Ақпараттық технология дәуірі

04.09.2018
Қаралды: 214

Биылғы наурыз айында болған Парламент пен Үкіметтің бірлескен отырысында Президент Н.Назарбаев өзінің бес әлеуметтік бастамаларын  жария еткені белгілі. Осы бастамалардың бірі «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» деп аталады.

 

Бүгінде еліміздің түрлі саладағы оқу орындарында осыған қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Ал биыл ашылғанына 75 жыл толып, мерейто­йын атап өткелі отырған Оңтүстік Қа­зақстан Мемлекеттік универ­ситетінде осы бағытта қандай шаруалар атқарылып жатыр? Біз бұл жайында аталған оқу орнындағы «Ақпараттық технологиялар және энергетика» жоғары мектебінің деканы Ғани Бесбаевпен (суретте) сұхбаттасқан едік.

 

– Ғани Әбзелбекұлы, Президентіміздің биылғы жариялаған 5 әлеуметтік бастамаларының бірінде экономикада зор сұранысқа ие болатын мамандар даярлау жөнінде айтылғаны белгілі. Бұған байланысты  сіздерде қандай жұмыс­тар атқарылуда?

 

– Жалпы, биыл республикамызда білім алуға бөлінетін мемлекеттік грант­тар саны 20 мыңға көбейтілгені белгілі. Осының 11 мыңдайы техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталып отыр. Мұның ішінде әсіресе ІТ-мамандықтарға көбірек бөлінген. Біздің оқу орнымыз да грантты бұрынғы жылдағылармен салыстырғанда біршама көп алып отыр.

 

Университеттің «Ақпараттық технологиялар және энергетика» жоғары мектебінде ІТ-технология бойынша 5 мамандыққа даярлаймыз. Олар: автоматика және басқару, ақпараттық жүйелер, есептеу техникасы және бағдарламалармен қамтамасыз ету, математика және компьютерлік модельдеу, радиотехника, электроника, телекоммуникация. Бұдан бөлек, қазіргі заманғы сұранысқа ие жылу энергетикасы, электр энергетикасы бо­йынша да білім берудеміз. Бізде 1196 студент оқиды.

 

Университеттің «Ақпараттық технологиялар және энергетика» жоғары мектебі зертханалық базамен, компьютерлік клас­тармен, тағы басқа қажеттіліктермен толықтай қамтылған. Биыл бізде ІТ-орталық ашылды, оның ашылу салтанатына «Нұр Отан» пар­тия­сы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшім­баев  келіп қатысты.  Партияның бастамасымен биылғы шілдеден бері информатика мұ­ғалімдерінің біліктілігін жетілдіру бо­йынша жұмыс істеудеміз. Осы уақытқа дейін 20 мұғалімге тиісті сертификат бердік. Жыл соңына дейін бұл орталықтан тағы да 20 мұғалім біліктілігін арттырып шығады. 2020-жылға дейін олардың қатарын 120 адамға жет­кіземіз деген жоспар бар. Олар өз мектептерінде ІТ-сыныптар ашады, онда жаңа бағдарламаларды оқытады, ол сыныптарда өзінің білімін, біліктілігін арттырып, ізденемін деген барлық оқушыларға жағдай жасалатын болады. Яғни онда қай сыныптан қатысамын десе де шектеу болмайды, оқимын, үйренемін деген балалардың барлығына да мүмкіндік жасалады.

 

Бүгінде біздегі ІТ-орталықтың өзі 2 ғылыми жоба ұтып алған, солармен жұмыс істеп жатыр.

 

– Заман талабына сай мамандар даярлау бағытында алға қандай нақты мақсаттар қойып отырсыздар?

 

– Жалпы, бұл жөнінде министрліктің талабында айтылған, ұсыныстарыңды айтыңдар, қараймыз делінген. Біз де өзіміздің жағдай, мүмкіндіктерге қарай министрлікке ұсыныстар жіберудеміз. Ол жаққа университетімізде робототехника, мехатроника, компьютерлік инжиниринг, экономикалық ақпараттық жүйелер  бойынша мамандар оқытуды қолға алу жөнінде ұсыныс жібергенбіз.

 

Жалпы, аталған ұсыныстар бекі­тілсе, келесі жылдан сол аталған мамандықтар бойынша оқытуды бастаймыз. Бағдарламалар қысқартылады, кейбір артықтарын алып тастаймыз, студенттер нақты бағыт бойынша оқытылатын болады.

 

Жаңа өзімізде ІТ-орталық барын айт­тық. Оның жастарға берері көп болмақ. Сондай-ақ студенттер үйірмелерін аш­қанбыз, мектептермен де байланыс орнатудамыз.

 

– Сіздерге оқуға биыл қанша студент түсті? Олардың қаншауы грант иегерлері?

 

– Биыл «Ақпараттық технологиялар және энергетика» жоғары мектебіне 391 талапкер оқуға түсті. Олардың 287-сі – грант иегерлері. Бұрын грантпен түскендер 120 – 130-дың аралығында болып келсе, биыл одан әлдеқайда көп.

 

– Студент жастардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға қатыс­ты қандай жұмыстар атқарылуда? Университетке Түркістан облысынан ғана емес, басқа да облыс­тардан келіп оқитындар бар, оларға жатақхана жеткілікті ме? Жалпы, студенттерге жасалатын жеңілдіктер жөнінде айт­саңыз.

 

– Біздің университетте жатақханаға қатысты проблема жоқ, жатақханалар жеткілікті. Тұрғындарына жан-жақты жағдай жасалған 6 жатақхана бар. Мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жатақхана салу жағы жоспарлануда.

 

Студент жастардың тұрмыстық жағдайына жақсы көңіл бөлінеді. Бізде тұрмысы төмен отбасынан шыққан, жартылай жетім, толықтай жетім балаларға, 1, 2, 3-топ мүгедектеріне, тағы да бірқатар топтарға жататын студент­терге 10-нан 100 пайызға дейін же­ңілдіктер жасалады. Мысалы, спорт түрлерінен Олимпиа­да және Әлем чемпионы болған студенттер тегін оқитын болады. Бір үйден екі бала оқитын болса да тиісті жеңілдік бар.

 

– Оқу орнын бітірген мамандар қай жерлерге орналасып жатыр?

 

– Өңіріміздегі ірі кәсіпорындар бізде жыл сайын бос жұмыс орындары бо­йынша жәрмеңке өткізіп тұрады. Сол кезде біз оларға өткен жылы, биыл оқу бітірген студенттеріміздің түйін­демелерін беріп, ұсынамыз. Олар консультациядан өткізіп, жұмысқа қабылдап жатады. Жалпы, жылда оқу бітірушілердің 80 – 85 пайыздайы көп кешікпей жұмысқа орналасады, тіпті соңғы курста жүргенде алдағы жұмыс істейтін жерімен байланыс орнатып қоятындар да бар. Атап айтар болсам, біздің түлектеріміздің көбі Шым­кенттегі 3-ші жылу орталығы, «Оң­түстікЖарықТранзит», «Қазақтелеком», Кентау трансформатор зауыты сияқты ірі кәсіпорындарда жұмыс істеп жүр.

 

– Кәсіпорындармен байланыс жөнінде айта кетіңізші. Олардан заманауи сұранысқа ие мамандар даярлауға қатысты қандай да бір ұсыныстар түсіп тұратын болар?

 

– Иә. Бұған қатысты қалыптасқан дәстүр бар. Үлкен кәсіпорындардың басшыларымен әр  тоқсан сайын кездесу болып тұрады. Сонда мәселелер ортаға тасталып, талқыланады, ұсыныстар айтылады. Мұның оқу бітіріп, өндіріске баратын жас маман үшін берері көп. Университетте оның сұранысқа ие, кәіспорын талабына сай маман болып баруына керек жағдайдың барлығы да жасалады.

 

– Қажетті мамандар даярлауға қатысты облыс әкімдігімен түзілген меморандум, басқа қандай да бір келісім, мәмілелер бар ма?

 

– Облыс орталығы Түркістанға көшкенімен арамызда байланыс үзілмесі белгілі. Бұрын бұл бағытта келісім-мәмілелер жасалып тұратын. Ондай  ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасын таба береді деген ойдамыз.

 

– Әңгімеңізге рахмет, істеріңізге сәттілік тілейміз.

 

Сұхбаттасқан – Д. НҰРПЕЙІС.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ