Кітапханадағы коворкинг

05.09.2018
Қаралды: 136

Түлкібас ауданындағы орталық кітапханада коворкинг (coworkіng) орталығы ашылды.  Бірігіп жұмыс істеу деген мағынаны білдіретін орталық жастардың жаңа жобалар мен тың идеяларын талқыға салып, іске асыруға мүмкіндік беретін орын болмақ.

 

Ендігі жерде Түлкібас ауданындағы жастар осы орталықта бас қосып, шығармашылық кештерін, акция немесе бас­қалай іс-шараларын өткізе алады. Мұнда сонымен қатар шеберлік сабақтары мен зияткерлік ойындар өткізуге де мүмкіндік бар. Кез келген қызықты іс-шараға да жол ашық.

 

Жобаның басты мақсаты – барлық санаттағы жастардың ақпараттық қажеттіліктерін жедел қанағаттандыру үшін үздік әлемдік тәжірибені пайдаланып, кітапхананың жаңа заманауи үлгісін құру. Жастардың ой-өрісін жан-жақты дамыту мақсатында ашылып отырған коворкинг орталығында ақысыз WІ-FІ, жедел интернет, Skayp арқылы сұхбаттасу, принтер мен сканер құрылғылары орнатылған.

 

Жақында ғана күрделі жөндеуден өткізілген кітапхана осылай тек қызмет көрсету мекемесі ғана емес, аудан тұрғындары үшін зияткерлік демалыс орнына айналды. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдар­ламаcы аясында ашылған бұл орталыққа алғашқылардың бірі болып аудан әкімі Н.Тұрашбеков бас сұқты. Жас ұрпақтың бос уақытын тиімді өткізудің тың жобасын мақұлдаған ол мектеп қабырғасында білім алып жатқан жастардың мұнда білімін одан әрі шыңдай түсуіне мүмкіндік туып отырғанын атап өтті.

 

Кітапханадағы коворкинг Түлкібас түлектерінің сүйікті орталығына айналып үлгергендей. Жергілікті жастар енді осы орталықта әлемнің әр түкпіріндегі білім қуған жастармен тікелей сөйлесіп, араласатын болады.

 

Ж. САМАТҰЛЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ