Дертке дауа дарытып, жолды ашып береді екен

27.08.2018
Қаралды: 852

Емшілік, сәуегейлік, көріпкелдік, бақсылық секілді туабітті қасиет иелері қай дәуірде де болған. Қазір де бар. Біз осы орайда бүгінгі мақаламызға шымкенттік емші Аманкүл Өсербаеваны арқау еткелі отырмыз. Ол кісі тамыр ұстап, диагноз қояды, құран сүрелерімен емдейді. Оған қоса өмірде тауы шағылып, ісі өнбей немесе қызметте жолы болмай жүргендердің түйіндерін тарқатуға көмектеседі екен.

 

Аманкүл Әкбарқызы, сізге келушілер жоғалғанын тауып, дертіне шипа тигенін және жолының ашылғанын айтып жатады. Жалпы, бұл қасиеттерді бойыңыздан қашан және қалай байқадыңыз?

 

– Бұл бір ауыз сөзбен айтып түсіндіре салатын әңгіме емес. Өйткені менің емшілікке келуім жылдар бойы сырқатпен арпалысуды өзім бастан өткергеннен кейін ғана болып отыр. Себепсізден-себепсіз жүре алмай қалдым, ұлым мен қызымды қара жердің қойнына тапсырдым, дерт үстіне дерт жабысып, ауыр күндерді бастан кештім. Мұның барлығы тылсымға толы бір әлем еді. Отыз жасымда түрлі түстер көре бастадым. Бірі үрейлендіріп, шошытса, қалған түстер мағынасыз көріністерден тұрады.

 

Әсіресе терең құзға құлап, жармасатын нәрсе іздеп жанталасып, енді өлдім дегенде долана ағашы пайда бола кететін түс әлі күнге дейін көз алдымда. Доланаға қолым жетісімен, аспанды торлаған қара бұлт ашыла бастағанда ақсақал кісі көрініп, маған арабша жазуларды үйрете бастайды. Тіпті кейде әлгі ағашқа жете алмай бара жатсам жеті бура, айдаһар, арыстан мен жолбарыс кезектесіп келіп, құтқарып жататын. Үлкен қара бура талай мәрте жанымды алып қалды.

 

Осылай Қарабура және Жылаған аталарымнан бата алып, қазақшылықты ұстандым. Нағашы жағымның қабілеті берілді ме деп те ойлаймын. Сосын ақсақал төбемде тұрған күйі әулиелерді арала, өзіңді тап, қасиетіңді арттыр деп ескертеді. «Пәлен жердегі пәлен кесенеге бар, түнеп қайт» деп қай жерге баруым керектігіне дейін айтады. Бармай қалсам, тыныштық жоқ. Осы күнге дейін Қазақстандағы көптеген әулиелі жерлерде болдым. Тек Созақ ауданындағы «Баба түкті Шашты Әзіз» кесенесіне жолым түспей жүр. Сол жерге жетіп, зиярат етсем, көңілім тіптен жайланар еді.

 

Көпшілік сізді көріпкел деп жатады...

 

– Көріпкелмін деуге болмас. Жоқ іздеп келген кісінің тамырын ұстаймын. Сосын көзімді жұмып, құран оқи бастаймын. Сол кезде көз алдымда көріністер пайда болады. Жоғалған мал не зат, немесе басқа да қажеттіліктер сурет болып келе бастайды. Жоғалған дүниенің қай жерде тұрғаны, әлде кісі қолында ма, бәрі-бәрі көрініс күйінде теледидардағы жарнама секілді өте береді. Не көріп, не білсем де қарсы алдымдағы жанға тура солай айтып беремін. Олар жобалап іздеп, тауып алған соң алғыстарын жаудырып жатады. Осындай оқиғалардан кейін көпшілік мені көріпкел деп атап кетті ғой. Бәрі Алланың бұйрығымен, аталарымның желеп-жебеуімен ғана болады. Мен тек ықпал етушімін. Бар болғаны осы.

 

– Жаңа тамыр ұстаймын дедіңіз. Науқастың дертін де осылай анықтайсыз ғой. Сонда кез келген ауруды емдей аласыз ба?

 

Иә, тамыр ұстап, алдымдағы адам туралы біраз мағлұмат аламын. Диагнозды да тамырдан анықтаймын. Уайымы, денсаулығы маза бермей жүрсе, тыныштандыратын, жақсы сөздер арқылы жеткіземін. Қазіргі уақытта адамдар өте агрессивті. Заман озған сайын проблемалар да артып, оны шешудің жолы көпшілігімізге қиын соғуда. Бәрі бірден бола қалса екен дегенді желеу етеміз. Бірақ оңай келген дүние мен оңай шешілген мәселе шикі болады. Оған бола бас ауыртып, жүйкеге салмақ түсірмеу керек. Адамдар бір-біріне жылы сөз айтып, шынымен жанашыр бола білсе, қандай да бір кемшіліктерге қарамай жақсы көруді үйренсе өмір сүру әлдеқайда жеңілірек тиер еді. Осы жақсы көру, жылы сөйлеуге зәру жандар маған жиі келеді. Емдеуді бастар кезде ол кісіні адам ретінде жақсы көретінімді, барлығы жақсы болатынына сендіремін. Бастысы, адам жанын емдей алатын Құран сүрелерін оқып, дем саламын.

 

Кейде шипасы медицинадан табылатын науқас­тарға уақыт созбай ауруханаға баруы керектігін жеткізсем, ашуланып, қатты сөздер айтып кетеді. Мәселен, бірер жыл бұрын әбден азып, сүйегіне терісі жабысқан жігіт келді. Жанында демеп жүрген әпкесі бар. Тәсілім бойынша тамырын ұстағаным сол, көзіме өкпесін құрт басқан көрініс келді. Кәдімгі құрт өкпесінде шыпырлап жүр. Жалма-жан орнымнан тұрып, телефонға жармастым. Дереу жедел жәрдем шақырып, оларға қатты сырқаттанған науқас үйімде отырғанын, жедел емдету қажеттігін жеткіздім. Телефонды қойғанымда әпкесі айғайлап, інісі де қатты сөздерімен тіл тигізген. Үндемей соңына дейін тыңдап: «Өлім құшқың келмесе, тез арада ауруханаға жет!» – деп сыртқа шығып кеттім.

 

Одан бері де талай уақыт өтті. Бір күні көшеден аяқжолға өте бергенімде жанымнан қатты жылдамдықпен көлік өтті. Ұзамай барып тоқтады. Көліктен толықша келген, ашаң жігіт түсіп: «Апа, қалайсыз? Өзіңізді бірден таныдым. Денсаулығыңыз жақсы ма?» – деп сампылдай сөйлеп жаныма келді. Шырамытқаныммен тани қоймадым. Сөйтсем, бұл сол өкпесін құрт жайлаған жігіт екен. Үйге дейін апарып саламын деп көлікке отыр­ғызды. Шопыр жігітке: «Мені аурудан құтқарған рентген апайым, дертімді бірден тауып, ауруханға жөнелткен де осы кісі болатын», – деп таныстырып жатыр.

 

«Өлгің келмесе...» дегеніңіз жетер жеріме жетті. Туберкулезден емдейтін ауруханаға жатқан соң ондағы науқастарды көріп қатты қынжылдым. Көпшілігі өмірден үмітін үзген бе, әлде қоғамнан шетте­тілгендеріне нала ма, арақ ішіп, шылым шегіп, емделуден бас тартыпты. Бас дәрігерден бір орындық палата сұрап, сонда орналастым. Денсаулығымды ойлап, ем-шарадан бөлек, жаттығулар жасап, соның нәтижесінде қатарға қосылдым. Сізге үлкен рахмет!» – деді көздері жасқа толып.

 

Тағы бір емделушім бір жарым айдан бері ұйықтай алмай жүргеніне шағымданып келді. Дәрігерлер жазып берген дәрілер мен сироптардың барлығын ішсе де көмектеспеген көрінеді. Амалы құрып, бар үмітін маған артып келген беті екен. Жүзіне барлай қарасам, қарашығына ұзын ақ сызық түсіпті. Реңі де сондай аянышты. Дем салып болған соң көзінің айналасына үш күн массаж жасадым. Сенсеңіз сол, үшінші күні тұяқ серіппей екі күн ұйықтапты. Содан бері ұйқысыздық мазалаған емес ол кісіні.

 

Сал ауруына шалдыққан науқасты да осы массаж жасау арқылы аяққа тұрғызғаным бар. Науқас ер адам өзінің сауығып кететініне сенбеген болатын. Әйелі қоярда-қоймай әкеліп, ұзақ емдеу курсынан өтті. Менің де күш-жігерім сарп етілді. Десе де сенім, үміт, ерік-жігердің арқасында бұл азамат қоларбада келіп, үйімнен өз аяғымен шықты. Аллаға шүкір!

 

Күніне неше адам қабылдайсыз? Көпқабатты үйде тұрады екенсіз. Көршілеріңіз ештеңе демей ме?

 

– Емшілік жолымда күніне 50-100 адам қараймын дейтін емшілерді көп естідім. Өз басым бір тәулікте 5-6 адам қарағанның өзінде қалжырап, шаршап қаламын. Мен әр науқасқа кемі жарты, ұзағы үш сағат уақыт арнаймын. Ал елу кісі қабылдайтындар уақытты, күшті қайдан табатынына қайранмын.

 

Көршілерімнің біразы орыстар. Ал орыстар ойын­дағысын айтпай тұрмайды. Маған келіп жатқан бес-алты адамды жақтырмай қарап, үнемі ескерту беріп жүреді. Солар тыныш болсын деп кейде көп науқастардың үйіне өзім барамын.

 

Жол ашатын қабілетіңіз туралы айтыңызшы.

 

21 жыл ішінде үлкен қызмет жасайтын кісілермен жұмыс істедім. Отбасылық мәселеде, саудада қиындыққа ұшырағандар да жиі көмек сұрап келеді. Жол ашатын дұғалармен дем салып, Алладан жәрдем сұраймын. Аталарымның берген аяны арқылы осы қиындықтардан шығар жолды көрсетемін. Осылай біраз басшылар бұдан да ірі қызметке орналасып, талай жанұя берекесін арттырды, сауда саласындағы келушілерім де жетістікке жетті.

 

– Әңгімеңізге рахмет, көпшілікке шапағатыңыз молынан тие берсін дейміз.

 

Сұхбаттасқан – Д. МЕДЕУОВА.

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ