Н.Төлегенов: «Мал қорада қи басып тұрып ән айтқан кезіміз болған»

29.08.2018
Қаралды: 366

Қазақстанның мәдениет қайраткері, танымал әнші және сазгер, Бәйдібек ауданының Құрметті азаматы Нышан Төлегенов 60 жасқа толып отыр. «Арыстанбаб», «Түркістан», «Бәйдібек баба», «Төле баба», «Домалақ ана», «Алғабасым» сынды көптеген әндердің авторын мерейтойымен құттықтай отырып, әңгімеге тартқан едік.

 

Авторлық ән кеші өткізіледі

 

– Мерейтойыңызға байланыс­ты үлкен концерт беру үстінде екенсіз. Концерттік бағдарлама Бәйдібек ауданынан бастау алатын шығар?

 

– Өнер жолында келе жатқаныма биыл 35 жылдың жүзі болыпты. Қазақтың «тал түс» деп атап кеткен 60 жасында өмір жайлы көп толғанады екенсің. Өзіме сұрақты өте көп қоямын. Мақсатым мен армандарым да жетерлік. Биыл қарбалас жыл болды мен үшін. Туып-өскен өңірім 90 жылдығын атап өтпек. Өзімнің де әр бес жыл сайын өткізетін есептік концертімнің мерзімі жақындады. Ойлана келе осының бәрін тоқайластырып, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында «Бәйдібек баба, Домалақ ана елінен сәлем сіздерге!» атты авторлық ән кешімді өткізуді жоспарладым. Қазіргі таңда аудандағы ауыл тұрғындарымен кездесіп, ән кешімді бастап жатырмын. Одан соң облыстың бірқатар аудандарында және Тараз, Алматы, Астана қалаларында бұл іс-шара өз жалғасын табатын болады. Концерттің түйін­демесі Түркістан қаласында қойылады.

 

– Бүгінде қайда тұрып жатырсыз? Отбасыңыз туралы ай­тып өтсеңіз...

 

– Бірнеше жылдардан бері Шымкент қаласында тұрамыз. Екі қыз, бір ұлым бар. Өмірлік серігімнің есімі – Жақсыкүл. Менің бүгінгі күнге дейін жеткен жетістіктерім мен жеңісімнің себепшісі – осы кісі. Отбасын құрып, үй болғаннан үйден гөрі түзде көп жүрдім. Аудан орталығындағы мәдениет үйінде еңбек етіп жүргенімде Оразкүл Асанғазиева: «Бірлік ауылынан қатынау саған қиын. Саған Шаяннан үй береміз», – деп пәтер кілтін ұсынған еді. Сондағы қуанғаным әлі есімде. «Өнерім болмаса мен кіммін? Оған адалдығым мен тазалығымды өмірімнің соңына дейін сақтаймын», – деп серт еткен едім сонда. Осылайша Бірлікте автоклуб меңге­рушілігінен кейін Шаянда тер төктім. Сосын 1995-жылы Төлеби ауданына қоныс аударып, ұстаз болдым. Апталап, айлап іс-сапарға кетіп жатсам да, отау құрғалы бес-алты рет көшуге тура келген жағдайлардың барлығында да жарым артық сөзге келген емес. Үнемі қолдау білдіріп, барды да, жоқты да сабырлы қалпында өзіммен бірдей көріп келеді.

 

Автоклубта еңбек етіп жүргенімде үзеңгілес достарым әрі әріптестерім – есімдері сонау Мәскеуге танылған Абай Айнабеков, Гүлсім Әділбекова, Серік Әуелбеков, тағы да басқа өнерпаздармен аудандағы еңбекші қа­уым­ның рухын көтеру мақсатында концерттік бағдарлама апаратынбыз. Ауа райының кез келген мезгілінде қолымыздан домбыра, үстімізден ұлттық шапан-қамзолымыз ше­шілмей, қыр мен сайда өнер көрсеттік. Тіпті мал қорада қи басып тұрып ән айтқанымыз қазір ертегі секілді. Сонда еңбек адамдары: «Нышанның өнерін қойлар да түсінеді. Ол ән айта бастаса, жамырап жат­қан момындар тыныштала қалады», – дейтін. Біз күй талғап, адам таңдамадық қой. Өнерді бәрінен биік қойдық.  

 

– Сіз биік қойған өнер жолын ұл-қызыңыздың ішінен таңдағандары бар ма?

 

– Үлкен қызым Гауһарай мен Сәкенім мектепте оқып жүргенде мектепішілік байқауларға қатысып, ән айтып, би биледі. Өзіме тартып туса да олардың менің ізімді жалғап, ауыр жолды таңдауына қарсы болдым. Тоқтаттым. Қазір ойласам, оным бекер екен. Заманның алмағайып айналуын білмеппін. Мен өткен жолдың қиындығын бұлар да көрмесін дегендік еді. «Шоу бизнес», «Той бизнес» дегендер қазір көзін тапқан өнерпазға ақша, абырой, атақ болатынын енді түсініп жүрміз.

 

– Енді немерелеріңіз жолыңызды қуса, қарсы болмайтын шығарсыз?

 

– Жоқ, енді шектеу қоймаймын. Бойына дарыған қабілеті болса, сахнада салтанат құра берсін. Тек өнерге деген махаббаты, тазалығы мен адалдығын биік қойса жеткілікті. Әйтпесе әншімін дегендердің сахнада қалай болса солай тұрып, «айттым ба, айттым» дегендей қылықтарын көріп жүрміз. Қалғып-мүлгіп концертте өлеңін айтып, кешкі тойға үлгеруін, одан түсетін табысын есеп­тейтін әншіден ештеңе шықпайды. Себебі өнерді көтеретін де, әншіні құрметтейтін  де – халық. Халықтың алдында селтеңдеп, жеңіл жүру – дертпен тең. Кей әншілер осыны ұмытпаса екен. Сосын мемлекет фонограмманы алып тастау туралы арнайы заң қабылдаса бөркімді аспан­ға ататын едім. Сонда талай әнші­сымақтың өнермен қош айтысқанын да көретін едім.

 

Шапағаты тиген жанға ризамын

 

– Шәмші Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияда белді әншісіз. Бұдан басқа қосымша жұмыспен айналысасыз ба? Тойға шығып, асабалық етуге ұсыныс түсе ме?

 

– Шаянда еңбек етіп жүргенде асабалықпен айналыстым. Ауылдағы құдалық, бесік той, беташар, тағы бас­қа қуаныштарда қызмет еттім. Қазір сол той басқаруға тапсырыс берген дос-таныстарымның ұл-қыздары арнайы хабарласып, той басқарып беруімді жиі өтінеді. Ешқайсысына қарсылық білдірмеймін. Олар қазіргі жаттанды, мәнсіз-мағынасыз той сце­на­рийлерінен жалыққан ғой. Қуанышты күндерінің салиқалы, мағыналы өтуін көп жастар қалайды. Демек, тойға, тойдағы асаба мен өнерпаздың сауаттылығы мен қабілетіне сұраныс артып келеді деген сөз бұл.

 

Қосымша жұмысым жайлы ешкімге айтпаған едім. Өздеріңізбен, тыңдармандарыммен бөлісейін. Жалпы, оның жасыратын да ештеңесі жоқ. Бұрынғы «Айгүл», қазіргі «Денсаулық» шипажа­йында мәдени шараларды ұйымдастырушы ретінде 8 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бұл жерге жұмысқа орналасуым да аяқасты болды. 2010-жылы қатты сырқаттандым. Өзіме аянбай еңбек етіп келе жатқан жалғыз бүйрегім сыр беріп, осы шипажайға келдім. Толық ем алуға қаржым да аз еді. Шипажайдың сол кездегі басшысы, марқұм Аманкелді Қоңырбасовпен бұрыннан таныспыз. Жағдайымды естіген соң екі ай бойы тегін емдеп беремін деді. Айтқан сөзінде тұрып, жақсылап емдеді. Аяққа тұрып, қайтуға жиналатын күні өзі арнайы келіп, жұмысқа шақырды. Мұндағы науқастар мен мүмкіндігі шек­теулі жандарға айына бірер мәрте концерт қойып, көңілдерін көтерсем 50 мың теңге жалақы төлейтінін жеткізді. Айлыққа емес, тегін-ақ өнер көрсетемін дегенімді тыңдағысы да келмеді. Мені емдеген 53 күнге осынша күн тегін қызмет етіп, одан соң ғана айлық жазасыз деген шартыммен келісіп, осылай қосымша жұмыс істеп келе жатқан жа­йым бар.

 

– Бір бүйрекпен жүрмін дедіңіз...

 

– Иә. Денсаулықтың қадірін жас кезде білмеген екенбіз. 1979-жылы оңбай ауырдым. Дертімнің асқынғаны сонша, Алматыдан бір-ақ шықтым ғой. Бағыма орай Алматыдағы ең беделді дәрігер Бейнеш Оразұлы Жарбосыновтың алтын қолына түсіп, өзі ота жасады. Отаға дейін мені мұқият тексеріп: «Саған өмір сыйлаймын. Өнерге бастаған қадамың үзілмеуі керек», – деген еді. Жарықтық, мен секілді талайлардың өміріне арашашы болған кісіге дұға бағыштауды осы күнге дейін ұмытпадым.

 

Ол кісі қазақтың біртуар ұлы Д.Қонаевтың жеке дәрігері де болған екен. Міне, осындай білікті дәрігерлердің арқасында өмір сүріп жүрмін.

 

Атқарылған қайырымды істер бар

 

– Шәкірттеріңіз баршылық шығар? Атап өтсеңіз екен...

 

– Өнер жолында жүрген жандардың шәкіртсіз болуы – жетімсіреген бота, ағашсыз жапырақ секілді. Өзіме ұстаз санайтын Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова және басқалардың жолымен шәкірттерімнің аса талғампаз, сабырлы, таза болғанын қалаймын. Осы күнге дейін асабалардың атасы саналған бәйдібектік Мықтыбек Досжанов, Ғазизхан Шекербековтің әкесі Жандарбек Шекербеков – менің маңдайалды шәкірттерім. Кезінде Жандарбек ұлының әлі құндақтаулы сәби шағында анасының айтуымен Ғазизханның аузына түкіруімді қалаған. Ырымға сенген ананың көңілін жықпайын деп шын ықыласыммен осылай еткенмін. Марқұм Жандарбек Ғазизханның жеткен биігін көре алмағанымен оның куәсі өзім болдым. Оған да шүкір деймін.

 

– Қоғамдық жұмыстар мен қа­йырымдылық шараларға жиі үлес қосып, демеушілік етіп жүргеніңізді естідік. Соған тоқталсаңыз...

 

– «Мен істедім дегенше, ел істеді десейші» дегенді ұстанған адаммын. Бірақ өзіме мақтаныш тұтатын айтулы ісімнің бірі де бірегейі – Бәйдібек ауданы өңіріне батыр ұл Бекзат Саттархановтың арнайы келуін ұйымдастыруым еді. Жарқ еткен жұлдыз, Әлем чемпионы атанған Бекзатпен кездесу аудан орталығында өтті. Кездесудің өтуіне көмек ұсынған кәсіпкер Бақанай Нақыпбековке сол кезде ел риза болған, ал­ғысын да жаудырған. Жиырма жастағы батырмен кездесуге халық көп келді. Қыстың қақаған қара суығы болса да мәдениет үйіне адам лық толды. Үш сағаттық жиында залдан артық дауыс шыққан жоқ. Барлығы Бекзат бауырымыздың қас-қабағы мен айтқан сөздерін ерекше назар қойып тыңдап отыр. Халықтан түскен сұрақтарды Бекзатқа жеткізіп беремін, ол асықпай жауап береді. Сонда жап-жас жігіттің өзін ұстауына, тәртібі мен даналығына тәнті болғанмын. Оның микрофонға жақындауының өзінде үлкен мән, тәрбие жатыр еді.

 

Одан кейінгі атқарған істерімнің де мен үшін мәні зор еді. 1997 – 2000-жылдары «Домалақ ана» қоғамдық қоры жанынан «Айтыс» отауын құрып, 2000-жылы Ташкент қаласында ұйымдастырылған айтыстан түскен қаржының бір бөлігін Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойын өткізуге арналған арнайы қорға аударуға ұйытқы болғаным бар. 2007-жылы Қызылорда облысында орын алған табиғи апат – су тасқыны зардаптарын жоюға арналған қорға қар­жы аудару мақсатында Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының ақындары арасында «Біз сіздермен біргеміз!» атты қайырымдылық айтысын  ұйымдас­тыруға қатысқанмын. Сауапты істі жария қылу әдетімде жоқ еді. Облысымыздағы арнайы зағип жандар және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітап­ханада өтетін шараларға демеуші болып тұратыным рас. Кітапхана басшысы Бәкір Нұрманбетовпен түрлі байқаулар өткізіп, қаржылай қолдау көрсетіп келемін.

 

– Жастарға айтарыңыз бар ма?

 

– Жастар қауымына ұлтжанды, иманды болудан танбасын деймін. Қазақтың салт-дәстүрін берік ұстанып, адами қалыптан айнымаса деген ағалық кеңесімді назарда ұстаса екен.

 

– Арман-мақсаттарыңыз орындала берсін, шығармашалық табыс, деніңізге саулық, отбасыңыз­ға амандық тілейміз.

 

Д. ҚҰДАЙБЕРГЕНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

Пікір қалдыру

1000 символ