Құлмұханбеттің қауындары Қырғызстан мен Ресейге дейін жетуде

03.09.2018
Қаралды: 163

Отырар ауданының ба­йырғы тұрғыны саналатын Рысбергеновтер әулетін көпшілік жұрт еңбекқор отбасы деп сыйлап, құрмет тұтады. Құрмаш ақсақал мен Қалдықыз ананың тәрбиелеп өсірген 12 ұл-қызы да бұл күнде өз алдына отбасылы бір-бір жанұяға айналған.

 

Олардың ішінде елімізге танымал профессор да, кәсіпкер де, диқан да бар. Қай жерде жүрсе де ата-анаға кір келтірмей, адал еңбек­терімен абырой биігінен көрініп жүрген жандардың игі ісі өзгелерге үлгі-өнеге болардай.

 

Қариялардың көзі кеткен соң қарашаңыраққа ие болып қалған кенже ұлдың есімі – Құлмұханбет.  Қара жерді тірілтіп, оған нәр беріп, кәсібінің нәсібін көріп отыр­ған жұбайы Клара екеуі бұл күнде 4 баланы асырап-бағып отыр. Күндіз-түні жер жыртып, табан ақы, маңдай терімен бейнетінің зейнетін көріп жүрген  Құлмұханбеттің диқаншылықпен айналысқанына да 25 жылдай уақыт өтіпті. 

 

2000-жылдары «Әшірбай» ЖШС болып құрылған шаруа қожалығы мемлекеттен алған жер теліміне бас­тапқыда жүгері, мақта егуді кәсіп етіпті. Жылдар өте үлкен тәжірибе жинақтап үлгерген ол біртіндеп ауыспалы егіске көшіп, ауылшаруашылығының қыр-сырына ерекше ден қояды. Сөйтіп, 2013-жылы қауын-қарбыз егуді қолға алған кәсіпкер біртіндеп өнімді еселей түседі.

 

Қызылқұмның ми қайнатар аптап ыстығында осындай тәуекелге барып жүрген жігіт ағасының тө­зімділігіне іштей қайран қаласың. Құлекең биыл да мемлекеттен субсидия алды.  Оның еккен тіл үйірер балдай тәтті қауын-қарбызы өнімді асып-төгіп, молынан берді. Яғни аудандағы рекордтық көрсеткіш озат диқан Құлмұханбет Құрмашұлының еншісіне бұйырды. Соның бір дәлелі, аудан әкімі Ерлан Айтаханов диқан ауылына арнайы келіп, өз алғысын айтыпты.

 

Құлмұхан­бет­тің айтуынша, Қыр­ғызстаннан қауынның «Жасыбай» деп аталатын, қарбыздың «Холлер» деген сортын арнайы алдырыпты. Сөйтіп, бірнеше ауыр жүк көліктеріне тиеп,  Ресейге, Қырғызстанға асырыпты.

 

Бұл азамат бүгінде бірнеше адамды жұмыспен қамтып отыр. Оларға тиесілі еңбекақысын уақтылы беріп отырады. Осындай еңбекқор кәсіп­керлеріміздің арқасында Отырардың таза піскен, шытырлақ қауын-қарбызы жан-жаққа тарап жат­қандығына қуанамыз. Ел мен жердің атын шығарып жүрген Құлмұханбеттей диқандарымызды мақтан етеміз.

 

Р. СҮЛЕЙМЕН.

Отырар ауданы.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ