Ағайынды азаматтар елдің гүлденуіне елеулі үлес қосып жүр

05.09.2018
Қаралды: 68

Бүгінде елімізде өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындар арасында жаппай кәсіпкерлікті дамыту аясында жеңілдетілген шағын несие беру жүріп жатыр. Мемлекет биыл бұл бағытқа қосымша 20 миллиард теңге бөлмек. Яғни бөлінетін қаржы көлемі 62 миллиард теңгені құрап, оны алатындар саны өткен жылмен  салыстырғанда 14 мың адамға артқалы отыр.

 

Бұл әлеуметтік бастамалар өз ісін ашамын, кәсіп жасаймын дегендер үшін үлкен мүмкіндік сыйлайтындай. Яғни мыңдаған адамдар жеке ісін дөңгелете алады. Әсіресе ауыл-аймақтарға, ауылдағы кәсіпкерлікке өте қажет-ақ. Президенттің осындай әлеуметтік бастамасымен таныс болғандардың қатарында бәйдібектік кәсіпкер Абай Жайнақов та бар.

 

Ол әуелде барлық кәсіпкер­лер өткен жол – «ал да, сат» деген саудада бағын сынап көрген. Жеміс-жидекті Шымкенттен алып, Боралдай өңіріне апарып пұлдайды. Біраз қаражат құрап алғаннан кейін ойлана келе ауылда өздері диқаншылықпен айналысады. Көзтүрткі қылып, кеудеден итерген ешкім болмапты.

 

Қарт Қаратаудың етегіндегі Боралдай ауылындағы «Мырза» шаруа шаруа­шылығы – 26 жылдан бері өрісі өркендеген шаруашылықтың бірі. Отбасылық шаруашылыққа төрт ағайындының үл­кені Абай мырза төрағалық етеді. 1992-жылдан бері Бәйдібек ауданының ауыл шаруашылығы саласының өсіп-өр­кендеуіне үлес қосып келе жатқан кә­сіпкер егін және мал шаруашылығымен қатар айналысады.

 

Алғаш кәсіпті бастаған шаруашылық 453 гектарға бау егіп, кейін уақыт өте келе бидай, жоңышқа, мақсары егуді және мал өсіруді қолға ала бастаған. Одан кейін жылыжай өсіру ісін де дөң­гелетіпті.

 

Абай, Асқар, Айдар, Қайрат – бір отбасының сайдың тасындай азаматтары. Боралдай өңірінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру мен өңдеуде бұл саладан да мол табыс болады екен-ау деп жұртшылықтың көкірегіне үміттің үлкен отын жаққан азаматтар. «Мырза» шаруа қожалығының тасын өрге домалатып жүріп, ауданның абыройын ас­қақтатуға да зор үлесін қосып келеді. Барлығы да жоғары білімді азаматтар заман ыңғайы нарыққа ауыса бастағанда дипломдарын уақытша сандыққа салып, нақты кәсіптің жалына жармасыпты. Нарық теңізінде бұлардың қинала еңбек еткендері бүгінде артта қалды. Абай інісі Қайратты жылыжай ісіне үйреткен. Айдар мал бордақылау ісімен шұғылданса, ал Асқар орталықтағы шағын дүкенінің жұмысын дөңгелетіпті.

 

«Жұмыла көтерге жүк жеңіл» дегендей, қандай жағдай болмасын ағайынды жігіттер бір-біріне демеу беріп, кө­мектерін көрсету арқылы осындай же­тістіктерге жетіп отыр.

 

«Бұл жігіттер елге өнеге болатын ірі істер атқарып жатыр. Бізде жерді алуын алғанымен оны жылдап пайдалана алмай жүргендер бар. Ал бұлар аядай жерде бірнеше шаруаларды атқарып отыр. Әмбебап десе де болады. Егінді де егеді, малды да асырайды, аудан, облыс көлемінде болатын жәрмеңкелерден де тыс қалмайды, – дейді Боралдай ауылдық округінің жер инспекторы Салтанат Жүнісбекова.

 

Иелігінде ақ егіске арналған 753 гектар жері, жеті «Беларусь МТЗ-80», үш «К-700», «К-701» және үш «КамАЗ» ауыр жүк көлігі, бес астық оратын комбайны, бір шөп оратын «МК - Е-303» деп аталатын техникасы бар. Егін де егеді, жылыжай да өсірді, мал басын да көбейтті. Енді мал бордақылау ісін бастағалы отыр. Шаруаларына тап-тұйнақтай жігіт­тер ауылдың шетінен атшаптырым жерді қоршап, 200 метрге мал қора және 200 басқа арналған мал бордақылау орнын салып, құдық та тартып қойыпты.

 

Осыдан 26 жыл бұрынғы 90 бас қойдың саны бүгінде 800 аналық уақ малға артыпты. Оған қоса ірі қара малы да бар. Шаруашылықта сыйымдылығы әрқайысы 1000 тоннаны құрайтын екі қоймасы, техникаларын қоятын гаражы ауладан орын алыпты. Іргесінде жем тартатын цех бар. Қысқасы, «Мырза» шаруа қожалығы бордақыға қажет жем-шөптің мәселесін түбегейлі шешкен екен.

 

«Әкеміз бастаған істі жалғастырып, кәсібіміздің өркендеуі үшін еңбек ету­деміз. Біз әскерден келе сала өмірінің жарты бөлігін құрылыс саласына арнаған отбасымыздың тірегі жұмысты қойып, кәсіп ашуға оқталыпты. Осы ойын айтып, жоспарларымен бөлісті. Осылай ептеп-ептеп жұмысқа кірістік. 1991-жылы бауға арналған жер алдық та, келесі жылы күздік алма егуді бастап кеттік.

 

Әкем мен анам шаруаға епті, іскер жандар еді. Барлығымызды шаруашылыққа үйретіп, адал еңбек етуді үнемі құлағымызға құйып отырды. Сол кісі­лердің арқасында қай істі бастасақ та жанданып кете баратын.

 

Біздің ауыл шаруашылығы өнімдерін өсірсек, мал басын арттырсақ деген жоспарымызды аудан әкімдігі құптап, тиісті мамандар қаржыландыру көзін тауып, бағыт-бағдар берді. Ең алғаш 2007-жылы облыстағы «Азық-түлік» корпорациясы деп аталатын мекемеден егістік үшін 6 ай мерзімге 700 мың теңге несиеге қол жеткіздік. 2009-жылы аудандағы «Бәйдібек-Несие» ЖШС-нен мал шаруашылығын дамытуға бағытталған 1 миллион теңге қаржыны 7 пайызбен 3 жыл мерзімге алдық. Одан соң 2015-жылы тағы да 7 пайызбен 5 жылға алынған 15 миллион теңгені шаруашылығымыз­ға жұмсадық. Ал биылғы жылдың көк­темінде «Оңтүстік» аумақтық-инвестиция­лық орталығынан 20 миллион теңге егістік үшін несие алуға мүмкіндік туды. Сөйтіп 741 гектар жерге мақсары егіп, гектарынан 8 центнерден өнім жинадық. Мақсарының килосы бүгінгі нарықта 70 теңге тұрады.

 

Қазіргі уақытта шаруашылықта 25 жұмысшы бар. 2 шопан, қалған 23-і механизатор-жүргізушілер. Барлығы да Боралдайдың азаматтары. Оларға 60 мыңнан 150 мың теңгеге дейін жалақы төленеді. Түскі ас беріледі және жатын орынмен де қамтамасыз етілген. Жұмысшылардың арасында 15 жылдан бері шаруашылықтың өркендеуі үшін атсалысып жүрген бірқатар азаматтар бар. Оларға көңілім әбден толады.

 

Жиналған өнімді Шымкент қаласына, Қарабұлаққа, аудан және ауылдағы тапсырыс берушілерге өткіземіз.

 

Мемлекеттің ірілендіру жұмысына сәйкес, 2012-жылы 46 шаруа қожалығы біріктірілген «Көбей-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрдық. Оның директоры болып шаруа қожалығы егелері мені тағайындады. Бұл серіктестіктің 1088 егістік, 1300 гектар жайылымдық жері бар. Мұның да жұмысын жүйелеу, ұйымдастыру менің міндетім. Өз шаруашылығымнан бөлек, мұнда да үлгеруге тырысып жүріп жатқан жайым бар», – дейді кәсіпкер Абай Жайнақов.

 

2010-жылы отбасылық шаруашылық жылыжай жұмысын бастапты. Аумағы 3 соттық жылыжайда қияр мен қызанақ жыл алмасып кезекпен өсірілген. Көкөніс егу жұмысы сәуір айында басталып, нау­рыз айының ортасына қарай-ақ өнім бере бастаған. Жылдағы тіршілікпен бұл жаздың шілдесіне дейін жалғасып, осы уақыт ішінде аядай жылыжайдан 1,5 тоннаға жуық қызанақ, 500 килодай қияр жинап отырыпты. Диқанның айтуынша, жылыжай салуға кеткен шығынды олар бір жылға жетпей өндіріп алыпты.

 

Қазіргі таңда Абай мырзаның бауырлары Асқар мен Айдар өз алдарына үй болып, бірі азық-түлік, екіншісі құрылыс дүкенін ашып, жұмыс істеуде екен. Кіші інісі Қайрат Шымкент қаласында қызмет істеуде.

 

Әсерлі әңгімеден бөлек салиқалы ой айтқан кәсіпкер Абай – көпбалалы әке. Ол 4 қыз, 2 ұлды тәрбиелеп өсіріпті. Ол кісі өзінің осы күнге дейінгі еңбегімен жеткен талай марапаттарының ішінен Бауыржан Момышұлы атындағы төсбелгісін ерекше қадір тұтады екен.

 

Абай Жайнақовты ауыл тұрғындары тек іскер азамат ретінде ғана емес, қолы ашық жомарт жан ретінде де біледі. Себебі ауылдағы тұрмысы төмен отбасыларға азық-түліктен бөлек, әр жылы қыста 36 тонна көмір үлестіріп, көптің алғысын алыпты. Ауылдағы мазаратқа жол төсеп, ескі балабақша жайын жөндеу мен биыл жалғызілікті отбасыларға баспана салып беру бастамасына да мұрындық болып, тас, топырақ түсіріп беріп, шлакоблогын да жеткізіп, көмек қолын созыпты.

 

Жақсы істің басында жүрген қарапайым азамат «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына ұсынылыпты. Әрине, мұның барлығы елге, адамдарға жасаған жақсылығы мен елеулі еңбегінің нәтижесінде екені анық.

 

Елбасының шаруаларға айтып жүр­генінің, толассыз көмекті бергізіп жат­қанының астары ауылдың экономикасы көтерілсін деген жақсы тілек қой. Ал ауыл дегеніңіз – қазақ. Қазақтың дәулеті көтерілсе, мемлекеттің іргесі мықты, қадамы нық. Экономикамыздың тірегі саналатын осындай кәсіпкерлеріміз екені анық. Ендеше, ауданның абыройын асқақтатып, елдің еңсесін көтеруге үлес қосып жүрген кәсіпкерге ісіңіз жемісті болып, еңбегіңіз жана берсін дегіміз келеді.

 

Д. БАЙЖІГІТ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ