Көкжөтелге көкемарал ем екен

04.09.2018
Қаралды: 216

Күн суыта келе жұртшылық арасында пысқырып-түшкіретіндер, жөтелетіндер қатары арта түсетіні белгілі. Себебі бұл кезде негізінен жоғарғы тыныс жолдарын зақымдайтын жұқпалар көбейеді. Тіпті қазірдің өзінде толассыз жөтеліп жүргендер жоқ емес. Сондай жандарға жәрдемі тие ме деген ниетпен дәрілік шөп жинайтын азаматпен болған әңгімені назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

Түркістан маңындағы Сауран ауылында тұратын Қуандық Тұрсынбекұлы ата-бабадан мирас болып келе жатқан дәрілік шөп жинау кәсібін бес жасынан бастап үйреніпті. Қаланың орталық базарында түрлі емдік шөптер сататын қария өмірінің 42 жылын осы жолға арнапты. Сөмке сыртында ондағы сықай толтырыл­ған шөптерге қатысты жарнамасы да бар. Солардың бірінде «Көкемарал» деп жазылыпты.

 

«Ата, мыналарды неге үстелге жайып сатпайсыз? Сөмкенің ішінен толық көрінбейді ғой. Бұл қандай шөп, емдік қасиеті қандай?» – деп сұрадым. «Бұларды жайып сатсам, тұрған жерім үшін ақы төлеуім қажет. Керек адам сұрайды ғой. Өзім зейнет жасындамын. Жаздай жинаған дәрілік шөптерді халық кәдесіне  жаратар деген ниетпен осылай базар­ға шығып тұрамын», – деді ол кісі.  Содан соң сөмкесіндегі шөптердің түрі мен шипалық қасиеті туралы біраз баяндап берді.

 

76 жастағы Қуандық ата әлі тың. Бір сөзінде құрдастарының қырықтағы жігіттей жас көрінесің, жасартатын дәріңнен бізге де берсейші өзің іше бермей деп қалжыңдайтындарын айтып, күліп алды. Содан соң көкемарал тақырыбына ойысты.

 

Қарияның айтуынша, өкпе қабын­ғанда, қатты суықтап, соңы көкжетелге ұласқанда көкемарал шөбін қайнатып, тұнбасын 3 мезгіл ішу керек екен. Жаз айында гүлдейтін бұл өсімдік ұрғашы, еркек болып бөлінетін көрі­неді. Еркегінің әсері күштірек екен. Ал бағасы – 500 теңге.

 

«Мамырдан бастап 4 ай бойы тауға шығып, дәрілік шөп жинаймын. Жас кезімізде шаршау дегенді білмеуші едік. Тауға жүгіріп шығып, жүгіріп түсетінмін. Ал енді мына жасымда оңай емес. Мұндай шипалы шөпті бұрындары пойызда жүріп те сатқанмын», – дейді ол кісі.

 

Ақсақал бізді дермене және бас­қа да шипасы мол шөптермен таныс­тырды.  «Химиялық қоспасы бар түрлі дәрілермен ағзаны улай бермей, бір мезгіл халықтық емге, дәрілік шөп қайнатып ішуге де  жүгіну қажет», – дейді Қуандық қария. Ол  перзент­ке зар болып жүрген әйелдердің дәрігерге уыстап ақша шашпай, құрқылтай ұясына отыруы керектігін және оны қолданудың жолдары туралы да айтты.

 

Қария дәрілік шөптердің 25-ке жуық түрін жинап, сатады екен. Қан қысымы жоғарылағанда немесе төмендегенде, жүрек, тері ауруларына, созылмалы түрлі сырқаттарға ем болатын өсімдіктер  туралы айтқандарын қызыға тыңдадық.

 

Расында да, ауырдым деп химия­лық жолмен жасалатын дәрілерді сіміре бергенше бір ауық тау мен далада өсетін шипалы шөптерден дәрмек жасап ішкен де жақсы-ау.

 

Раушан СҮЛЕЙМЕН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ