Ерекше безендірілген көлік

05.09.2018
Қаралды: 325

Шымкентте «Қуанышқа қызмет» деп аталатын қызмет түрі пайда болды. Кез келген сый-тартуды қажетті жеріне салтанатты түрде жеткізіп береді. Соның ішінде құдалыққа киіт, бесік тойға, сүндет тойға апаратын тартулар, қыздың жасауы, перзентханадан нәрестені шығарып алу кезінде жасалатын тосынсыйлар секілді түрлі сый-кәделерді жеткізу де бар.

 

Аталмыш дүниені жасаушы да, жеткізуші де – Ғалымжан Есенов. Айтуынша, көліктің бастан-аяқ безендірілуіне 2 миллион теңгедей қаражат жұмсалған.

 

– Ғалымжан, бұл идея сізге қайдан келді?

 

– Осыдан біраз жыл бұрын  Өзбекстанда болған едім. Сол елден көріп бұл бір жасауға болатын дүние екен-ау деп іштей ескергенмін. Сосын шағын жүк көлігін сатып алдым. Жан-жағын алып тастап, орнына көлікке салынған нәрселердің барлығы, қай жағынан қараса да сыртқа көрініп тұратындай етіп, бәрін шыныдан қойдық. Еденіне ковролан төседік. Дизайнын дизайнер жігіттермен бірлесе отырып жасадық. Көлікті «Қуанышқа қызмет», «Қуаныш құтты болсын!» деген жазулармен, суреттермен, төбесін бантпен безендірдік.

 

Әлі ешкімнен тапсырыс алып үлгерген жоқпыз. Жарнамасын енді ғана жасап жатырмыз. Безендірілген көлікпен сыйды салтанатты жеткізу – Шымкентте бұрын-соңды болмаған, тіпті Қазақстанда да бірінші рет болып тұрған дүние. Мен көрген Өзбекстанның өзінде осындай қызмет атқаратын санаулы ғана көлік бар. Бірақ шыныдан жасау идеясы –  өзбек елінің әлгіндей көліктерінің көшірмесі емес, өзімдікі.

 

– Қандай қызмет түрін көрсетесіздер?

 

–Тойларға қызмет жасаймыз. Қыздың жасауын, тойдың киіттерін, көрпе-төсек, бесік тойға нағашылары тарапынан апаратын бала жабдықтары секілді дүниелерді салтанатты сыйлық түрінде апарамыз. Өте үлкен келетін гүл шоқтары, көлемді де биік торттар, ойыншықтар секілді жеке дара сыйлықтарды жеткізіп береміз.

 

Көлігіміз тойхананың ішіне де кіре алады. Бүкіл жақсылық түріне атсалыса береміз. Бүгінгі күні продюсерлік орталықтармен байланыстамыз. Сол арқылы тапсырыс алмақ ниеттеміз.

 

– Ал сыйлықтарды безендіресіздер ме?

 

– Жоқ, сый-тартуларды біз безендірмейміз. Біздің тарапымыздан ұсынылатыны – безендірілген көлік. Біздің қызметіміз – тек сол өздерінде бар дүниені безендірілген шыны көлікке әдемілеп салып, жақсы, таза, бүтін қалпында жеткізіп беру.

 

– Қызмет ақысын білсек...

 

– Аса қымбат емес. Әзірге қала бойынша қызмет құнын 35  мың теңге деп белгілеп отырмыз. Меніңше, халықтың қалтасына аса салмақ салатын баға емес. Әрине, ара қашықтықты да ескереміз. Сондықтан бағаны келісімді түрде қоюымыз да мүмкін. 

 

– Тапсырыс түсіп жатса, басқа қалаларға да шығасыздар ма?

 

– Барлығы көңілден шығатындай болса, әрине, барамыз. Жақсылыққа қызмет етуге әрқашан дайынбыз ғой. Егер келісіп жатсақ, неге бармасқа?

 

– Халықтың тарапынан қандай да бір қызығушылық байқала ма?

 

– Иә, таңданыс білдіріп жатқандар бар. Тіпті жанымыздан өтіп кетіп, айналып келіп жөн сұрап жататындар да жетерлік. Әуелде көшеге шықсам, тоқтай қалсам барлығы: «Мынау не, торт тасисыңдар ма?» – деп сұрайтын. Содан соң халық түсінсін деп әрі жарнама болсын деген ниетпен ішіне ірі көлемдегі жұмсақ ойыншықтардың бірнешеуін салып қойдым. Әйтеуір көргендер керемет екен деп қызығушылық танытып жатады.

 

– Олай болса, ісіңізге береке берсін дейміз.

 

М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ