Түркістанның түлеуі баспана салудан басталуда

29.08.2018
Қаралды: 155

«Әр отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру». Жақын болашақта орындалуы тиіс нақты бес тапсырманың бірі – біріншісі деп Елбасы биылғы мамыр айында тап осы мәселені атаған болатын. Осы мүмкіндік, бұйыртса, бір жылдан кейін түркістандық 1560 отбасыны қуанышқа бөлегелі тұр.

 

Түркістан қаласындағы жаңадан құрылған «Отырар» мөлтек­ауданында бүгінде бес қабатты 11 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 4 миллиард 102 миллион теңгеге салынып жат­қан үйдің әрқайсысында 60 пәтерден болады. Сонда 660 отбасы баспанаға қол жеткізеді деген сөз.

 

Көне де жаңа шаһарда сондай-ақ жеке инвестордың есебінен 360 пәтерлі 6 несиелік тұрғын үй бой көтереді. Бұдан бөлек, тағы да 540 пәтерлі 9 үйдің инфрақұрылымдық желілері тартылып жатыр. Құрылысы қыста да тоқтамайтын бұл өңірдің жұртшылығы жаңа пәтердің кілтін келесі жылы қолға алады деп күтілуде.

 

Айта кетейік, жаңа пәтерлер алдымен әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балаларға, апатты үй тұрғындарына және бюджеттік сала қызметкерлері мен тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға беріледі.

 

Бүгінгі күні Түркістан қаласында 162 мың тұрғын бар. Олардың 8 мыңнан астамы баспана кезегінде тұрады екен. Әрине, келесі жылы пайдалануға берілетін тұрғын үйлер шаһардағы баспана мәселесін толығымен шешпейді. Оның үстіне Түркістан – адам саны жедел өсіп келе жатқан қала. 2035-жылы ондағы халық саны екі есеге дейін өсіп, 350 мыңға жетеді деген болжам бар. Ал 2050-жылы жарты миллионға жетуі мүмкін.

 

«Ол дегеніміз, кем дегенде 200 мың пәтер.  Осы уақыттың арасында біз 1 миллион 400 мың шаршы метр тұрғын үй соғуымыз керек деп жоспарлап отырмыз», – дейді Түркістан облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Тоқтар Үсіпәлиев.

 

Айта кетейік, таяу жылдарда Түркістанда 100 гектар жерге 100 көпқабатты тұрғын үй салынады деп жоспарланып отыр.

 

Ж. ҚАСЫМ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ