Тезек теріп, көмір күтуден құтылатын болды

01.09.2018
Қаралды: 167

«Бейнеу – Бозай – Шымкент» магистральды газ құбырының бойынан бірнеше автоматты газ реттегіш станция­ларының салынып, іске қосылғанына да бірер жыл болды. Соның арқасында Оңтүстік өңіріндегі елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары өз нәтижелерін беріп жатыр.

 

Түркістан облысының оңтүстік аудандарында ондаған ауылдарда газ пайда болды, жұртшылық отын түсіріп, тезек теруден құтылып, қуанып жатыр.

 

Облысымыздың бұл бағытта атқарып жатқан шаруаларын ауыз толтырып айтуға болады. Мысалы, бүгінде Түлкібас ауданында табиғи газ құбыры жетпеген екі-ақ елді мекен қалды, оның өзі де адам аз тұратын, шалғай, экономикалық жағынан тиімсіз саналатын жерлер. Соған қарамастан оларға да газ жеткізу жоспарда бар.

 

Бүгінде облысымыздағы Арыс қаласына да газ жеткізу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Осы бағытқа қызмет ететін автоматты газ  тарату бекеті қалаға газ беруге дайын, қазір құбырлар жалғану үстінде. Арыс қаласының құрамындағы Ақдала, Қожатоғай ауыл округтеріне қарасты ауылдар да «көгілдір отынмен» толықтай қамтылмақ.

 

Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бірінші кезеңнің жұмыстарына облыс бюджетінен 884 миллион теңге бөлінген. Жұмыс­тар алдағы жылдарда да жалғасады, оған да тиісті қаржы қаралып қойған.

 

Жалпы, алдағы бес-алты жыл ішінде Арыс­қа қарайтын 26 елді мекенді газбен қамту жоспарда бар. Бүгінде аумақ тұрғындарының саны 60 мың адамнан асады десек, жоспар межесіне жеткен кезде осынша халық түгелдей дерлік табиғи газдың рахатын көріп отырмақ. Бұл жөнінде арнайы өткізілген баспасөз туры кезінде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек айтып берді. Ол кісінің айтуынша,  Арыс өңірін табиғи газбен қамту жоспары негізінде облыс бюджетінен 2019-жылға – 500 миллион теңге, 2020-жылға 1 миллиард 581 миллион теңге қаржы қаралған екен. Жоспардағы жұмыстар нәтижесінде қала халқының 99,5 пайызы табиғи газ тұтыну мүмкіндігіне ие болмақ.

 

...Жалпы, бүгінгі күндері Түркістан облысында 2 миллионға тарта адам тұрады. (Шымкент республикалық маңыздағы қала болып бөлінбей тұрғанда Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары 3 миллион адамға жуықтаған еді). Облысымыздағы елді мекендерді табиғи газбен қамтуға қатысты кешенді жоспар (2017 – 2020-жылдар аралығындағы) іске асқан кезде осынша халықтың басым бөлігі табиғи газдың игілігін көретін болады. Бұл өз кезегінде Президенттің 5 әлеуметтік бастамаларында айтылған негізгі басым бағыттардың бірі – «Елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыруға» қосылған нақты үлес болмақ.

 

Р. ҚАЛТАЙ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ