының жанында жатыпты.

 

«Ол жерде жас балалар көп. Байқағаным, басым бөлігі Маңғыстау, Қызылорда, Түр­кістан облыстарынан, Шымкент­тен де бар. Арасында тіпті кішкентай балаларға дейін жүр. Ол орталықта обырдың әр тү­рімен ауыратын науқастар жатты.

 

Сол жердегі өзіміз сияқтылармен әңгімелесеміз ғой. Сонда науқастардың басым көпші­лігінің аталған аумақтардан екенін естіп таңқалдым әрі ойландым. Бәрінің айтатыны: «Бұ­рын балалар арасында мұн­дай аурулар болмаған, кейінгі бірер жылдың ішінде көбейіп кетті», – дейді.

 

Ал дәрігерлерден сұрастырсақ, ешқайсысы мандытып ештеңе айтпайды. Обалы не керек, орталық қызметкерлері нау­­қастарға жақсы қарайды, қамқорлықпен бар жағдайларын жасайды. Мамандардың барлығы дерлік жас адамдар. Сөзге айналдырып бірдеңе білу мүмкін емес. Әйтеуір ауруханаға жасанды тағам, сусын атаулыны жолатқызбайды, нау­қастардың  таза тамақ ішуін қадағалайды.

 

Осыған қарап бұл аурудың сыры кейбір елдермен тым жақын араласып кеткенімізден емес пе екен деп те ойладым. Мысалы, әлеуметтік желілерде сырттан әкелінетін кейбір тамақ түрлері мен сусындардың қа­лай дайындалатынын көрсетіп жатады ғой. Өз басым оларды монтаждалған жалған бейнежазба деп ойламаймын. Өйт­кені бүгінде басқа түгілі өзі­міздегі кей мал бордақылайтындардың оны қалай тез се­міртетіні туралы естіп те жүрміз ғой. Ал оның бәрі түбінде адамның ішіне барады, сөйтіп денсаулықты бұзуға «атсалысып» жатпасына кім кепіл?» – деді әлгі азамат.

 

Осыны естігенде мен де ойланып қалдым. Расында да мұндай жағдайды біздің ғалымдар мықтап тұрып зерттеуі керек қой. Ал әзірге ондай нау­қастарды Германиядан алынатын дәрілермен емдеуде екен. Емдеу жолын немістер тапқан көрінеді. Менің де адамдарды, әсіресе жас балаларды осындай ауруға ұшыратып жатқан нәрсенің не екенін білгім ке­леді. Бұл біздің мемлекетіміз, халқымыз үшін керек қой.

 

Н. ЖҮНІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ