Тарихы терең, табиғаты таңғажайып Түлкібас

29.08.2018
Қаралды: 180

Биыл Түркістан облысындағы 6 ауданның құрылғанына 90 жыл толып отыр. Соның бірі – Түлкібас ауданы.  Бұл ауданның мерейтойы кешегі аптада жоғары деңгейде аталып өтті.

 

100 мыңнан аса адам тұрады

 

Түлкібас ауданы 1928-жылы 17-қаңтарда құрылған. Ауданда қазіргі таңда халық саны 111 мыңнан асады. Бүгінде мұнда 26-дан астам ұлт өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Аудан орталығы – Тұрар Рысқұлов ауылы.

 

Түлкібас жері – Алаштың айбыны Тұрар Рысқұлов, батыр қолбасшы Бауыржан Момыш­ұлы, қоғам қайраткері Сергей Терещенко, белгілі жазушы-журналист Шерхан Мұртаза, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметов, қарымды қаламгер Мархабат Байғұт және тағы басқа да тұлғалар туылған қасиетті мекен.

 

Өзі құрылғалы бергі 90 жылда аудан айтарлықтай мол жетістікке жетті. Әлеуметтік мәселелер де оң шешімін тапқан. Аудан көркейген, өскен.

 

Мерейтойға қатысты іс-шаралар «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автодәлізі бойында орын тепкен қоғам қайраткері Т.Рысқұлов ескерткішінің жанынан бас­талды. Қонақтарды аудан әкімі Нұрбол Тұрашбеков қарсы алып, ыстық ықыласын білдірді.

 

Мерекелік шара қоғам қайраткері Т.Рысқұлов ескерт­кішіне гүл шоқтарын қоюдан бастау алды. Сосын қазақ халқының біртуар азаматтары М.Тынышбаев пен Т.Рысқұловтың «Түлкібас» темір жол станциясындағы ескерт­кішінің ашылу рәсімімен жалғасты. Сонау 1915-жылы Түлкібас жерінде темір жол  құрылысын басқар­ған қазақтың тұңғыш темір жол инженері М.Тынышбаев жас  Т.Рысқұловпен кездесіп, оның білім алуына бағыт-бағдар беріп, болашағына жол ашқан екен. Қос тұлғаның сырласып тұрғанын бейнелейтін ескерткіші демеу­шілер есебінен тұрғызыл­ған.

 

Бұл ескерткіштің ашылуына аудан әкімі Н.Тұрашбеков, қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков, дербес зейнеткер Өміртай Қалықұлов сынды ел ағалары, ауданның Құрметті азаматтары қатысып, өздерінің  тілектерін біл­дірді. Әсіресе туып-өскен өңіріне 26 жылдан соң табан тіреген Зауытбек Тұрысбеков осы жылдар ішінде ауданның адам танымастай, жақсы қырынан өз­гергенін тілге тиек етті. Қызықты естеліктерімен бөлісті. Тол­қынысқа толы сезімін жасырмады. Бұл жерде қос тұлғаның елі үшін атқарған еңбектері мен өмір жолдары туралы егжей-тегжейлі айтылды.

 

Жаңа көпір пайдалануға берілді

 

Сол күні Т.Рысқұлов ауы­лының батыс жағында орналасқан жаңа көпір пайдалануға берілді. Бұл жаңа нысан өңір тұрғындарына қуанышты жаңалық болды. Бұған қатыс­ты ауыл тұрғыны  Жұма­бай    Қайрамбаев  ақ­са­қал былай дейді:

 

«Ескі  көпірден өту біршама қиындық туғызушы еді, мына шаруа ауыл  халқы үшін игі  іс  болды.  Хадисте де айт­қан ғой, құдық қазған, көпір салғанның  сауабы мол деп. Ілгеріде,  көпір жоқ уақытта бұл  жерді осында көпшілік болып тұратын өзбектер  «Азатлық» деп атайтын. Арғы бетке  мал өте алмай, кептеліс болатын. Өзім  1971-жылдан бері осы маңдағы көрші ауылда тұрамын. Бұрын әкеміз сол колхозға барып сүт өткізетін. Ол заманда сүтті әр ауылдан  жинаушы еді ғой.

 

Әсіресе көктемде су кө­теріліп, ағысы қатты болған кезеңде небір қауіпті оқиғалар болғандығын  ара-тұра  құлағымыз шалып қалатын. Осындай бір қауіпті оқиға әкемнің де басынан өтіпті. Долдан­ған қатты  су толқыны әкемді 6 метрге дейін ағызып әкетеді. Жарығы бар шығар, әйтеуір әупірімдеп жүріп, тал-тас қармап аман қалыпты. Көпір жоқта ауыл тұрғындары судың ағысына жіті мән берген. Су аздау, ағысы баяу қалыпқа түскенде ғана малдарын алып өтуге  мүмкіндік туған.  Осыны ескерген ауданымыздың Құрметті азаматы, академик Оразалы Сәбден өз қаржысына көпір салдыртқан еді, одан   соң, міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, мемлекеттен арнайы қаражат бөлініп, жаңа көпірді халық игілігіне тарту етті. Халықтың қуанышында шек жоқ. Оны осы жиынға арнайы келіп қатысып, өз көздерімен куә болған адамның көптігінен аңғарып тұрған  боларсыздар.  Бұл біз үшін үлкен қуаныш.  Ауыл арасындағы арыс-берісті, қарым-қатынасты жеңілдетіп,  татулығымызды одан әрі нығайта түскен     барша жанашыр жандарға, ат үстіндегі азаматтарымызға  амандық тілейміз!  Мұның бәрі Елбасымыздың ел-елді жаңарту, халыққа жайлы жағдай жасау бастамасы, «Рухани жаң­ғыру» бастамасы деп түсінеміз және қолдаймыз».

 

Содан соң мерейтойға қатысушылар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Түркістан облысының киелі жерлері картасына енген, қайта жөндеуден өткізілген «Түркібасы әулиесі» кесенесімен танысты. Онда түскі ас беріліп, бабалар әруа­ғына құран бағышталды. Кесененің ашылуында аудан әкімі Н.Тұрашбеков сөз сөйлеп, рухани жаңғыру шеңберінде ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сондай-ақ аудан тумасы Оразалы Сәбден, «Тіл жанашыры» Құрмет белгісінің иегері Асылы Осман және тағы басқалар атқарылған игі іс­терге ризашылығын жеткізді.

 

Саябақ ашылды

 

Ауданда бой көтерген жаңа саябақтың ашылуы да ерекше қуанышты жайт болды. Орталық саябақтың жалпы жер көлемі 2,2 гектарды құрайды.  Саябақ толығымен қоршалып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қоса балаларға арнал­ған ойын алаңшаларымен жабдықталған. Саябақ лентасын облыс әкімі Ж.Түймебаев қиып, оның ішін аралады.

 

Аудандық ауруханаға  су жаңа 2 жедел жәрдем көлігі әперілген екен, облыс әкімі олардың кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Ол кісінің: «Қыңқыл-сыңқыл, ауру болмасын, әйтсе де тау-тасқа шығатын көлік қажет», – дегені дәрігерлер қауымын бір сер­пілтіп тастады.

 

Ғылыми конференция болып өтті

 

Іс-шара барысында М.Дулати атындағы аудандық мәдениет үйінде «Тамыры терең, тарихы кемел – Түркібасы» атты ғылыми-практикалық конференция болып өтті. Бас қосуда алғашқы сөз кезегін алған облыс әкімі Ж.Түймебаев аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құт­тықтады.

 

«Президентіміз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында Қазақстанның қасиетті орындары, киелі жерлері туралы ерекше жазған. Түркістан облысында қасиетті де киелі орындар көп. Биыл біздің өңірде бірнеше аудан өздерінің 90 жылдығын атап өтеді. Осы аудан, аймақтардың бәрі де киелі, қасиетті. Солардың бірі әрі бірегейі – Түлкібас ауданы. Түлкібас аймағы – Қаратау мен Алатаудың түйіскен төрі. Тарихы терең, табиғаты таңғажайып Түлкібас ауданының құрылғанына 90 жыл толып отыр. Елбасымыз айтқандай, тойды да тойлау керек, ойды да ойлау керек. Әрбір той жаңа жұмыстардың, толағай тірліктердің бастауы болуы тиіс. Түркібасы әулие қасиетті орнының жақсаруы, жаңаруы құт-береке әкелсін!» – деді Жансейіт Қансейітұлы.

 

Конференцияда облыс басшысы ауданның бір топ азаматтарын Алғыс хатпен марапаттады. Қоғам қайраткері Зауытбек Тұрысбеков, ғалымдар Мекемтас Мырзахметов, Диқан Қамзабек және Дария Қожамжарова баяндамалар жасады.  Конференцияны жазушы М.Байғұт жүргізіп отырды.

 

Мерекелік жиын Т.Рысқұлов ауылындағы «Тұңғыш Президент» саябағында жалғасын тапты. Саябақта спорттық ойындар ұйымдастырылып, қылқалам және қолөнер шеберлерінің көрмесі қойылды.  Айтыс, алтыбақан мен түрлі жарыстар  халықтың көңілін бір көтеріп тастады. Іс-шара республикаға, облысқа танымал әншілердің гала-концертімен жалғасып, отшашумен аяқталды.

 

Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ