Ылғи қазақтар тұратын жерге орысша жазу іліп қойыпты

05.09.2018
Қаралды: 230

Мынау менің ауылыма қарай өтетін пойыз жолдың бойы. Ол ауылда бірде-бір орыс немесе өзге ұлт өкілі тұрмайды. Бірақ темір жолдың бойында сақтық шарасына қатысты ескертпені орыс тілінде жазып қойған. Мақұл, ресми тілде жазсын, бірақ қазақ тілінен кейін жазсын.

 

 

Алғашында бір бетінде орысша жазылған болса, ауылға кіре беріс бетінде қазақша жазу тұрған шығар деп ойлаған едім. Өкініштісі, ескертпе сөз жолдың екі бетінде де орысша жазылыпты.

 

«Қазақстан темір жолы» кәсіп­орнының басшылығы қайда қа­рап отыр?  Бұларды тексеретін органның болмағаны ма? Біздің Қазақстанда неге Қазақстан Республикасы Конституциясы 7-бабының талаптары орындалмайды?

 

Бүгінде тілдің мәртебесін көтеру, қазақ тіліне менсінбеушілікпен қарауды доғару жөнінде айты­луындай айтылып жатыр. Нәти­жесі төмен.

 

Ұсыныс: Заңды өрескел бұзған осындай барлық мекемелерді жауапқа тартып, мекеме басшыларына айыппұл салып, тікелей басшыларын қызметтен босату керек. Сонда ғана қазақ тілін сыйлағаннан емес, креслосынан айырылып қалудан қорыққанынан барлық жердегі тақтайшаларда ақпарат, жарнама, тағы басқа жазулар қазақша жазылып тұратын болады.

 

Біздің қазақ қорыққанын сыйлайды. Ақыры жай айтқанды түсінбесе, онда қорқытып, қазақ тілінің мәртебесін көтерейік.

 

Айша ЖАУЫНБАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ