«Жыланша жеймін сені...», «Қолдары ұшады аспанға»...

02.09.2018
Қаралды: 133

Ән әлемінде мәнсіз қойыртпақтар қаптап жүр

 

 

«Опымай, опымай,

Мыналарың қайтед?

Ал біреулер Астанада жоқ дейді,

Ал біреулер Алматыда көп дейд.

Шымкенттің қыздары зың дейді,

Алматының қыздары дың дейді.

Құдаларым билеп отыр дейді,

Құдашалар билеп отыр дейді.

Нағашы жұрт билеп отыр дейді,

Құдағиым билемеді дейді.

Ал клястястәр қайда?»

 

...Таяуда әлеуметтік желіде «хит» болып жүрген осы бір әнді естіп, өзім де «опымай, опымай» деуге шақ қалдым. Сөйттім де, «ойпырмай» сөзін қай заманнан бастап «опымай» деуге көшкенбіз деген ойға қалдым. «Астанада жоқ, Алматыда көп» деп кімді, нені айтып отырғанын да онша түсіне алмадым. Әйтеуір бұл ән менің миыма сыймады. Артынша Кентал әншінің «Құдағи» әніне қатысты айтылған өлең жолдары болар деп жорамалдадым. Іні-қарындастардан бастап, әпке-жезделер мен аға-жеңгелердің, қайын жұрт пен нағашы жұрттың қалай билейтінін тізбелей келе, тек құдағидың ғана билемей отырғанын әнге қосып жырлаған Кентал мырзадан «клястястәрдың» неге жоқ екенін сұрап тұрғаны болса керек. «Клястястәрдің» сыныптастар екенін түсініп-ақ тұрған боларсыздар. Әуезді ән емес, тақпақ айтқандай тақылдаған бұл әншісымақтың кім екенін аса тани қоймадым. Танылмаған әншілердің саны әжептеуір екендігі белгілі емес пе, солардың бірі болар деп топшылаған күйі қоя салдым.

 

Қазақ эстрадасын шулатып жүрген тағы бір әндер тобы – әйгілі «Nіnety One» тобының репертуары.

 

«Таптаурындарды бұзамын.

Шекарадан ассын миың.

...Бері жақында да, ыңғайлан!

Демің жетпей жатса, мұңайма, ауа беремін.

Айналмасын басың мұндайдан.

Мойында, бұл ойын ұнай ма?

Жауап бер!

Буланады мына ара толықтай,

Бойыңдағы уың таралмай, таң атпай.

Анықталып, шайқал аямай!

...Жыланша жеймін сені шайнамай,

Әңгімелеріңнен жүрек айниды,

Араластырғандай шайға май.

Қайқай қайнамай, ұстасам қоямын аямай», – деп бір шырқаса, 

«Таңқалма аруларың жатқанда мені сұрап,

Менің суретімді түнде жатады олар құшағына орап.

Қалай қарайсың? Білем көре алмайсың менің дәрежемді,

Терең дем ал, терең дем ал,

Тіпті, тығылып тыңдайды мені сенің әжең де», – деп енді бір әндеткенде күлкіден жарылуға шақ қалдым. «Әжелеріміздің қандай ән тыңдайтынын біздің білмейтін болғанымыз ба сонда? Басқаны қайдам, өз басым «Nіnety One» тобын тығыла тыңдап отырған бірде-бір әжені байқамаппын», – деп ішегім қатқаны рас. Анекдот оқығандай бір тыр­қылдып алсам да санамның арғы жағында мұның тіпті де күлетін дүние еместігін біліп-ақ тұрмын.

 

Аталмыш топқа қарсы шыққандарға топ продюсері: «Біз қазақ тілін шетелге, басқа ұлттар­ға насихаттаймыз», – деп уәж айтатын. Насихаттайтын тілдің түрі мынау болса, жетіскен екенбіз! Тілімізді мынадай сорақы түрде естірткеннен естіртпеген артығырақ болар-ау. Басқаны қайдам, мен үшін мынадай қойыртпақты қабылдау өз басыма қиындау. Бәрінен де жастар үшін жаным ауырады. Мағынасы мәнсіз, әуені әнсіз бірде­ңелерді тыңдап өсіп келе жатқан олардың санасы осындай сорпасынан гөрі суы көп нәрселерге сусындап келе жатқаны алаңдатпай қоймайды.

 

Осыдан біраз уақыт бұрын «Аяқты қимылдат» деп елге жар салған Бейбіт Кушқалиевтің әніне біраз адам тек аяғын ғана емес, бүкіл денесін қимылдатып билегендері рас. Дәл сол секілді «Кешью» тобының  «Эщкере» деп бастап кететін әнін естігендер де аз емес болар. Сөйтеді де:

 

«Еңбек етсең, емерсің,

Бірақ «Кешьюді» емес.

Бәріне керегі – хайп,

Хайп маңызды емес», – деп тақпақтап кете береді. Аталмыш мақалдың мәртебесін түсіріп қана қоймай, оны мән-мағынасыз сөздердің арасына араластырып қойғаны ашындырады. Ақыры:

 

«Фандарға толы далада,

Қолдары ұшады аспанға.

Сілекейіңді сүрткін,

«Кешью» тұрған назарыңда», – деп бір-ақ тоқтайды. Аспанға шардың немесе ракетаның ұшатынын білуші едік, бірақ қолдардың да ұшатын қасиеті барын аталмыш әншілер айтпаса, осы уақытқа дейін білмеппін. Сонда деймін-ау, қолдары аспанда ұшып жүрсе, ол байғұс сілекейін қайтіп сүртпек?! Арасында:

 

«Ары-бері, бері-ары,

Жүріп ары-бері», – деп бірнеше рет қайталап қоятыны тағы бар. Бұл бір жерде тыныш отырып емес, ары-бері жүріп тыңда дегені болар деп  топшыладым. «Мен айтарымды айттым, арғы жағын өзің түсініп ал», – дейтін болар, әйтеуір тыңдайсың да, топшылап отыра бересің. Сөйтіп әп-сәтте тыңдаушыдан болжаушыға қалай айналып кеткеніңді өзің де байқамай қаласың.

 

Неге екенін қайдам, жастар да осындай жеңілтек әндерге құмар-ақ. Содан да шығар, мұндай мәңгүрт музыкалардың саны да көбейіп келеді. Өзі мағынадан жұрдай болғанымен қоймай, оны тілін шайнап айтатындары тағы бар, осындай әндерден бірнәрсе түсініп жатқан адам жоқ. Жастар жағы оны түсінуді де қажет деп таппайды, тек әуеніне елітіп кете береді.

 

Қазақ эстрадасында өріп жүрген мұндай әндердің барлығын бастан-аяқ тізбелер болсақ, газет бетіне сыймас. Абай атамыздың: «Құлақтан кіріп, бойды алар, Әсем ән мен тәтті күй» деген өлең жолдары бар. Өкінішке орай, құлақтан кіріп, бойды алатын әндеріміз соңғы кезде азайып бара жатқандай. Қазағымның әлжуаз әндеріне, соның ішінде тоз-тоз болған тіліне, шынында да жаным ашыды. Жан ашығаннан басқа қолдан келер қайран жоқ. Себебі әлгіндей әншілер мен әндерге әзірге тосқауыл болар ешкім жоқ.

 

М. ЫБЫРАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ