Қайырымдылығы үшін Құдай қолдаған адам

28.08.2018
Қаралды: 122

1994-жыл. Ауылда жұмыс жоқ. Жарық өшкен. Нан пісіретін ұн таппаған адамдар кебекті илеп жей бастаған кез.

 

Бұл ауыл аудан орталығынан 40-50 шақырымдай қашықтықта орналасқан. Қыста қар басқан жолды ашатын техника жоқ. Сондықтан ауыл адамдары қар қалыңдамай тұрып, қыстың басында аудан орталығынан азық-түліктерін тасып алып, көктемге дейін жан бағады. Ауқаттылары атына шана жегіп, керегін ауданнан алдыртып жататын.

 

Сол жылдың күзінде араға аз уақыт салып бірінен соң бірі ерлі-зайыпты адамдар қайтыс болып, артында улап-шулап 5 қыз жетім қалды. Туыстары ақылдаса келіп, қыздарды жетімдер үйіне өткізбек болып, ауданнан автобус шақыртады.

 

Сол кезде отыз жылдан астам совхоздың қойын бағып, адал еңбегімен үлесін қосқан сол ауылдың тұрғыны Тілектес: «Жетім қыздарды мен өз қамқорлығыма аламын», – деп елдің ішін дүр сілкіндірді. Мұндайды күтпеген ауыл басшысы: «Бұл шешімің – сауапты іс. Бірақ өзіңнің 4 қыз бен 1 ұлың бар, оның үстіне мынау 5 қызды алсаң қалай асырамақсың? Жұрт өзінің бір-екі баласына азық пен киімді қайдан аларын білмей жүргенде он баланың салмағы ауыр тимей ме?» – деп тоқтатпақ болды. Белді бекем буған Тілектестің алған бетінен қайтпайтынына көзі жеткен ауыл басшысы жалғыз өзі шешім қабылдауға шамасы жетпеген соң аудан әкіміне хабарласады. Көп күттірмей аудан әкімі де ауылға келеді. Ол да ары-бері айтып көндіре алмаған соң: «Олай болса, сіз бір қызды алыңыз. Біреуін ауыл басшысы, біреуін мектеп басшысы, тағы біреуін аудандық білім бөлімінің басшысы алсын», – деп шұбырта жөнеледі.

 

Соңына дейін сабырлық сақтап, тыңдап болған Тілектес: «Бір қой егіз тапса, шөптің басы айыр шығады». Ауыз жаратқан Құдай оны нәпақасыз қалдырмайды. Асыраушы – Алла. Ал мен себепкер ғанамын. Жетімдіктің не екендігін мен жақсы білемін. Әкемнен 3 жаста, анамнан 12 жасымда айырылып қалдым. Сондықтан бұл балалардың барлығын мен аламын. Бөліп беретіндей сендерге бұлар мал емес», – деп сөзін түйді.

 

Келіспеске амалы қалмаған атқамінерлер өз жөндеріне кетті. Ал ауылдың сөз аңдып, өсек теріп, қыңыр сөйлеп қалғандары: «Байқа, Тілектес, ертең тамақ таппай, он баламен шұбырып, ел кезіп кетіп жүрме», – деп қағытып жатты.

 

Бес қыз жаңа қонысқа жайғас­қан соң бір ай өтер-өтпес уақыт шамасында бейтаныс бір жігіт ауылға келіп, диірмен сала бастады. Теміржол мен тас жолдардың бойына жайғасқан ауылдарға қарамай, жолсыз жатқан ауылға диірмен салуы талайды таңғалдырды. Десек те бидайын үктіріп алуға келіп-кететін көліктермен баратын жеріне жетіп алатын мүмкіндікке қол жеткізген ауыл тұрғындары үшін бұл диірмен құтты болды. Диірмен иесі ауылдағы Тілектестің шаңырағында жақында болған оқиғаны ести салысымен сол үйге барды. Естігенін көзбен көрген соң разы болып: «Сіздің бұл жасағаныңыз үлкен ерлік екен! Ұн жағын уа­йымдамаңыз. Ай сайын 5 қап ұн және наубайханадан күнде қалағанша нан алып тұрыңыздар. Қарсы болмасаңыз, мен сізді жұмысқа қабылдап, жалақы да төлеп тұра­йын», – деп аяқ астынан жарыл­қап тастады.

 

Бір қызығы, әу баста күле қарап, мазақ еткендер керісінше, қолдарына ыдыстарын ұстап, осы үйге ұн сұрап келетін болды.

 

Осыдан соң 6-7 жылдай ауылда тұрған Тілектес балаларын оқыту үшін қалаға көшуге мәжбүр болды. Жетімдерді қанатының астына алғанына бір ай өтер-өтпес уақытта диірмен ашылып, бұлар ауылдан көшкен соң сонша уақыттан соң диірмен жабылды.

 

Түсінген адам үшін бұл оқиғада зор хикмет бар. Алла-тағала жетім қыздарды ризықтандыру үшін бір құлына диірмен салдырып, оның ісіне береке беріп қойды.

 

Ал осы оқиғадағы Тілектес атты кейіпкер – менің марқұм әкем еді.

 

Арман БЕРДАЛИН.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ