10 жасар «пластилин – бала»

04.09.2018
Қаралды: 251

Ақтау қаласында туа біткен буынсыз бала тұрады. 10 жастағы оқушы өте қиын трюктерді орындайды. Жұртшылық «Пластилин-бала» деп атап кеткен Азамат Нұрқожа қазір өзінің «кумирі» санайтын  Айдос Тоқтарбайдың қимыл-қозғалыстарын жетік меңгеріп алған. Ол Ақтау қаласы, Н.Марабаев атындағы №7 мектеп-лицейінің 5-сыныбында оқиды. Біздер ерекше қабілетке ие балақайдың анасы Жанна Байбозовамен әңгімелескен едік.

 

– Буынсыз бала Азамат неше жасынан осындай қабілетке ие болды?

 

– Азамат кеш жүрді. 1 жас 7 ай шамасында аяғына мінгеніне қорқып едік. Себебі әлсіз, нәзік болатын. Дәрігерлер арнайы жаттығулар жасауымызды, ем-дом алуымызды тапсырған. Бірақ біздер олай еткіміз келмеді. Мұнымыз дұрыс болған екен. Кеш жүрсе де қазір өз қатарластарынан қалып қойған жоқ.

 

– Ерекше өнерін қалай байқадыңыздар?

 

– Азамат 10 айлығынан бастап нағашы ата-әжесінің тәрбиесінде болды. Әкесі Әсет Қаражанбас кен орнында бұрғышы, ал мен информатика пәні мұғалімімін. Ертерек жұмысқа шығуым керек болып, жолдасымның рұқсатымен баланы өз ата-анамның қарауына қалдырдық. 

 

Азамат үш жасында шпагатта еркін отырды. Оған аса мән бермедік. Бес жасында аяғын мойнына асып қойғанын көріп, қорықтым. «Олай жасама, ауыртып аласың!» – деп ескерту бергенімде: «Ауырмайды, былай да жасай аламын», – деп екі аяғын да мойнына салып, қолымен жүріп кете барды.

 

Азамат түнде ұйықтағанда да біз сияқ­ты аяқ қолын еркін қойып жатпайды. Аяқтарын жинап, кейде шпагатта жатып та бұралып ұйықтай береді. Басында мен бұған қатты таңдандым, уайымдадым да. Бірақ кейін көзіміз үйренісе бастады ма, өзіміз қызықтап, телефонға түсіріп, туыс-таныстарға жіберіп жүрдік. Мұны ата-әжесі жақтыра қоймады. Балаға тіл-көз тиеді деген болса керек.

 

– Білуімізше, Азамат Айдос Тоқтарбай ағасының бірқатар әдістерін білетін көрінеді. Трюктерді қоюға ол кісі көмектесті ме, әлде арнайы мектептен үйренді ме?

 

– Бір күні «Жәшікке кіретін жігіт бар еді ғой», – деп интернеттен Айдос Тоқтарбайды іздеп тауып, Азаматқа көрсеттік. «Ютубтан» бір қойылымын көрді де, айы­рылмай қалды. Азанды-кеш соның қи­мылдарын қайталаумен болды.  Көбінесе қиын трюктерді Азамат қыздырыну жаттығуын жасамай-ақ істей беретін. Әлі де солай етеді. Сол арқылы Азамат көп нәрсе үйреніп, көп жаттығу жасай бастады.

 

Ақтау қаласында спорттық секциялар болғанымен балаларды тек көркем гимнастикаға ғана қабылдайды. Өкінішке орай, акробатика жоқ. Өзімізше буындары қатып қалар деген оймен Азаматты 6 жасында «Жорға» би ансамбліне жаздырдық. Ол жерге 1 жылдай барып жүрді де, кейін: «Бәрі қыздар ғой», – деп бармай қойды. Сосын 7 жасында таэквандоға бердік, домбыраға да қатыстырдық. Азаматтың екі салада жүргенін білген апайы: «Екеуінің бірін таңда», – депті. Баламыз домбыраны таңдады. Қазір «Өнер» мектебінің домбырадан күй жанры­ның 3-сыныбында тәлім алады. Домбыраны жанындай жақсы көреді. Күйді де шебер ойнайды. Түрлі жарыстарға барып, жеке де, ансамбль мүшелерімен де жүлделі орындар алып жүр.

 

Айтқандай, биыл мектеп жанынан «Олимпус» гимнастика және балет спорт орталығы ашылыпты. Ұлымның қуанышында шек болған жоқ. Қазір сонда барып жүр. Ал жақында «Бала шабыты» фестиваліне барып екінші орын алдық.

 

– Азаматтан басқа ұл-қыздарыңыз бар ма? Ұлыңыз көпшіл ме? Сабақ үлгерімі қалай болып жатыр?

 

– Алланың берген екі ұлымыз бар. Үлкенім – Азамат. Кенжем Ерқанат 8 жаста. Ерқанат 6 жасынан бастап дзюдоға қатысады. Балаларым өте көпшіл. Әсіресе Азамат өзі секілді буынсыз достарды көп іздейді. Тіпті Португалия елінен 38 жастағы буынсыз кісі Дарио Рамеромен «скайп» арқылы танысып алыпты. Дарио жеке тапсырмалар беріп отырады. Қазір сол ағасының үйреткен трюктерін қайталап жүр. Ол да риза, Азаматқа тілекші  екенін үнемі айтады. Екеуі ағылшынша жазып, сөйлеседі. Түсінбей жатса сөздікті пайдаланады.  Онысына таңыр­қадық, риза болыстық.

 

– Таңқалатындар көп пе?

 

– Иә, көп адам таңқалып жатады. Автобуста, көлікте отырса да өзіне ыңғайлы әдісі бар. Аяғын басына асып қояды да ұйықтайды. Жуырда Астанаға жол түсіп, ұшақта сүйікті әдетімен ұйықтап барды. Мұны адамдар көріп, «Мына баланың отырысы қызық екен! Танысайықшы, суретке түсейікші», – деп сөзге тартып жатады.

 

– Азаматтың бұл өнерінен басқа нендей жаңалығы бар?

 

– Жыл басынан бері Азаматтың өнерін, жетістіктерін әлеуметтік желілерге сала бастадым. Оны көрген біраз кино режиссерлары хабарласты. Сөйтіп наурыз айында актерлік шеберлігін шыңдап, киноға түсу жөнінде кастингке шақыртылуы керек болатын. Бірақ кейін кастинг «скайп» арқылы жүргізілетін болып, нәтижесінде балам одан өтпеді. Өздері арнайы хабарласқан соң үміттеніп қалған едік. Азаматтың көңілі тіптен түсіп кетті. Дегенмен көп өтпей балаларға арналған Дәулет Есжановтың «Ғаламтор» толықметражды фильміне шақыртылды. Фильм Ақтауда түсірілді.  Осы күзде «КТК» арнасынан беріледі деп күтіп отырмыз.

 

– Тойларда өнер көрсете ме?

 

– Тойларға шықпайды. Көз бар, тіл бар дегендей. Бұған қоса сабағы бар, күй бар, тойға шығуға уақыты да болмайды ғой. Десе де тойға қатысты ұсыныстар көп түседі.

 

– Ұлыңыздың арманы не?

 

– Азамат әлі бала ғой, арманы көп. «Мен онсыз да буынсыз баламын. Өскенде белгілі бір маман болуым керек. Заңгер болып, қызмет етемін», – дейді. Сүйіп көретін фильмі «Менің атым – Қожаны» тамашалап: «Менің де осындай актер болғым келеді», – деген. Кейін «Жаужүрек мың баланы»  көріп, батыр болғысы келіп кетеді. Туыстардың бірі ауырып қалса: «Өскенде невропатолог-дәрігер боламын»,  – дейді. Күйші Дина туралы мектепте оқып, күйші болды, Қайрат Нұртасқа еліктеп, әнші де болды. Бала ғой.

 

– Ендеше Азаматыңыздың өнері өрге жүзе берсін дейміз.

 

Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ