Тозығы жеткен нысандар жөнделеді

26.08.2018
Қаралды: 131

«Замананың» өткен 3-қыркүйек күні шыққан №35 нөмірінде «Көктеректе көзге ұрған кемшілік көп» деген тақырыпта сын мақала жарық көргені белгілі. Онда Бәйдібек ауданындағы Көктерек ауылдық округінде орын алып отырған келең­сіздіктер туралы айтылған болатын. Кешегі аптада редакциямызға атал­ған ауыл округінің әкімінен жауап хат келді. Онда мынадай жайлар туралы айтылады:

 

«Кеңестөбе ауылынан өтетін облыстық маңызы бар «Қошқарата – Жарықбас – Бірлік» тас жолының бойына аялдамалар 1970-жылдары салынған. Тозығы жеткендіктен және үнемі тұратын дауылды желдің әсерінен жылына қанша мәрте ақтап, сырлағанымен қазіргі жағдайы сын көтермейді. Күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді. Бұл жөнінде тиісті басқармаға бірнеше рет хат ұсынылды.

 

Ал мақаладағы сөз болатын жартылай бұзылған, апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесі екі тараптың дауласуымен ісі сотқа өткендіктен әлі толық шешімін тапқан жоқ. Қазіргі таңда Кеңестөбе ауылындағы апатты жағдайдағы ескі клуб пен жазғы клуб жайын бұзуға, сондай-ақ бұрынғы су жүйесінің орны мен «кормоцех» орнын тазалатуға және 2018-жылғы 13-14-ақпан күні жауған нөсер жаңбыр салдарынан су шайып бұзылған көпірді жөндеуге «АСК-Көксарай» ЖШС-мен жөндеу-сметалық құжаттамасы жасалынып, іске асыру мақсатында аудандық мәслихатқа ұсынылды.

 

Н. БЕКЖІГІТОВ,

Көктерек ауылдық округінің әкімі».

 

...Қысқасы, ауыл басшылығы аталған мақалада айтылған кемшіліктер жойылып, мәселе оңды шешімін табатынына сендіріп отыр. Лайым солай болғай дейміз.

 

 

Мақаланы көшіргенде Zamana.kz сайтына сілтеме көрсету міндетті!

 

 

Пікір қалдыру

1000 символ