Қиындықтан жеңілмеген Жеңісгүл

02.09.2018
Қаралды: 165

Он жеті жасында көлік апатына ұшырап, тағдыр тәлкегіне қарамастан жаны мен тәнін қатар шыңдау арқылы балдаққа сүйеніп жүретіндей жағдайға жеткен Жеңісгүл Дәулетованың бүгінгі жетістігі қайсарлықпен пара-пар. Отыз үш жастан асқан ғұмырының он бес жылдан аса уақытын қазақтың ұлттық өнеріне арнап, өмірін өнерімен өрнектеген қайсар қыз кім-кімге де үлгі болмақ. Алматылық қолөнер шебері алғашында әуесқойлықпен бастаған тігіншілік өнерін бүгінгі таңда үлкен кәсіпке айналдырды.

 

Мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамту орталығы арқылы Өтеген батыр кентіндегі «Прогресс» колледжінде жалғызбасты аналар мен тұрмысы төмен адамдарға іс тігуді тегін үйретуден жұмысын бастайды. Қарт әжесінің қолынан шыққан бұйымдарды көріп өскен өжет қыздың бала арманы актриса болса да, әр қазақтың үйінде қазақы бұйым міндетті түрде болу керек деген мақсатпен ұлттық өнерді дәріптеу жолында он саусағынан өнер тамған шебер атанды. Біз бармағынан бал тамған Жеңіскүлмен сұхбаттасқан едік.

 

– Жақында Алматының орталығынан «Берекелі ауыл» атты қымызхана ашыпсыз. Әңгімемізді содан бастасақ….

 

– Қаланың ортасынан қымызхана ашудағы басты мақсатым – қымыз сату  емес, онда жастарымыздың басын қосу арқылы салт-дәстүрімізді дәріптеу болды. Жиналған қауым әуезді ән тыңдап, қымыз бен шұбат іше отырып, ұлттық дәстүрімізді ұлықтауға аз да болса септігін тигізсе деген ой еді. Сонымен бірге шулы қалада ауылды сағынғандардың «Берекелі ауылда» табысқанын қаладым.  Десе де бұл шаруа әзірге тоқтап тұр.

 

«Қазақстанның ең үздік тауары» атты өңірлік көрме байқауына қатысқаныңызды да білдік. Бұл көрме әдеттегілерден өзгерек пе?

 

 – «Үздік тауар» деген байқауға 83 компания қатысты. Соның ішінде есімі елге танымал Аида Қауменованың сән үйі, тағы басқа да іргелі компаниялар болды. Аталмыш байқауда алғыс сертификатымен марапатталдым. Мен үшін осы сынға түсудің өзі үлкен мәртебе.

 

Қазір де көптеген көрмелерге шақырту алудамын. Бірақ уақытымның тығыздығына байланысты бара алмай қаламын. Шымкент қаласында қараша айында өтетін ауқымды көрмеге шақыртылдым. Енді соған баруға ниет етіп отырмын.

 

– Қалай ойлайсыз, кәсіп­керлік қабілет қанмен беріле ме, әлде таңдаумен келе ме?

 

– Кәсіпкерлік қабілет қанмен де, таңдаумен де келеді деп ойлаймын. Өнер Алланың қалауымен һәм қанмен бірге беріледі. Ең қызығы, кәсіппен айналысу туралы менің үш ұйықтасам да түсіме  кірмепті.

 

– Алғашқы табысыңыз есіңізде ме?

 

– Алғашқы табысым есімде. Көрші апайға қолөнер бұйымын тоқып бергенім үшін еңбекақың деп 11 мың теңге берген. Мен сол күні ақшалы болдым деп қатты қуанған едім. Сол тапқан табысымның барлығына мата алғанымды ешқашан ұмытпаймын.

 

– Кәсіпкерлікті кімнен үйрендіңіз?

 

– Кәсіпкерлікті маған ешкім үйретпеді. Қолөнер бұйымдарын жасауды әжемнен үйрендім. Содан қызығушылығым оянды. Өз таң­дауыммен осыған келдім. Оқып жүріп бір нәрсе сатуға құмар едім. Тіптен төсек тартып жатқан кезімде де киім, мойынорағыш, шұлық тоқып сататынмын.

 

– Жалпы, қолөнер бұйымдарыңыз өзін жасауға кеткен шығынды ақтай ма?

 

– Ынтымақ пен береке болған жерде шығынға орын жоқ.

 

– Өнімдеріңіздің құны қанша?

 

Менде матасына қарай бағасы әртүрлі болады. Ең арзан деген Кореяның велюр матасынан тігілген бір көрпе 25 мың теңгені құрайды. Қымбатырақ бұйымым 65 мың теңге. Әшекейлермен көмкерілген сәукеле бағасы 100 мың теңгеден жоғары. Әр бұйымның сапасы жоғары деңгейде десем, мұным артық бағалағаным емес. Оған нақты дәлел – қолдан пішіліп тігілген дүниелердің матасы мен мақтасына жоғарғы дең­гейдегі сапалысын ғана пайдаланамын. «Арзанның сорпасы татымас» дегенді қаперден шығармаймын, сапасыз, қажетсіз бұйымдар үшін алтын уақытымды текке кетіргім келмейді.

 

– «Ақ отау» деп аталатын ұжымыңызда қанша адам жұмыс істейді?

 

– Ұжымда әзірше сіңілім екеуміз ғана жұмыс істейміз. Қазір үлкен цех салу жұмыстарын жүргізудемін. Келесі жылы цех өз жұмысын бастағанда қыз-келіншектерді жұмыспен қамтуды мақсаттап отырмын.

 

– Бәсекелестікке қалай қарайсыз?

 

– Бәсеке көп болған жағдайда сапалы әрі әдемі бұйымдарымыз көп болады. Мен – патриотпын, қазақтың бұйымын жасаушы кө­бейсе қуанамын. Әрдайым бәсе­келестіктен қалыспауға тырысамыз. Жаңа үлгілер жасаймыз.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ