Қытайда атақты ақын қамауға алыныпты

09.09.2018
Қаралды: 195

Қытайда тұратын аз ұлт өкілдеріне жасалып жатқан қысым жөнінде соңғы бірер жылдан бері толассыз айтылып келеді. Соның ішінде осы елде өмір сүріп жат­қан қандастарымыз бен олар­ға ара түсуге шақырған азаматтардың жан­айқайы да әлем жұртшылығының құлағына жетті. Жазықсыздан-жазықсыз қысым көріп жат­қан Қытай қазақтары алдымен арашаны Қазақстаннан іздейді, Қазақ елі қол ұшын бере ме деп үміттенеді.

Жыр мүшәйрасында бас жүлдені жеңіп алған

 

Кешегі аптада әлеуметтік желіде мынадай хабарлама таралды:

 

«Шұғыл таратыңыздар! Алаштың айбоз ұлдарының бірегейі, алдаспан ақын Ерлан Нұрдыхан­ұлын қытайлар концлагерьге қамағанына бүгін үшінші күн. Аяулы жары мен балалары, туыстары шырылдап жатыр.

 

Ардақты Алаш баласы, асыл ұлыңды аждаһаның аузынан құтқарып қалуға атсалыс! Бәріміз біріміз үшін бірігейік!»

 

Бұл үндеуді оқығасын оқиғаның жай-жапсарын білу үшін бұрын-соңды Қазақстанға Қытай елінен қоныс аударып, тұрақтаған бірнеше азаматпен хабарластық. Солардың бірі бізге былай деді:

 

«Ерлан Нұрдыханұлының қамауға алын­ғаны рас, нақтыланған хабар. Алғашында бұған сенер-сенбесімізді білмеген едік, жолын тауып, арғы жақпен байланысқасын сондағы азаматтардан естідік. Ерланды  үйінен келіп ұстап әкетіпті. Оның қамалғанына бүгін бесінші күн болып отыр.

 

Ерлан Нұрдыханұлы – менің жерлесім. Екеуміз кішкентайдан бірге өскенбіз. Біз Қазақстанға өткен жылы қоныс аударған едік. Ерланның да елге көшіп келу ойында болған, бірақ Қытай жағы оған мүмкіндік бермеді. Шыңжаңда 2016-жылдан бері саясат қатаңданып кеткенін білесіздер. Өлкеге жаңадан келген басшы онда қатаң тәртіп орнатқан. Бүгінде бір ауылдан екінші ауылға қатынаудың өзі қиын, әскерилер жіті тексеріп отырады. 2017-жылдан бері қысымды тіпті күшейтіп жіберді, былтырғы қыркүйек айынан бері ондағы қазақтардың паспорттарын түгел жинап алды. Енді бері қарай өту өте қиын. Өте алса, Қазақстан жағының араласуымен ғана өтеді. Басқадай еш мүмкіндік жоқ.

 

Ерлан Қытайдың Алтай өлкесіне қарасты Көктоғай ауданындағы Кәкүрті қалашығында тұрады, мектепте әдебиет пәнінен сабақ береді. Есімі Қытай жұртшылығына таныс, ол – талантты ақын, Қытай баспаларынан төрт жыр кітабы жарық көрген. 2015-жылы аз ұлттарға арналған «Ақсай қазақ әдебиеті сыйлығының» иегері атанған. Қытайдың өз ішін­дегі әдеби байқауларда да көзге түскен жан. Оны Қазақстанның көзіқарақты азаматтары да біледі. Өйткені ол 2008-жылы Дүниежүзілік қазақ қауымдастығы ұйымдастырған дүние жүзі қазақ ақындарының жыр мүшәйрасында бас жүлдені жеңіп алған. Ерланды Қытайдағы қазақ поэзиясының ту ұстаушысы деп атасақ та болады.

 

Ерланның жасы өткен қыркүйек айында 45-ке толды. Отбасында екі қыз өсіріп отыр. Үлкені 9-сыныпта оқиды, ал кішісі, жаңылмасам, мектепке биыл барған болуы керек.

 

Ақынның не үшін қамауға алынғанын білмейміз. Бірақ оның жазықсыз екені анық. Қазақстанға үш-төрт мәрте келгені, жұртшылықпен араласқаны бар, мүмкін соған кінә­лайтын болар. Жалпы, Қытайда қазақтарды алғашында түрлі сылтаулар айтып қамаса, кейінгі кездері не үшін қамауға алғанын айтып түсіндірмейтін де болған. Жұртты үрей басқаны сонша, туысымды не үшін қамайсың деп айтуға да дәрменсіз күйге түскен.

 

Бұлай жалғаса берсе, біз ол жақтағы қазақтан түгелдей айырыламыз. Олай болмас үшін ондағы қандастарымызға Қазақстан үкіметі араша түссе екен дейміз, үміт күте­міз».

 

...Қытайдан Қазақстанға қоныс аударған қандасымыздан біз осындай жайлар жөнінде естідік.

 

«Бүгінде ол жақта жазықсыз қамалғандар қатары мыңдап саналады. Шымкентке оқуға түскен бір жас ақынымыз бар еді. Есімі – Арғынбек Мақсат­ұлы. Ол 2017-жылдың желтоқсан айындағы демалыс кезінде Қытайға барған, ертеңіне-ақ қамалып кетті, содан бері шығармай отыр. Мағзұм Мұхаммед деген ақын ағамыз болатын, ол да Қазақстанға келіп, 3 айдай болған, Қытайға барған жерінде қамауға алынды,  биылғы ақпан айынан бері одан да хабар-ошар жоқ. Бұлардың бәріне қоятын кінәсі сол – Қазақстанға келгені үшін ғана қамауға алып отыр», – дейді сұхбаттасымыз.

 

«Ұлтсыздандыру» жүріп жатыр

 

Біз бұл азаматтан Қытайдың жергілікті жұртшылыққа неге сонша қырын қарап отырған себебін сұрадық.

 

«Онда ұлтсыздандыру саясаты жүргізіліп жатыр, – дейді ол. – Алғашында ел ішіндегі молдаларды, жалпы дін саласының адамдарын қамауға ала бастаған. Оларды түгелдеп бітті. Бүгінде жұрт намаз оқуға да қорқады. Намазға тыйым салынған. Ол түгілі, ас ішіп болғасын бата қайырып, бет сипасаң да бәлеге қаласың.  «Жұма мүбәрак болсын!»  деп айтқанның өзі заң бұзған саналады.

 

Енді олар мәдениет саласының адамдарына ауыз салуда. Қоғамның бет алысын екшеп-біліп отыратын көзі ашық адамдарды қамауға ала бастады.

 

Мақсаттары – бүкіл Қытай жұртшылығын бір ұлтқа айналдыру. Сонда ел іші тыныш болады деп ойлайды. Өйткені Қытайда саны аз ұлттар көп. Шыңжаңда ұйғырлар, Гансу өлкесінде дүнгендер, Тибеттің халқы бар, «Ұлы Қытай қорғанының» іші-сыртын мекен­дейтін ұсақ ұлттар бар – көбі тәуелсіз мемлекет болуды қалайды. Қытай үкіметі соған тосқауыл қою үшін халықты бір ұлтқа айналдыруды көздейді. Өйткені олар тұрып жат­қан аумақтан айырылмау керек қой. Ал ол жерлердің көбі табиғи байлығы мол аумақтар.

 

Мен өз басым бұл саясаттың мақсатын осында жатыр деп ойлаймын. Естуімше, қазір Шыңжаңнан ары қарай жүретін пойыздарға билет сатылмауда екен. Себебін жол жөндеу­ге байланысты деп жатқан көрінеді. Ал шындығында ол Шыңжаңда қамалған мыңдаған адамдарды ішкі Қытайға әкету үшін жасалып жатқан сияқты. Ал ол жаққа әкетілген адамның жақын арада кері қайтуы екіталай».

 

Бұл азамат осылай дейді. Егер Қытайда расында да осындай саясат жүргізіліп жатса, бұл сұмдық екен. Арғы жақта қамалған туыстарын ойлап зар илеген жандарға мұндай ойлар күндіз күлкі, түнде ұйқы бермесі анық. Әуелі Құдайдан, сосын жанашыр елден медет тілейді, үміт күтеді. Олардың осы үміті алданбаса екен дейміз.      

                   

Т. ТҰРАН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ