Үндістан да Түркістанға қызығуда

04.09.2018
Қаралды: 154

Түркістан облысы құс фабрикасына кенде емес. Өңірде «Ордабасы құс» және «Шымкент құс» ЖШС-тері жұмыс жасайды. Дегенмен нарықта ресейлік құс етін өндірушілердің де орны бар екені ақиқат. Енді оны Үндістанның   алпауыттары алмастыруы мүмкін. Өйткені бұл салаға жаңа инвестициялар тартылмақ.

 

Үндістанның «Venky’s» компаниясы Түркістан облысындағы екі құс фабрикасымен бірге жаңа жобаларды қолға алуды жоспарлап отыр. Аты әлемге танылған компания құс өсіру және жұмыртқа өндірумен қатар жұмыртқа ұнтағын да кәдеге асырады екен. Сонымен қатар арнайы зерттеу орталықтарында құс шаруашылығына қажетті вакцина шығарумен де айналысады. 1971 жылы құрыл­ған компания Үндістан нарығының 90 пайызға жуығын құс етімен қамтамасыз етеді. Тек Үндістан емес, АҚШ және Еуропа елдерінде де бірлескен кәсіпорындары мен жобалар бойынша жұмыс жасап жатыр. Олар енді біздің елге де бет бұрмақ ниетте. Компанияның операциялар жөніндегі бас директоры Муртуза Али Исмаил Магдум Түркістан облысында жұмыс бастауға дайын екенін мәлімдеді. Осы мақсатта ол облыс әкімі Ж. Түймебаевпен кездесті.

 

Өз кезегінде өңір басшысы үндістандық инвесторлармен бірігіп жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді. «Екіжақты жоба екі елге де пайдалы болады деп ойлаймын. Түркістан облысы Өзбекстан Республикасымен шектеседі. Өңірден «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистралі өтеді. Жұмыс күші көп әрі табиғаты шаруашылыққа қолайлы. Бірнеше құс фабрикасы бар. Біз әкімдік тарапынан құс шаруашылығын дамытып, кластер құру жөнінде қолдау көрсетуге дайынбыз. Егер инвесторлар келетін болса, жер және инфрақұрылым мәселесіне де көмек көрсетіледі», – деді ол.

 

Бүгінде үндістандық инвестормен іскерлік байланыс жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Көп ұзамай Түркістан облысы құс шаруашылығын халықаралық деңгейге көтеру арқылы экспорт көлемін де арттырады деп күтілуде. Ал бұл облыстағы экономикалық жағдайды жақсартудың бір жолы екені анық.

 

А. МҰХАММЕД.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ