Жерлесіміз «Жылдың ең үздік кәсіпкері» атанды

02.09.2018
Қаралды: 148

«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Астанада өткен арнайы жиында «Жылдың ең үздік кәсіпкері» байқауының жеңімпазын атады. Яғни байқауға баға беретін әділ қазы-сарапшылардың көпшілік дауыс беруімен біздің өңірімізден шыққан жас кәсіпкер Тәңірберген Есполов жылдың ең үздік кәсіпкері деп танылды. Оған 1 миллион теңге сыйлық табыс етілді.

 

Бұл аталым бойынша биыл байқауға 16 – 29 жас аралығындағы жас кәсіпкерлер таңдалған екен. Олардың бәрі де өздерінің жеке ісін «Жол картасы 2020» бағдарламасы аясында бастаған жандар. Жас­тарға мемлекет тарапынан тиісті көмек көрсетілген.

 

Аталмыш байқауға халыққа қызмет көрсету, өнім шығару, оқытып-білім беру, ІТ-технология және тағы басқа да салалар бойынша өз бизнесін жүргізіп жатқан жастардан 50 өтінім түскен. Міне, солардың арасынан озып шығып, біздің өңірдің тумасы жылдың ең үздік кәсіпкері атанып отыр.

 

Тәңірберген Есполов өзгеше бизнес түрін қолға алыпты. Ол алғашында кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығына барған, сол жерде «Бизнес-кеңесші» курсынан өткен, оған бизнес-жоспар жасауға қатысты көмек көрсетіліпті. Сосын ол жасанды ротангтен тоқыма жиһаз жасау кәсібіне кірісіп кеткен. Т.Есполов бүгінде өзі ашқан жиһаз фабрикасының шаруасын ойдағыдай жолға қойыпты.

 

Жас кәсіпкердің айтуынша, мұндай ерекше жиһазға қажетті жасанды ротангті олар өздері шығарады екен. Сосын арнайы технология арқылы одан түрлі жиһаздар жасайды. Мұндай жиһаздар күй тал­ғамайды, ыстық-суыққа төзімді, сапасын жоймайды, сондай-ақ тасымалға да ыңғайлы екен.

 

Айта кетейік, ротанг деген – қамыстекті пальма ағашының бір түрі, ол негізінен Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде өседі. Оны «каламус» деп те атайды екен. Осы ағаштың бұтақтарын кесіп, тіліп, тазалап, сосын кептіріп, өңдеуден өткізіп, түрлі жиһаздар жасауға пайдаланады.

 

Осы өзгеше ағаштың бұтақтарын арнайы технология бойынша басып-жаншып, қысып-сығып алып, жасанды ротанг шығаруға болады екен. Кейін сабақтарын кептіріп, кәдімгі шыбықтан себет тоқыған сияқты тоқып, түрлі жиһаздар жасайды.

 

Осындай ротангтен және жасанды ротангтен құрастырылған жиһаздарды бүгінде мейрамханалардан, дәмханалардан кезіктіруге болады. Ондай жиһаздарды үй бөлмелеріне, саяжайға қоятындар да көп.

 

Міне, осындай сұранысқа ие жиһаз түрлерін шығаруды жолға қойған жас кәсіпкер Тәңірберген Есполов республикамыз бойынша ең үздік кәсіпкер атанып отыр. Біз жас кәсіпкерге қуаныш құтты болсын, табысың молая берсін деген тілек білдіреміз.

 

Р. ҚЫДЫР.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ